Бас тақырып

Дәстүрлі дода дүбірі: 76-эстафетаға екі мыңға жуық желаяқ қатысты

Облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің дәстүрге айналған жеңіл атлетика эстафетасы өтті. Желаяқтар таң атысымен Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығысы, Сарыарқа көшесіндегі «Тутұғыр» композициясы алаңында жиналды. Аталмыш шараның ашылу салтанатына облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, қала әкімдігінің өкілдері қатысып, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Эстафетаға қатысуға ниет білдіргендердің қарасы қалың болғандықтан, ұйымдастырушылар алқасы жарысты мерзімінен бұрын бастады.

Эстафета биыл біршама жеңілдетілді. Жүгіру маршруты өзгерді. Өткен жылы қатысушылар «Тутұғыр» айналасында шағын шеңбер бойынша жүгірген болатын. Биыл, бірінші кезең – 300 метрге қысқартылды. Яғни, бұған дейін қатысушылар осы бағытта бір шақырымды бағындыруы керек болса, биыл 700 метрді жүгіріп өтті. Ал, барлық кезеңнің жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрады.

Сонымен салтанатты ашылу шарасы мен құрметті қонақтардың құттықтау сөздерінен кейін командалар бөлініп, жүгіруге дайындалды. Көмбені бірінші болып спорт ардагерлері, жеңіл атлетика әуесқойлары, балалар, студенттер аттады. «Достық» деп аталатын топтың жарыс қашықтығы 1400 метрді құрады. Алайда, бұл қашықтық қатысушыларға кедергі болмады. Арасында 60 жастан асқан қариялар да жас ерекшелігіне қарамастан алдыңғы қатардан көрінді. Атап айтар болсақ, «Қазақстан құрылысшылар одағы» облыстық филиалының директоры Төлеген Әшімов осы жолғы жарыста жақсы нәтижеге қол жеткізді.

– Мұндай жарыстар адам денсаулығына жақсы әсерін береді. Студенттік жылдары «Индустриальная Караганда» газетінің жеңілатлетикалық эстафетасына алғаш рет қатысқаным әлі есімде. Содан бері жіберіп алмауға тырысамын. Жалпы, өз басым спортпен шұғылданғанды ұнатамын, ағзаны қуаттандырады және ғұмыр жасыңызды ұзартады. Әрине, жас кезімде алғашқылардың қатарында болғанмен, қазір белортасында тұрамын. Десек те, бұл ұяларлық емес, қуанарлық көрсеткіш деп білемін. Қанша қашықтықты бағындырғаным емес, мен үшін ең бастысы – көңіл күй мен жарысқа деген ынта-жігер. Осындағы қатысушылардың барлығы жарысқа өзі үшін, денсаулығын жақсарту мақсатында қатысады. Адам денінің саулығы аяқта. Аяқ бұлшық еттері үнемі қозғалыста болса, адам денінің саулығына да кепілдік соғұрлым жоғары, – дейді Төлеген Әшімов.

Аталмыш қашықтық жеңімпазы Ермек Мұстафин болды. Ол өмірінде екінші рет «ИК» жеңілатлетикалық жарысына қатысқан. Өткен жылы ол эстафеталық есепте өнер көрсетіп, турнир кестесінен шығып кеткен еді.

– Біздің команда тәртіп бұзғаны үшін дисквалификацияланды. Бірақ біз қателіктермен жұмыс жасадық және кубок пен медаль үшін қайтадан күресуді шештік. Міне, жаттығулардың арқасында мәре сызығын бірінші болып кесіп өту бұйырған екен. «Индустриальная Караганда» газетіне мың алғыс! Жүгіруді ұнататындар үшін мұндай жарыстардың жетіспеушілігі баршылық. Осындай тән мен жанға пайдасы зор жарыстар жиі ұйымдастырылса құба-құп, – деп атап өтті жарыс жеңімпазы Ермек Мұстафин.

Жылдағыдан жүгіру қашықтығы өзгерсе де ережелері ескірмеген. Барлығы үш мыңға жуық адам топтасқан жаяу жүгіру жарысында жеткіншек жасөспірімдер де болды. Жарыс қашықтығының қысқарғаны ең алдымен балаларға ыңғайлы болды. Шынында да, мұндай жүгіру бастауыш сынып оқушыларына ұнады. Мұны №8 мектеп оқушысы Данил Тищенко атап өтті. Жас қатысушы бұл қашықтықтың оған қиын емес екенін айтты.

76-шы жеңіл атлетика эстафетасында барлығы 10 кезеңнен 13 жүгіру жарысы өтті. Спорт ардагері Надежда Карманова бұл жеткіліксіз дейді.

