АймақБалқаш

Егде жанға ерекше мүмкіндік

Зейнеткерлікке жасы жақындап қалған жұмыссыз азаматтарды қолдау мақсатында 2022 жылдан бастап, «Күміс жас» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жасы 50-ден асқан азаматтарды еңбекке араластырып, тұрақты жұмыспен қамтуға негізделген бағдарлама аз уақыт ішінде көптің көңілінен шықты. Бір ғана Балқаш қаласында биыл «Күміс жас» жобасы бойынша 47 адам жұмысқа орналастырылды.

Суретті түсірген автор

Бағдарлама арқылы екі қолға бір күрек тапқан жанның бірі – Ульяна Гулина. Ол ақпанда «Мансап» орталығына келіп, өтінім қалдырып, наурызда жұмыспен қамтылған. 2 жарым айдан бері жеке шаруа қожалығында жұмыс істейді. Әзірге мұндағы жұмысы жылыжайға көшеттерді тасымалдап, күнделікті өсіп келе жатқан көкөністерді күтіп-баптау.

– Алғашында бар жұмысты қанағат тұттым. Кейінгі жылдары, тіпті, жұмыссыз қалдым. Хабарландыру арқылы «Мансап» орталығына келіп, жасы зейнеткерлікке жақындаған азаматша жұмыссыз ретінде тіркеуге тұрып, осы еңбекке араластым. Жұмыс кестесі қолайлы. Күн ыстық болғандықтан, таңғы 7-ден түскі 4-ке дейін жұмыс істейміз. Арасында түскі үзіліс бар. Таңертең келіп қиярларды жинаймыз. Арамшөптерді жұламыз. Қызанақтар пісуге жақын, оларды да жинап аламыз. Қораптарға саламыз. Жұмысым да, жалақым да көңілімнен шығады. Кешіктірмей уақытылы беріп отырады, – дейді «Күміс жас» жобасының қатысушы Ульяна Гулина.

Мансап орталығының маманы Гүлсім Калпебаеваның айтуынша, биыл дәл осы санатқа жататын 97 тұрғынды еңбекпен қамту көзделген. Жыл басынан қабылданған 47 адамның арасында мүмкіндігі шектеулі 9 жан «Күміс жас» жобасымен жұмысқа орналасқан.

– 2021-2025 жылдар аралығында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұлттық жоба аясында 50 жастан жоғары және зейнет жасындағыларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар. Аталмыш жобаға қатысу мерзімі 36 айдан аспайды. Жоба 3 жылға субсидияланады. Бірінші жылы 12 айға 70 пайызы, екінші жылға 65 пайызы, үшінші жылы 60 пайыз субсидия жүреді. Субсидия мөлшері 30 АЕК-тен аспайды. Барлық жұмыс іздеуші азаматтарды аталған жобаға қатысуға шақырамыз, – деді Гүлсім Калпебаева.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button