Жаңалықтар

Діңгегіміз – дәстүрлі дін

Ата заңның аясында дін мемлекеттен бөлінді, бірақ, қоғамнан ажыратылған жоқ. Елімізде 18 конфессия – 3621 діни субъект бар. Азаматтарға таңдау еркіндігі беріліп, дәстүрлі діндер арасында татулық салтанат құрды. Әйтсе де, діни фанатизмге бас ұрып, қоғам тыныштығын бұзғысы келетін топтардың әрекеті байқалып жүр. Қайтпек керек?

Сарапшы мамандардың айтуынша, діни экстремистік топтардың басты мақсаты – ақпарат көздерінің назарын аудару арқылы идеяларын көпшілікке тарату.

Журналист өзекті ақпаратты өз уақытында жеткізуге тырысады. Рейтинг қуу жолында ақпараттар сүзгіден өтпей шығып кетеді. Кейде тексерілген, шынайы ақпараттың өзі қоғамға зиянды болып шығады. Ал мұны, теріс пиғылды топтар өз мақсатына ұтымды пайдалануда. Сондықтан да, дін істері басқармасы өңірлік БАҚ өкілдеріне дін саласындағы мемлекеттік саясаттың дұрыс насихатталуын, ақпараттық қауіпсіздік және экстремизмнің алдын алу мәселелерін түсіндіру мақсатында оқыту семинар өткізді.

Семинар барысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ақпараттық жұмыс басқармасының басшысы Гүлмира Бектайқызы және сарапшы-саясаттанушы, ҚР ҰҚК Академиясының терроризмге қарсы дайындық орталығының оқытушысы Руслан Самарханұлы Қазақстандағы діни ахуал туралы баяндап, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау жолдарын көрсетті.

  • Бізде «дін саясатын жүргізу – дінді насихаттау» деген түсінік қалыптасқан. Мұсылмандар исламды, христиандар шіркеуді насихаттауға тырысады. Бұл – дұрыс емес. Журналистер қауымы дінді насихаттамауы керек, оның құндылықтарын көрсете отырып, қоғамды жат элементтерден сақтандыруы тиіс, – деді Қарағанды облысы дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Ал, сарапшы-саясаттанушы Руслан Самарханұлының айтуынша, экстремизммен күрес барысында ақпарат үлкен рөл атқарады. Сондықтан, діни тақырыпты көтерген тұста барынша сақ болу керек. Өйткені, түрлі мәселелерді теріс пайымдау мен таратудың соңы аймақтағы діни ахуалдың нашарлап, әлеуметтік араздықтың туындауына себеп болады.

Тағы бір айта кетерлігі, қауіп ислам атын жамылған топтардан ғана келіп отырған жоқ. Сыртқы күштерге сүйенген секталар да бар. Егер, ислам атын жамылған топтар күш қолданып, жарылыс жасау арқылы өз идеяларын өткізуге тырысса, екінші топтың өкілдері заң шеңберінде жұмыс істейді. Олар түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, көпшілікке материалдық-рухани көмек көрсету арқылы қатарын толықтыруға тырысады. Екі топтың да көздегені біреу – Қазақстанның бай материалдық ресурсына иелік ету. Алдыңғы топ күшпен алғысы келеді, екінші топ көптің көңілін табу арқылы сайлауда жеңіске жетуді көздейді. Ұлттық қауіпсіздік үшін екеуі де қауіпті.

Енді, қайтпек керек? Ақпарат соғысы өршіген тұста халықты сақтандырудың жолы бар ма? Сарапшылардың пайымдауынша, тығырықтан шығар жол – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. Яғни, Кеңес одағы тұсында халықтың тасада қалған дәстүрлі құндылықтарын, танымын қайтару, насихаттау. Сонда ғана қоғамда діни фанатизмге қарсы иммунитет қалыптасады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button