Шахтерлер арасындағы саңырауқұлақ ауруларының алдын алу
Көмір өнеркәсібі Қарағанды облысының экономикасында маңызды орын алады. Шахтерлердің еңбегі жұмысшылардың денсаулығына әсер етуі мүмкін ерекше өндірістік жағдайлармен байланысты. Өзекті мәселелердің бірі – тері мен тырнақтың саңырауқұлақ ауруларының профилактикасы.

Жер астында жұмыс істеу көбінесе жоғары ылғалдылықпен, едәуір физикалық жүктемелермен, қатты терлеумен және арнайы аяқ киімді ұзақ уақыт киюмен қатар жүреді. Мұндай жағдайларда аяқ терісі ұзақ уақыт бойы ылғалды жағдайда болады, бұл саңырауқұлақ инфекциясының дамуына қолайлы жағдай туғызады. Әсіресе теріде жарықтар, қажалулар және басқа да зақымданулар болған кезде жұқтыру қаупі артады.
Саңырауқұлақ ауруларының ең көп таралған түрлерінің бірі – табан микозы. Бұл ауру кезінде табан терісі мен башпайлар арасындағы тері қатпарлары зақымданады. Инфекция тырнақ пластиналарына таралған жағдайда онихомикоз дамиды, ол тырнақ түсінің өзгеруімен, қалыңдауымен және біртіндеп бұзылуымен сипатталады.
Инфекция көзі – саңырауқұлақ инфекциясы бар адам. Қоздырғыштар тікелей жанасу арқылы, сондай-ақ ластанған орындар мен заттар арқылы берілуі мүмкін. Ылғалдылығы жоғары болғандықтан, саңырауқұлақтардың сақталуына қолайлы жағдай туындайтын ортақ душ бөлмелері мен киім ауыстыратын орындарға ерекше назар аудару қажет. Ылғалды еденде жалаңаяқ жүру, бөгде адамдардың сүлгілерін және басқа да жеке гигиена заттарын пайдалану кезінде жұқтыру қаупі артады.
Аурудың алғашқы белгілері қышу, қызару, терінің қабыршақтануы, аяқ башпайларының арасындағы теріде жарықтардың пайда болуы мүмкін. Кейде жүрген кезде ауырсыну және жайсыздық сезімі байқалады. Тырнақ зақымданған жағдайда оның түсі өзгеріп, сынғыштығы артады және қалыңдайды. Саңырауқұлақ инфекциясы біртіндеп дамып, ұзақ уақыт бойы айқын жайсыздық тудырмауы мүмкін екенін ескеру қажет.
Профилактиканың негізі – жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтау. Әрбір жұмыс ауысымынан кейін аяқты мұқият жуып, теріні, әсіресе башпайлардың арасын әбден құрғатып сүрту қажет. Ортақ душ бөлмелерінде жеке резеңке тәпішке киіп, жалаңаяқ жүрмеу, шұлықты күн сайын ауыстыру және жеке заттардың тазалығын қадағалау қажет. Аяқ шамадан тыс терлеген жағдайда табан терісін құрғақ ұстауға ерекше мән беру маңызды.
Арнайы аяқ киімді дұрыс күту де маңызды рөл атқарады. Көмір өнеркәсібі объектілерінде қолданыстағы санитариялық талаптарға сәйкес, арнайы аяқ киім дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, айына кемінде екі рет жуылуы тиіс, ал ылғал аяқ киім әрбір жұмыс ауысымынан кейін кептірілуі қажет. Жұмысшының табанында немесе қолында саңырауқұлақ ауруы анықталған жағдайда оның арнайы киімі немесе аяқ киімі күнделікті дезинфекциялауға жатады.
Саңырауқұлақ ауруларының алдын алуда өндірістік объектілердің санитариялық жай-күйі маңызды рөл атқарады. Душ бөлмелері, киім ауыстыратын орындар және басқа да санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар таза ұсталуы, олардың тұрақты түрде тазалануы және дезинфекциялануы қамтамасыз етілуі қажет. Кәсіпорындарда арнайы киім мен аяқ киімді келесі жұмыс ауысымы басталғанға дейін толық кептіруге қажетті жағдайлар жасалуы тиіс.
Бұл мәселелерге Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 11 ақпандағы № ҚР ДСМ-13 «Өнеркәсіп объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» және 2021 жылғы 3 тамыздағы № ҚР ДСМ-72 «Өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» бұйрықтарымен бекітілген санитариялық қағидаларда ерекше назар аударылған. Белгіленген талаптарды сақтау өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметкерлері арасында аурулардың профилактикасын қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Қышу, терінің қабыршақтануы, башпайлар арасындағы жарықтар немесе тырнақ пластиналарының өзгерістері пайда болған жағдайда дерматолог дәрігерге уақтылы қаралу қажет. Диагноз анықталмай тұрып, саңырауқұлаққа қарсы препараттарды өз бетінше қолдануға болмайды, өйткені ұқсас белгілер басқа да тері аурулары кезінде байқалуы мүмкін. Уақтылы диагностика жүргізу және дұрыс таңдалған емдеу асқынулардың алдын алуға және инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеуге көмектеседі.
Саңырауқұлақ ауруларының профилактикасы жұмысшылар мен жұмыс берушілердің бірлескен назарын талап етеді. Жеке бас гигиенасын сақтау, өндірістік үй-жайларды тиісті санитариялық жағдайда ұстау, арнайы киім мен аяқ киімді дұрыс күту, сондай-ақ өз денсаулығына мұқият қарау жұқтыру қаупін төмендетуге және көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Шахтинск қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары
Г.Т. Жұмағұлова



