Руханият

Дауылдан кейінгі толқын

Арқа даласында Қасымның асқақ рухы асқақтап тұр. Дауылпаз ақынның 110 жылдығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспатұс келіп отыр. Қарағанды облысы әкімдігі мен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы қос мерейлі мерекеге орай сары күзде «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық мүшәйрасын өткізді.

Жыр додасын ұйымдастырудағы мақсат – Қасым Аманжолов мұрасын насихаттай отырып, поэзияның дамуына ықпал ету, жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету және еркін елдің кенен тарихы мен жарқын жетістіктерін қара өлеңнің құдіреті арқылы дәріптеу. Мүшәйра алғаш рет 2016-2017 жылдары облыстық деңгейде ұйымдастырылған. 2018 жылдан бастап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық ауқымда өтуде. Жыр додасына 2016 жылы – 24, 2017 жылы – 27, 2018 жылы – 70, 2019 жылы – 42, 2020 жылы – 97, ал биыл 2021 жылы – 92 үміткер өтінім жіберген. Бұған дейін жыр додасының ережесі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған-тын. Еліміздің түпкір-түпкірінен 92 үміткер шығармаларын жіберген. Шарт бойынша мүшәйраға 18-45 жас аралығындағы үміткерлер Қасым Аманжоловқа, Тәуелсіздік тақырыбына арнау және еркін тақырыпта – барлығы 3 өлең ұсынды. Соның ішіндегі сүйекті деген 12 ақын іріктеліп, ақтық сынға шақыртылды. Алдымен шараға қатысушы қонақтар мен қатысушылар Қасым ақынның өмірі мен шығармашылығын қамтитын кітап көрмесімен танысты. Тың деректерге қанықты. Байқау жүлдегерлерін марапаттау салтанаты Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Студенттер сарайында дүрілдеп өтті.

– Дүниеге талай Қасым келер, әрине. Бірақ, бойында дәл сондай тылсым табылар ма екен? Сондықтан да, Қасымның асқақ рухын жас таланттардың бойына сіңіру үшін бұл шараны жыл сайын өткізудеміз және еліміздің әр бұрышынан келетін ақындардың саны артып келеді. Өйткені, Қасым – қазаққа ортақ. Дауылпаз ақынның 110 жылдығына орай облыс әкімінің тапсырмасымен, жергілікті белсенді азаматтардың, зиялы қауымның бастамасымен бірқатар шара өткізілуде. Қараша айында Қарағандыда Қасым үйін ашу жоспарланып отыр. Ол жер күлі зиялы қауымның бас қосатын киелі ошағына айналмақ. Биыл осы шараға алыстан ат терлетіп, қазақтың аймаңдай ақындары Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржан келді. Осындай игі іске қарашаңырақтың ректоры Нұрлан Орынбасарұлы да өз үлесін қосып жүр. «Кең далалы, кең пейілді қазақпыз, Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз. Хас тағдырдың қиқаңына көнбейміз, Ел тағдырын ешбір жауға бермейміз, Сертің осы, азат жігіт, азат қыз!» (Қасым) демекші, ақындарға сәттілік, – деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы.

Қасымның «Өзім туралы», «Ақсәулем», «Дариға сол қыз» сынды бірегей әндері әуелеп, «Қасымға арнау» атты күй күмбірледі. Қазылар алқасының төрағасы қазақтың белгілі ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай. Құрамында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, қазақтың айбоз ақыны Светқали Нұржан, ақын, жазушы, «Қасым» республикалық қоғамдық-әдеби журналының Бас редакторы Серік Сағынтай, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы болып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды анықтады. Дәуітәлі Стамбеков атындағы жүлде – шығысқазақстандық Әли Бекмұхамбетовке, Кәрім Сауғабай атындағы жүлде – қарағандылық Ерік Нарынға, Бүркіт Ысқақұлы атындағы жүлде – Түркістан облысынан келген Сайлаухан Жолановқа, Сайлаухан Нәкенов атындағы жүлде – жезқазғандық Абай Оразға, Жеңіс Қашқынов атындағы жүлде – Шығыс Қазақстан облысынан Көгедай Шәмерханұлына бұйырды. ІІІ орын жүлдесін Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айзада Рақымжанова, алматылық Есей Жеңісұлы, Алматы облысы атынан қатысқан Асыл Сұлтанғазы жеңіп алды. Ал, жүлделі ІІ орын биігіне Нұр-Сұлтан қаласынан келген Мирас Асан, ақтөбелік Дәурен Тілеухан көтерілді. І орын тұғырынан Алматы облысы атынан қатысқан Әсел Оспан көрінді. Серік Ақсұңқарұлы Әсел ақынның кеудесіне Қасым Аманжолов атындағы медальді тақты. Бас жүлдені нұрсұлтандық Ғылымнұр Кәдірбай қанжығалады.

– Қасымның ұлы шәкірттерінің бірі, кезінде Қарағандыда шахтер болған Жұмекен Нәжімеденовтің «Тек қана қараңғыда жанған оттың, Жарығы тым алысқа кетеді екен» деп келетін өлеңі бар еді. Сол айтқандай, өте қапас қараңғыда, найзағайлар арпалысқан аспан астында өмір сүрген Қасымның да жарығы тым алысқа кететін жарық. Қараңғы қапастағы ұлттың жүрегіне сәуле түсіру үшін, Құдайдың нұрын құю үшін, сол рухты жиырылып бойға түскен киелі сөздің туын қайтадан шыңға көтеру үшін Алла Тағала бұл топыраққа Қасымды жіберген. Қасым түртіп оятқан сәулелер Жұмекен, Мұқағали, Төлегендер біздерді түртіп оятты. Сол ұлы рух жалғасып, бүгінге жетіп отыр. Қасымның 100 жылдық тойына қатысып, Қарқаралысында болғанбыз. Жанна, Дариға апайлармен бірге жүргенбіз. Сөз – кие, сөз – қағанат. Қазақия қағанатының іргетасы – ол біздің киелі сөзіміз. Қасым сөзі де сол – іргетас. Бүгінгі дүбірлі додаға қатысып жатқан жас Қасымдар да сол қағанаттың шаңырағын тіктеуге қызмет етеді деп есептеймін. Атсалысқан азаматтардың барлығына Алланың нұры жаусын, – деп тебіренді Светқали Нұржан.

Мүшәйраның жеңімпазы мен жүлдегерлеріне Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің құрастыруымен жарық көрген «Қасым тағылымы» екі томдық кітабы мен облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен басылып шыққан Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған «Бір нәзік сәуле» әндер жинағы табыс етілді һәм «Қасым» журналының кейінгі саны тарту етілді.

– Қасымның тойы – қазақ әдебиетінің тойы. Мұндай додаға қатысу – үлкен мәртебе. Мен бірінші рет қатысып тұрмын. Осының алдында Қарқаралыға, Сарыобалыға жол түсті. Қасым жайлы жазу үшін оның туып-өскен жерін, жүріп өткен жолын біліп, түйсіну керек деп білемін. Қасымның ескі қыстауын, Қасымның құдығын көрдім. Сол сапардан кейін бір өлең туып еді. Сол өлеңім мені жетелеп Арқа жеріне, Қарағандыға алып келді, – дейді Бас жүлде иегері Ғылымнұр Кәдірбай.

Ендеше, Қасым – дауыл болса, жас Қасымдар дауылдан кейінгі толқын іспетті. Біз де сол толқынды тобықтан кешіп, көңіл кірбіңінен арылдық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button