Даму үрдісі байқалады

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен ел экономикасын қарқынды дамытудың нақты тетіктері көрсетілген. Қазір барлық сала Жолдау талабына сай даму бағыттарының бағдарын түзей бастады. Жуырда Қарағанды облысының Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Саран қаласының әкімі Ержан ТЕМІРХАНОВ шаһардың ағымдағы әлеуметтік-экономикалық даму ахуалы туралы баспасөз мәслихатын өткізді.

Жалпы, Саран қаласы – Қарағанды агломерациясындағы инновациялық белсенділігі өте жоғары қалалардың бірі. Облыс бойынша белсенділік көрсеткіші 14,7% болса, Саран қаласында 36,4% мөлшерінде. Қала экономикасындағы жалпы өнім 43,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 122% көрсеткішке жетсе, мемлекеттік бюджетке 13 млрд. теңге құйылып, 23%-дан артық кіріс кірген. Былтырғы жылы өнеркәсіп өнімін өндірудің көлемі 32,5 млрд. теңгені құрап, оның 78% секторына тиесілі болған. Негізінен, қаланың Резина техникалық жабдықтар алаңында жұмыс істейтін бес экспорттық кәcіпорын өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығарып, өңдеу секторындағы үлестерін 20%-ға жеткізіпті. Екінші бесжылдық көлемінде инвестиция көлемі 6,2 млрд. теңгені құрайтын және 180 жұмыс орнын құратын екі жоба іске қосылуда. Негізгі капиталға 11,5 млрд. теңге тартылған болса, оның 76,6%-ын жеке инвестициялар құрап отыр.

Саран қаласын орталықтандырылған жылыту жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі сағыздай созылып, жалпақ жұртты жабырқатып жүргені белгілі. Оның себебі – жылу қазандығы жұмысының аяқсыз қалып, істің сотта қаралуы. Бұл жағдай 2021 жылы толық шешілмек. Таяуда аталмыш нысан толық аудиторлық тексеруден өткендіктен, қала балансына алыныпты. Енді құрылыс шілде айында қайта жалғаспақ. Былтырғы жылы қаладағы иесіз барлық электр желілері мен трансформаторлар «Қарағанды Жарық» мекемесіне өткендіктен электр қуатымен қамту жақсарды. Халық игілігіне 120 пәтерлік бесқабатты үй тапсырылып, төрт көше жөндеуден өтті.

Қала әкімі биылғы жылы да шаһардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының жақсара беретінін жеткізді. Тағы бір қуанарлық жағдай, қала халқын қол жетімді баспанамен қамту мақсатында салынатын 100 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы осы көктемде басталмақшы.

Брифингте көңілге түйгеніміз Саран қаласында өндірістік ілгерілеу мен экономикалық даму бар. Алайда, Ақтас кентінде кей үйлерге жылу беру мәселесі тұрғындардың көңілінен шықпай, халық пен қазандық қожайындарының арасында біраз мәселе туындапты. Бұл жағдай әкімнің тікелей бақылауына алынған.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