Жаңалықтар

Депутаттар – жарыс жолында

Қарағандыда Астананың 20 жылдығына орай және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыстық, қала мен аудандық мәслихаттардың депутаттары және аппарат қызметшілері арасында волейбол, үстел теннисі, кір тасын көтеру, кермеге тартылу, шахмат пен дойбыдан тұңғыш рет облыстық спартакиада өтті.

Дүбірлі додада 300-ге жуық үміткер бағын сынады. Алғаш ұйымдастырылып отырған шараға құрметті қонақ ретінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қасымбек Медиев, бокстан Әлем кубогының күміс жүлдегері Серік Нұрқазов сынды ел ағалары қатысып, лебізін білдіріп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
– Елбасымыз салауатты өмір салтын ұстану басты міндет екендігін жиі айтып келеді. Дені сау ұлт қана Мәңгілік елге айналары анық. Облысымызда бірінші рет ұйымдастырылып отырған спартакиада мұнымен тоқталмайды. Дәстүрлі түрде өткізуге күш саламыз. Мақсатымыз – ел ішінде бұқаралық спортты дәріптеу. Бүгінгі шарада мәселе жеңгенде емес, талаптанып қатысудың өзі жетістік. Жарыстың ерекшелігі сол: бірлік, достық, бұқаралық спортты дамыту болып табылады. – деді облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов.
Бәсекелестердің білек күшін ширатып, жүрек лүпілін бұлқындырған спартакиада сайыстары қызықты да тартысты болды. Жанкүйерлердің делебесі қозып, ширақ та, епті қимыл танытқандарға шын пейілдерімен қолдау білдірді.
«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген. Yкілеген үміттерін жандарына серік қылып, жарыс жолында жігерін жанығандардың айы оңынан туып, жұлдыздары жанды.
Спартакиаданың нәтижесі бойынша жалпы командалық есепте Қаражал қалалық мәслихаты депутаттары құрамасы жеңімпаз атанды. Ал, ерлер арасында шахматтан Осакаров аудандық мәслихаты – I орынды, Нұра аудандық мәслихаты – II орынды, Қарағанды қалалық мәслихаты III орынды еншіледі. Әйелдер арасында Қаражал қалалық мәслихаты I орынды, Приозерск қалалық мәслихаты – II орынды, Теміртау қалалық мәслихаты III орынды иеленді. Дойбыдан ерлер арасында Қаражал қалалық мәслихаты дара шықты. Содан кейін Жаңаарқа аудандық мәслихаты – II орынға, Қарқаралы аудандық мәслихаты III орынға тұрақтады. Дойбыдан қыздар арасында Ақтоғай аудандық мәслихаты чемпион болды. Сондай-ақ, Бұқар жырау аудандық мәслихаты – II орынды, Қарағанды қалалық мәслихаты III орынды місе тұтты. Кір тасын көтеруден I орынға – Қарқаралы аудандық мәслихаты, II орынға – Теміртау қалалық мәслихаты, III орынға – Бұқар жырау аудандық мәслихаты қол жеткізді. Кермеге тартылудан Қарағанды қалалық мәслихаты – I орынды, Қаражал қалалық мәслихаты – II орынды, Қарағанды облыстық мәслихаты III орынды жүлделеді. Волейболдан ала допты алақанда ойнатқан Қаражал қалалық мәслихаты I орын тұғырына көтерілді. II орынды Саран қалалық мәслихаты еншілесе, III орынды Ақтоғай аудандық мәслихаты иемденді. Сонымен қатар, облыстық мәслихат атынан қатысқан 76 жастағы депутат Ғазым Жарылғапов «Ең жасы үлкен қатысушы» номинациясымен, «Ең жас қатысушы» номинациясымен Бұқар жырау аудандық мәслихатының депутаты Бақтияр Жаңбырбаев, «Үздік ойыншы» номинациясымен Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Инна Калантаева марапатталды.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button