Бас тақырып

Дүбірлі жылдар дәуірнамасы

Заман өзгерді, қоғам жаңарды.

Осы тұрғыдан алғанда, мерзімдік басылымдар жаңалықтың жаршысы болып қана қоймай, өзі де жаңарып, заманауи өзгерістерді қабылдады. Қазір «Дәстүрлі медиа», «Жаңа медиа» деген тіркестер қолданып, қалам ұстаған қауымның біліктілігіне осы деңгейден баға беретін болдық.

Десек те, жылдар бойы қалыптасқан дәстүрді сақтап, аға буын салып кеткен сара жолдан айнымай келе жатқан басылымдар бар. Жасыратыны жоқ, олардың өзі жедел хабар тарату үрдісінде интернет-журналистикаға жол беріп қойды. Хабар тарату шапшаңдығы шабан тартқанымен, сол мерзімді басылымдар салмақты сараптама, тамырлы талдамалық материалдары арқылы оқырман сұранысына ие болып келеді.

Ертең жарық көргеніне 92 жыл толатын «Ortalyq Qazaqstan» газеті – солардың қатарынан. Иә, газетке деген сұраныс азайып келе жатқанын жасыра алмаймыз. Дегенмен, «Орталықтың» қалыптасқан оқырмандар ортасы бар. Өйткені, «Орталық» пен оқырман егіз ұғымға айналып кеткелі қашан… Ғасырға жуық уақыт ақпарат айдынында еркін жүзіп, ақиқатшыл бағытымен әдеби ортаның лайықты бағасын алған байырғы басылымның бақыты да, бағы – оқырман. Қазір де сол бағытынан айныған жоқ.

Сәт сайын өзгеріске ұшырап, күн сайын құбылып сала беретін қоғамның тамырын дөп басып, тынысын тыңдаған тамыр­шысы бола жүріп, әр өзгерістің тарихи мәні мен саяси маңызын қарапайым бұқараға насихаттау миссиясын да адал атқарып келеді. Дәл осы тарихи жауапкершілік жалғыз біздің «Орталыққа» ғана емес, барлық ұлттық басылымдардың көтерген жүгі екенін баршамыз түсінеміз. Сонда да, қазақ тілінде жарық көрген әрбір басылымның өз тағдыры, өз жолы, өз дәстүрі болғанын ұмытпауымыз керек. Біздің «Орталық» та өзінің соқтықпалы-соқпақсыз жолын абыроймен жүріп өтті.

Газеттің алғашқы саны 1931 жылы 4 қазанда «Қарағанды пролетариаты» деген атпен жарық көрген. Қанды ғасырдың қасіретке малынып, қанмен жазылған шежіресіндегі қаралы кезең ұлтымыздың жаралы жүрегін паршалап жатқан кезең еді. Көмірлі Қарағандының қайлалы кеншісі айлалы империяның түпкі мақсатын қайдан ұғынсын?! Сол тұста көмір шаңына көмілген Қарағандыға сәуле шашыраған. Ол – өздеріңіздің сүйікті «Орталықтарыңыз» еді, ойлы оқырман.

Иә, өзінің соқтықпалы-соқпақсыз тағдырында тарпаң басылым қазақ шеккен қасіретті шеге жүріп, ұлтқа қалтқысыз қыз­мет етті. Алып империяның даланы да, сананы да отарлау саясатына ашық болмаса да, астарлай қарсылық білдіріп, мүлгіп кеткен саналарға саңылау тауып, сыналап сәуле түсіруге ұмтылды. Алғашқы редакторларының атылып я болмаса айдалып кетуінің астарында дәл осы ақиқат жатыр.

Дәуітіне сия емес, қан құйылған қаламгерлер қаймықпай жазды. Сарғайған газет тігінділерінен арда басылымның ақиқат үшін арпалысқан адуынын аңғарар едіңіз. Парақтап шықсаңыз, әрине…

Басылымның тарихы да, дәстүрі де – бізге аманат. Ал, аманат жүгі ешқашан жеңіл болмаған. Сөз зергерлері Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, ұлттық публицистиканың жарық һәм аққан жұлдызы Сәттар Ерубаевтан бастап берідегі Бейсенғали Тәйкіманов, Сейфолла Оспанов, Рамазан Сағымбековтер, тіпті, кешегі Нұрмахан Оразбеков, Тілеухан Жүсіпов, Рымқұл Сүлейменов, Өтен Ахмет, Мағауия Сембай, Төлеубай Ермекбаев сынды қалам қайраткерлерінің сол аманатқа адалдығы арқасында ұлы мектеп болып қалыптасқан басылымның байырғы дәстүріне қылаудай қиянат жасалған жоқ.

Бүгінгі «Орталық» жасарған. Жігері жалынды, қаламы қарымды жастар дәстүрді меңгеріп, аманатқа адалдық танытып, Жаңа Қазақстанның құрылысына әділет кірпішін қалауға еңбек сіңіріп келеді. Қазір шежіресі бай, тарихы терең облыстық екі газет «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің құрамына біріктірілген. Бұл да – тиімділік. Өйткені, газет редакторлары қаржы-шаруашылық мәселесіне «бас ауыртпай», шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысу мүмкіндігіне ие. Алғашында «Тоқсан жылдық тарихы бар басылымдарды әлдебір құрылымға басыбайлы бергені қалай?», «Бұл шығармашылық еркіндікке кедергі келтіреді» деген күдік пен күмәннің болғаны да рас. Алайда, жаңа құрылым өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді.

Мемлекет басшысының, облыс басшылығының қамқорлығын сезінген шы­ғармашылық ұжым ынтымақ-бірлігін сақ­тап, жүз жылдық белеске беттеп барады.

Мереке құтты болсын, әріптестер!
Дүбірлі жылдар дәуірнамасы «Орталықтың» оқырманы көбейіп, жазары көп болғай!

Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button