– Мысалы, 70-ші жылдары 50-ге жуық жарыс болатын. Ол кезде көмбе Гагарин алаңында болды. Қазір қарап отырсаңыз, қатысушылар өте көп. Әр мектеп пен жоғары оқу орны бірнеше команда жасақтап шығарған. Бұл Қарағанды тұрғындары үшін нағыз мереке сияқты. Осы шараға байланысты тіпті, қала орталығының көптеген көшелері жабылды. Қазіргі жастар осы эстафетаға белсенді қатысқанын қалаймын. Өйткені, олардың болашағы алда. Қол жеткізер шыңдары бар. Маған әрқашан жақсы ұйым, мерекелік атмосфера ұнайды. Бұл – дәстүр! Және ол әрі қарай да өмір сүруі керек. Көрдіңіз бе, жүгірушілер осы сәтті қатты күтеді. Мысалы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары Түркістаннан кеше ғана оралды. Ал бүгін таңертең осында жарысқа шықты. Сондай-ақ, Алматыда аяқталған ел чемпионатынан дем алып үлгермеген спорт интернат қыздары тағы да эстафетадан қалыс қалмады. Бұл қарағандылықтардың спортты жақсы көретінін көрсетеді! Қандай жағдай болмасын, олар медаль үшін күреске қосылуға дайын, – деп баға берді ардагер спортшы Надежда Карманова.

– Қарағандылық жұртшылықтың басын қосқан осынау жеңіл атлетика эстафетасы 1945 жылдан бері өткізіліп келеді. Содан бері қарағандылық спортсүйер қауым, оның ішінде жаяу жүгірушілер қатары арта бастады. Жүгіру бұл – бұлшық ет пен байланыстырушы жүйенің барлық бөлігі жұмыс істейтін қарапайым және тиімді дене жаттығуы. Сонымен қатар, адам денесінің буындары да жүгіру кезінде пайдалы жүктеме алады. Жүгіру қан айналымын арттырып, барлық дене мүшелерін оттегімен қамтамасыз етеді. Ол тамырлық жүйені жаттықтырады және көптеген жүрек ауруларының алдын алады. Жүгірумен айналысу ағзаны зиянды токсиндерден және қауіпті қалдықтардан тазартуға көмектеседі. Қан тамырларының қабырғалары арқылы оған тер арқылы шыққан көптеген қалдықтар сыртқа шығады. Жаяу жүгіру кезінде ағзаның зат алмасу процесі қалыпқа келтіріледі және қандағы холестерин мөлшері азаяды, – дейді қатысушы Х.Мақажанов атындағы облыстық көпсалалы аурухана дәрігері Ерлан Жұмабаев.

Расында, жаяу жүгіру қосымша калориядан құтылуға көмектеседі. Жүгірудің салмақтан арылудың тиімді әдістерінің бірі және семіздікпен күресуде көптеген бағдарламаларға кіретіні бекер емес. Түрлі ғылыми-зерттеулерге сәйкес, жүгіру жаттығулары адамнан қуаныш пен бақыт, оптимизм сезімін тудыратын гормондардың, яғни эндорфиндердің дамуына үлес қосады. Сонымен қатар, жүгіру адамның төзімділігін арттырып, оны айтарлықтай жұмысқа қабілетті етеді.

– Жұмысбастылыққа салынған кеңсе адамдарына да пайдасы зор бұл жарыстың. Неге десеңіз, үнемі орындықта отырып қозғалысты ұмытқан буын-буынға қан жүгіреді. Дене сергиді. Осыдан адамның ойлау қабілеті мен есте сақтауы артады. Сонымен қатар, тек денсаулыққа ғана емес жастардың өзара дамуына, алға ұмтылуына да әсері орасан, – дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 3 курс студенті Абзал Ақанов.

Дәстүрлі додаға жалпы, 180-нен астам команда қатысты. Оның – 99-ы ерлер, 82-сі әйелдер командалары. Қатысушылар мектептер мен өндірістік ұжымдардан көп болды.

Сонымен, жалпы білім беретін мектептер арасында №45 гимназияның ерлер мен әйелдер командалары жеңімпаз атанды. II орынға №25 және №32 мектеп өкілдері орналасты. Ал, жүлдегерлердің үштігін №101 мектеп және №93 гимназия аяқтады. Ең мықты үштікте №64 мектеп және №11, №20, №37 мектептер бар. Колледжаралық жүгіруде «Bolashaq» өкілдері ерлер мен әйелдер ұжымдары арасындағы жарыстарда сөзсіз көшбасшы болып танылды. Сондай-ақ, күміс жүлдегерлер: «Жасұлан-1» мектебі және Қарағанды жоғары политехникалық колледжі командасы.

Ал, өндірістік ұжымдар мәресінде керемет көрсеткішті «АрселорМиталл Темиртау» АҚ көрсетті. Сонымен қатар, құрмет тұғырының II орнын Е.Бөкетов атындағы ҚарУ №4 спорт клубы иеленді. III орынды «Динамо» дене шынықтыру және спорт ұйымы жеңіп алды.

Жан АМАНТАЙ,
Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button