Жаңалықтар

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу – басты міндет

Әлемдегі геосаяси өзгерістер діни экстремизм мен терроризм құбылыстарының өрістеуіне алып келді. Санасы уланған жат ағымның өкілдері бейбіт тұрғындардың тыныштығын ұрлап, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Сондықтан, мемлекеттік деңгейде терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бағдарламасы қабылданған болатын. Оны жүзеге асыру бағытында Қарағанды қаласында да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Толығырақ тоқталып өтсек…

Қыркүйек айында Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданы және «Елочка» саяжай қаумдастығы аумағында терроризмнің алдын алу және оның салдарын жою бойынша оқу-жаттығулары өткізіледі. Сарбаздардың дайындығы пысықталып, қатер төнген жағдайда бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жат пиғылды топтың жолын кесу жолдары нақтыланды. Оқу-жаттығу шаралары шынайы ұрысқа жақын жағдайда өткізілді. Бұл сырт көзге шынымен де қауіп төніп қалғандай әсер беруі мүмкін еді. Сондықтан, әкімдік тарапынан алдын ала ескерту шаралары қабылданып, қарапайым тұрғындар мен қала қонақтарына сабырлық сақтап, үрейге бой алдырмау керектігі айтылды.

Әрине, әскердің дайындығы қашан да маңызды. Десек те, тығырықтан шығар жолды күш қолданудан емес, түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарынан іздеген жөн. Қарағанды қаласында бұл бағыт бойынша да ауқымды шаралар атқарылуда.

Экстремисттік ұйымдар негізінен жастарды алдап-арбап, қатарына қосып алуға тырысады. Өйткені, жастар – аңғал, әрі, олар кез келген мемлекеттік қозғаушы күші. Діни сауаты төмен азаматтар жат пиғылды жандардың құрығына бірден түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан, Қарағанды қаласы жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қаладағы жоғары оқу орындарының, колледждердің студенттерімен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Ортақы істен мәдениет саласының қызметкерлері мен полицейлер де тыс қалмады. Әлемге таралған індетті жеңудің басты шарты – тұрғындардың рухани жан-дүниесін байыту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғой. Сондықтан, Қарағанды Жастар ресурстық орталығының инспекторы Қарағанды қалалық полиция бөлімінің «Қарағанды – Сұрыптау» станциясының жеке құрамы үшін діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері бойынша кездесу өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты азаматтардың діни сенімін құрметтей отырып, теріс пиғылды жандарға қарсы иммунитет қалыптастыру және полицейлерге діни сенімі күмәнді адамдармен жұмыс істеудің жолын көрсету.

Дәл осындай жиын «Қазақстан аумағына экстремистік идеологияның енуі» тақырыбында Кеншілер мәдениет сарайының қызметкерлерімен де өтті.

Кездесу барысында «Деструктивті діни ағымдардың қызметі туралы», «Интернет арқылы психологиялық әсерге аса бейім адамдар түрі» туралы тақырыптар талқыланды. Ақпаратты сіңіру және оны қабылдауды жеңілдету мақсатында жиналғандарға «Алтыншы бекет» фильмінен үзінділер көрсетіліп, экстремисттік көзқарастағы адамдардың қандай залал әкелуі мүмкін екендігі ортаға салынды.

Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығының инспекторлары дәстүрлі діндер арасындағы келісім мен татулықты насихаттау бағытында семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, жастардың осы мәселеге қатысты сауатын ашу жолында белсенді жұмыс істеуде. Жиынға келе алмаған, бірақ, өзін мазалаған сұрақтың жауабын білгісі келген адамдар үшін республикалық және жергілікті деңгейдегі қауырт желілер іске қосылған.

Нұрлыхан Қалқаманұлы

Басқа материалдар

Back to top button