Спорт

Достықты ту еткен доп додасы

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде жыл сайын футзалдан факультеттер арасында турнир өтеді. Оған басқа да жоғарғы оқу орындарының құрамалары қатысады. Қатысушылар доп додасын асыға күтеді. Дәстүр биыл да үзілген жоқ. Ұстаздардан жасақталған командалар жүлделі орындар үшін барын салды. Осы жолғы турнир Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Досмағанбетовті еске алуға арналды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Кубокке 15 команда үміткер болған. Ойынға төрелік ету үшін кәсіби төрешілер келді. Алаңда доп теуіп шыныққан ұстаздар қауымы бірнеше жыл ішінде кәсіби футболшының деңгейіне жетіп алған десе де болады. Жоғарғы лигаларда ойнап жүрген турнир легионерлерінен еш қалысқан жоқ. Сауатты қорғаныс, өткір шабуыл. Дәл пас пен жойқын соққы. Ойын комбинациясы үтір, нүктесіне дейін ойластырылған.

25 қыркүйектен 3 қазанға дейін жалғасқан доп додасында I орынды дене шынықтыру факультеті иеленді. Олар ақтық сында математиктерді 6:0 есебімен жеңді. Команда сапындағы сұрмергендер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді. Үшінші орын «Отау.тв» командасына бұйырды. Бұл ұжым университет ұстаздарының арнайы шақыртуымен қатысқан. Олар жартылай финалда кубок иелеріне есе жіберген.

Марапаттау рәсімінде университет ректоры Нұрлан Дулатбеков жеңімпаздар мен қатысушыларды құттықтап, турнирдің маңыздылығына тоқталды.

– Бұл турнирдің басты мақсаты – университет оқытушылары мен студенттері арасында саламатты өмір салтын насихаттау. «Тәні саудың – жаны сау». Биылғы доданы университетке тиесілі спорт кешенін салдырған мемлекет қайраткері Сұлтан Досмағанбетовке арнап, әруаққа құрмет көрсетіп отырмыз. Бұл жерге кілең мықты футболшылар жиналды деп есептеймін. Жалпы оқытушылардың шеберлік деңгейіне қарап, осылай деуге болады. Жанкүйерлерге де қарап, көңілге қуаныш ұялайды! Бұл да бір университет ішіндегі ауызбірлік пен ынтымақты білдіреді. Осы турнирге демеушілік жасаған Нұрлан Сұлтанұлы Досмағанбетовке ерекше алғысымды білдіремін! – деді Нұрлан Дулатбеков.

Жүлделі орын алған командаларға кубоктар мен медальдар және қаржылай сыйлық берілді. Сонымен қатар, «Үздік ойыншыға», «Үздік қақпашыға», ең көп гол соққан «Сұрмергенге» жекелей қаржылай сыйлықтар табысталды.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button