Даңқты дзюдошы Қарағандыға келді
«Дзюдо королі» атанып, аты аңызға айналған даңқты балуан Оно Сехэйдің спорттық мансабындағы бағындырған белестері кез келген жас балуанды қызықтырары анық. Ол – Олимп шыңын екі мәрте бағындырған саңлақ, жеті дүркін өз салмағында Әлемде теңдесі жоқ дзюдошы атанған. Осы орайда жас дзюдошыларымызды ынталандырып, құлшынысын арттыра түсу мақсатында Қ.Байшолақов атындағы спорт кешенінде Қарағандыға арнайы келген дзюдо шебері Оно Сехэй жергілікті балуандарға шеберлік сабағын өткізді. Екі күнге жоспарланған шараның алғашқы күні 12 жасқа дейінгі, ал, екінші күні 12 жастан асқан дзюдошылар осындай мүмкіндікке ие болды.
Дюздо әлемінің жарық жұлдызы Қарағандыға дзюдодан Қазақстандағы тұңғыш кәсіби «JENYS» клубының арнайы шақыртуымен келген. Игі істің бастамашысы – аталған клубтың Президенті, Халықаралық дзюдо федерациясының кеңесшісі Алмаз Әлсенов.
Шындығында, шеберлік сабағы дзюдо жанкүйерлерінің үлкен қызығушылығын тудырды. Кездесуге 1500-ден астам адам қатысты. Спорт сарайының залында жас балуандар өз кумирін қазақы салт-дәстүр бойынша шашу шашып, қуана қарсы алды. Ыстық ықылас пен зор құрметке бөленген спорт жұлдызы қазақтың бауырсағы пен бал қаймағынан дәм татты.
Даңқты балуан спорт залына кіріп келгенде жас дзюдошылардың көзі жайнап, жүгіріп келіп, амандасып, құрмет көрсетіп жатты.
Шеберлік сағаты басталмас бұрын шараны ұйымдастырушылар мен құрметті қонақтар сөз алып, жиынның мән-маңызына қысқаша тоқталды.
– «Армандарыңа сеніңдер, ол міндетті түрде орындалады!» деп соңымыздан еріп келе жатқан жас жігіттерге үнемі айтып жүремін. Бүгін де соны қайталап айтқым келеді, – деді Алмаз Әлсенов.
Сонымен қатар, Алмаз Жеңісұлы Оно Сехэйге қазақы дәстүрмен оқалы шапан жауып, құрмет көрсетті.
Спорт мамандары бұл спорт шарасын еліміздің спорт тарихындағы көп спортшыны қамтыған және елдің қызығушылығын тудырған тұңғыш ауқымды шара екенін айтады.
Ал, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев аймағымыздың жас балуандарын осындай мүмкіндікке ие болуымен құттықтап, болашақта биік белестерді бағындыруына үлкен сенім білдірді. Арқаға ат басын тіреген қонақтар қатарындағы Халықаралық дзюдо федерациясының бас директоры Влад Маринеску мырзаның иығына шапан жапты.
Өз кезегінде Влад Маринеску мырза да қасиетті Қарағанды жеріне келгеніне қуанышты екенін жеткізіп, жас балуандарға сәттілік тіледі.
– Тұңғыш рет әлем дзюдосының аңызы Оно Сехэй Қарағандыға келді. Бұл – қарағандылық дзюдошылардың әлемдік додаларда олжа салуына жол ашатын үлкен мереке. Мәртебелі қонақтың келуі Қарағандыда дзюдодан Олимпиада чемпионының шығуына негіз болады деп сенеміз. Жас спортшылар үшін аты аңызға айналған дзюдошыны көру, амандасу, дәріс алу – үлкен арман, әрі бақыт, – дейді атақты қарағандылық балуан, Әлем чемпионы Максим Раков.
Шеберлік сағатының алдында дене қыздыру жаттығуларын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Раков жүргізді.
Шеберлік сағатының бірінші бөлімінде Оно Сехэй дзюдо техникасы мен тактикасы бойынша сабақтарын ұсынып, өзінің «төлқұжатына» айналған айтулы техникасын көрсетті. Екінші бөлім бейресми түрде өрбіді. Оно Сехэй қарағандылық дзюдошыларға қуана қолтаңба беріп, шеберлік сағатына қатысушылармен және көрермендермен әңгімелесіп, суретке түсті.
– Бұл семинарда қарағандылық дзюдошылардың қазір тамаша формада екенін көрдім. Әрине, олар зейін қойып, көп жұмыс істеуі керек. Шыңға жету үшін аянбай тер төгуі қажет. Бар ынтасын жаттығуға салып, дзюдоға өмірін арнаса, армандаған биігін бағындырары сөзсіз. Алдағы уақытта құлшына жаттығады деп сенемін, – деді Оно Сехэй.
Сонымен қатар, Олимпиада чемпионы дзюдодан биік белестерді бағындыру үшін ең алдымен баланың бойында ынта болуы керектігін де атап өтіп, қалғанының бәрін үйретуге болатынын айтады.
– Шараның мақсаты – дзюдо аңызының баға жетпес тәжірибесі мен шеберлігінен сабақ алып, оны біздің жігіттерге жеткізу. Өздеріңіз білетіндей, «Жеңіс» клубының президенті – Қарағандының тумасы. Бұл спорттық шара Алмаздың өз туған жеріндегі дзюдоның дамуына қосқан тағы бір маңызды үлесі болды, – дейді «JENYS» клубы Президентінің кеңесшісі Тимур Тұрсымбаев.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz