Ұлытау

Еңбегімен еңселі

    Ұлытау ауданында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі лайықты деңгейде аталып өтті. Аудандық мәдениет үйіндегі кенттер мен селолық округтер әкімдері, мекеме-кәсіпорындар басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және жалпы бұқара қауым қатысқан кең көлемді жиында маңызды сала еңбеккерлерін аудан әкімі Әнуар ОМАР құттықтады.     

Ел ырзығын еселеген сала майталмандарының тынымсыз әрекеттері мен нақты еңбек нәтижелеріне оң баға берген аудан басшысы олардың алдағы уақытта атқарылар жұмыстарына толайым табыс тіледі. Ол сонымен қатар, біршама өзекті мәселелердің түйінін тарқату жайына да ерекше екпін берді. Соның аясында,  аудандағы 12 млн. гектар жерді ел игілігіне жарату, табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану, жердің құнарлылығын арттыру мақсатында агротехникалық тәсілдерді ұтымды қолдану, малды асылдандыру және басқа да маңызды жайттар тілге тиек етілді. Өз сөзінде аудан әкімі мал өнімдерін өндірумен қатар, оны өңдеп-ұқсату және ауыл шаруашылығы кооперативтерінің әлеуетін арттыру  мәселесі де күн тәртібінде өте өткір тұрғанына назар аударды.

Мүдделі тараптардың басқосуында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы  Сағади Обайдуллиннің аталған саланың бүгінгі хал-ахуалы хақындағы сараптамалық мазмұндағы хабарламасы тыңдалды.

Жиында сондай-ақ, Ұлытау селолық округіне қарасты «Сатыбалдин» жеке шаруа қожалығының иегері Әбжаппар Сатыбалдин, «Ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің аудандағы өкілі Шаяхмет Үмбетов пен ауыл шаруашылығы саласының ардагері Сәрсен Бектемісов құттықтау лебіздерін білдіріп, әріптестерінің еңбектеріне жетістік тіледі.

Салтанатты рәсім барысында еселі еңбегімен ерекшеленген бір шоғыр азаматқа лайықты марапаттар тапсырылды. Мерейі өскен еңбеккерлер, тиісінше, аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын, аудан әкімінің Алғыс хатын алды. Еңбегі еленгендердің қатарында  Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы кәсіподағы қоғамдық бірлестігі атқару комитетінің қаулысымен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІ-дәрежелі және ІІІ-дәрежелі  «Еңбек даңқы» төсбелгілерін еншілеген жандар да болды.

Жиында ұйымдық мәселе де қарастырылып, аудандық ауыл шаруашылығы қауымдастығының төрағалығына «Жарасбаев» шаруа қожалығының иегері Ерлан Жарасбаев  бірауыздан сайланды.

Кәсіби мерекеге арналған салтанат аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button