«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»Бас тақырып

«Еңбектің наны тәтті»

Кез келген елдің саясатының басты міндеті – халқының әл-ауқатын көтеру, табысын арттыру. Өйткені, елдің еңсесін тіктемей, өзге жұртпен иық теңестіру мүмкін емес. Елімізде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары аясында кәсіп істеймін деген талпынысы бар жандарға үкімет тарапынан көмек ретінде қайтарымсыз грант берілуде. Тек, істі дөңгелетіп, отбасын асырап, салығын төлесе болғаны. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған Бұқар жырау ауданы Новоузенка ауылының тұрғыны Гүлина ҚҰРМАНҒАЛИ да грантқа қол жеткізіп, кәсібінің нәсібін көріп отыр.

Қолға тиген қаржыға жұбайымен ақылдасып, кәсібіне қажетті құрал-жабдықты сатып алған. «Поддон дайындау бойынша цех құру» жобасын қолға алып, жұмысқа кірісіп кеткен. Қазір тапсырыс қабылдап, қызу жұмыс істеуде. Айына 1400 поддон дайындап, сатуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде «Rongshun Astana Building Moterialsco.LTD» ЖШС-нен айына 500 дана поддон алып отыруға тапсырысты алып та үлгерген.

Грант туралы интернеттен көрдім. Өзім үйде отырған көпбалалы анамын. Былтыр «Бастау бизнестен» сертификат алғанмын. Наурыз айында жұмыспен қамту орталығына барып, грант туралы мәліметтерді алдым. Грант басталғанда мамандар хабарласты. Бұған дейін аспаздық мамандығын оқыған едім. Бірақ, ол бойынша жұмыс істей алмадым, бала күтімімен үйде отырдым. Грант алу қиын болған жоқ. Өз бизнес жобамды жасап, комиссия алдында қорғап шықтым. Барлық құжатымды тапсырып, шамамен 2 айдан соң, 1 225 000 теңге грант алдым. Жолдасым екеуміз отбасылық кәсіп аштық. Жолдасым 10 жыл бойы қоғамдық көлікте жұмыс істеген. Бұл кәсіпті қысы-жазы жүретін іс болғандықтан таңдадық. Сұраныс та жақсы біздің өнімге. Қазір поддон жасайтын цехтар онша көп емес. Былай қарасаң, түсініксіздеу шаруа сияқты. Алайда, біз құлшына кірісіп, үйреніп кеттік. Жұмыс жүріп жатыр. Поддондарды үлкен жүк көліктеріне жүк тиегенде соның астына төсеуге алады. Бұдан бөлек, құрылыс жұмыстарына да керек. Сонымен қатар, үлкен қоймаларда тауарларды түртүрімен қалап, жеке жинап қою үшін және басқа да көптеген жағдайларға аса қажетті дүние. Басында қытайлық компаниямен бірігіп жұмыс істеп едік. Қазір отандық компаниялармен бірігіп, халыққа пайдамызды тигізіп, пайда тауып, отбасымызды асырап отырмыз. Бүгінде ай сайын 1000 дана, кем дегенде 800 дана поддон жасап шығарып жатырмыз. Күйеуімнің қасында көмекшісі бар, оған еңбегіне лайық ақысын төлейміз. Ал, поддонға қажетті материалдарды тапсырыспен Көкшетау қаласынан алдырамыз. Поддонның жаңасы – 4 мың теңге, ескісі – 2 мың теңге. Өйткені, ескі поддондарды да қабылдап, өңдеп сатамыз. Тұтынушының талабына орай әрлеп те береміз. Кейде ұлттық ою-өрнекпен әрлеп беруді сұрайды. Оны да орындап, еңбегіне лайық түрде ақысын аламыз. Осыны біздің ай сайынғы жасап шығаратын өнімге көбейтіп, айлық табысымызды жобалап білуге болады. Бірақ, табыстан ай сайын төлейтін салықты және материалға жұмсалатын шығынды, қойма жалдау ақысын да шегеруді ұмытпаған жөн, – дейді кәсіп иесі Гүлина Құрманғали.

Шындығында, өте қызықты әрі табысты кәсіп екен деп ойладық біз Гүлинамен тілдескен соң. Бірақ, әр істің өзіне сай қиындығы мен шығыны бар екенін де ұмытпаған дұрыс. Ал, Гүлина шығынға қарап отырған жоқ, мүмкіндігінше кәсіпті кеңейтіп, табысты молайтуды көздеп отыр. Бұл кәсіптің бір ерекшелігі қысы-жазы жүреді және шығыны басқа салаларға қарағанда аздау. Мәселен, көкөніс, жеміс-жидек сатсаңыз шіріп кететіні мен жарылып қалатыны бар. Мұнда ынтаталап жоғары болса, мол табыс тауып, бірнеше адамды жұмыспен қамтуға болады. Біз осыны түсіндік.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button