Спорт

Дауылпаз атындағы доп додасы

Әңгіме – «Қасым кубогі» төңірегінде. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Әлихан БӨКЕЙХАНОВТЫҢ 150 жылдығы аясында биыл осымен V мәрте Қарағандыда ұйымдастырылды. Былтыр Астанада өткен. Жылдан-жылға аясы кеңіп, ауқымы ұлғайып келеді. Алматы мен Шымкенттен өнерпаздар келіп, Астана құрамасының сапында ойнады. Әйтсе де, дауылпаз ақын атындағы кубок алтын қазығы – Қарағандыда қалды. Хош! Сонымен…

Осыдан үш жыл бұрын жарияланған. Әуелі Қарағандыда. Ақын-жазушылар арасында футболдан «Қасым кубогі». Өнер додасындағылардың алаңдағы алымы мен қарымы. Дәстүрге айналып үлгерді. Басында – республикалық әдеби-қоғамдық «Қасым» журналының редакциясы тұр. Қазір жалпы қоғамнан, Қарағанды облыстық жастар басқармасынан қолдау тауып, іргесі бекіп қалды. Астана қоғамдасты. Мана алтын қазығы – Қарағандыда деуіміз содан. Биылғы ұйымдастырушылар – әнші Марғұлан Уәли мен ақын Қуаныш Медеубаев, жазушы Алмаз Мырзахметовтың еңбегі ерен.

Күнмен таласып кеншілер қаласына астаналық ойыншылар құлаған. Оларды ақын Дәурен Берікқажы мен Серікзат Дүйсенғазы бастап келіпті. Бұл жақтан қарсылаған қарағандылықтарды ақын Қайрат Асқар мен Айтбай Жұмағұлов, жастар басқармасының басшысы Мирас Құттыбай бастап шығыпты. Ілкі шараның ұйытқысы болып жүрген «Қасым» журналының редакторы, ақын-жазушы Серік Сағынтай бар – бәрі Қасым рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Футболдан «Қасым кубогіне» талас Назарбаев зияткерлік мектебінің алаңында өтті. Қасым аталарын құрмет тұтып, қара өлеңнің киесіне сүйенген ақындар бәйгі атындай қылаң ұрады. Доп додасының ашылуында сөз сөйлеген Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, өнер жанашыры Бекзат Алтынбеков дəстүрлі VI «Қасым кубогі» Жезқазғанда ұйымдастырылатынын жеткізіп, жағымды жаңалықты жариялады. Қасым Аманжоловтың әнін дәстүрлі әнші Сырым Хордин шырқап сала берді. Күннің ыстығына қарамастан дода тартысты өтті. Екі команда ойыншылары алаңда әдемі ойын көрсетті. Футбол ережелерін бұзған жоқ. Бұл да болса Қасым атамыздың аруағына, басқа ойыншыларға, дәстүрлі сайысқа деген құрметтері ойыншылардың.

Ойын 3:2 есебімен қарағандылықтардың пайдасына шешілді. Қарағандылық ақындар «бізді Қасым атамыздың аруағы жебеді» дейді елжіреген күйі. Астана командасының капитаны, ақын Дәурен Берікқажы «Әділ ойын болды. Шын жүректен құттықтаймын!» деп ағынан жарылды.

Ойыншыларды марапаттау «Достық үйінде» өтіп, қарағандылық өнерпаздар астаналық достарына концерт ұйымдастырды. Күміскөмей əншілер – Сырым Хордин, Марғұлан Ерік, Мейірлан Шəкенов əн айтып, ақындар өлең оқып, «Базар жоқ» театрының әртісі Қайнар Əлетаев монолог оқып, Дидар Қамиев арнау айтып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Марапаттау рəсімінде жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталып, дəстүрлі кубок мерекелік дастарқанға ұласты.

«Қасым кубогінің» қорытындысы:

«Үздік ұйымдастырушы» – Марғұлан Уәли (Қарағанды),

«Үздік бапкер» – Мирас Құттыбай (Қарағанды),

«Үздік ойыншы» (Бекзат Алтынбековтің арнайы жүлдесі) – Әділ Ахметов (Астана),

«Үздік шабуылшы» (Нұрлан Дулатбековтің арнайы жүлдесі) – Қайнар Әлетаев (Астана),

«Үздік жартылай қорғаушы» (Ақтоғай ауданы әкімінің арнайы жүлдесі) – Бек Шматов (Астана),

«Үздік қақпашы» – Мұратбек Бейсенбаев (Астана),

«Үздік гол» – Нұрбек Әділбек (Астана),

«Үздік қорғаушы» – Алмаз Мырзахмет (Қарағанды),

«Үздік жанкүйер» – Марал Дәдиева (Қарағанды).

 

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, ақын, «Астана» командасының бапкері:

– «Қасым кубогі» биыл да өте жоғары деңгейде өтті. Қырық градус күннің ыстығында тоқсан минут бойы аса тартысты өткен ойын 3:2 есебімен Қарағанды командасының пайдасына шешілді. Бастысы – командалық руx бар. Мақсатымыз – Астана мен Қарағандыда тұратын әдебиет пен өнер саласындағы азаматтардың шығармашылық байланысы болатын. Турнир өз мақсатын толық орындап келеді. «Астана» командасына әкімшілік қызмет атқарып жүрген Әсел Мұздыбай қарындасыма мың алғыс!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button