Дәуітәлі
Айхой, бұлбұл бағында сайрап жүріп,
Ару-Муза басымды айналдырып;
Дүрия- дәурен, осыноу дүнияда,
Дәуітәлімен жүруші ем сайран құрып!
“Бала емессің, қарасаң–білдей жігіт?!
Тіршілікті көзіңе ілмей–құрып!
Кетесің ғой?!.”- деп маған кейуші еді,
(… Соның жөнін өзі де білмей жүріп…).
Жұматай да бар еді, Жарасқан да,
Табысқан да кездер көп,
(таласқан да);
Қайда қалды сондағы құс базары?
… Қалай ұшып кетті екен бәрі
аспанға?
Күлсе де олар сақылдап күлетұғын,
Жүрсе де олар лапылдап жүретұғын!
… Халтуршиктің сондағы бәрі тірі –
(Қалай өмір сүруді білетұғын!).
Қай көкесі оларды өбектетті,
“Мынау ұлдар біздерден бөлек…” – депті?
Дәлдүрішін қасыма қалдырды да,
Дәуітәлі де солармен жөнеп кетті!
Айхой, бұлбұл бағында сайрап жүріп,
Ару-Муза басымды айналдырып;
Дүрия- дәурен, осыноу дүнияда,
Дәуітәлімен жүруші ем сайран құрып!
… Ару-Муза басымды айналдырып …
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
10.06.2016 ж.