Cот жүйесінде соны қадам
Заманауи технологиялардың қарқынды дамуы Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің барлық саласына, соның ішінде, сот жүйесіне де жаңашылдықтарды белсенді түрде енгізуде. Цифрландырудың негізгі бағытының бірі – соттарда электрондық іс жүргізуге көшу. Өз кезегінде сот билігі мемлекеттің үш тармағының бірі ретінде халықтың сеніміне ие болуы тиіс. Бұл азаматтар мен заңды тұлғалар үшін сот төрелігінің тиімділігін, ашықтығын және қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Облыс аумағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен сот төрелігінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін, сот жүйесін институционалды, кадрлық және техникалық тұрғыдан қайта құруға бағытталған бірқатар жүйелі реформа жүзеге асырылуда.

Сот әкімшілігі: жаңа құрылым, жаңа мүмкіндіктер
2023 жылдан бастап, облыстағы сот құрылымында елеулі өзгеріс орын алды. Соттарды ұйымдастырушылық жағынан қолдайтын «Сот әкімшілігі» деп аталатын жаңа орган құрылып, барлық әкімшілік-шаруашылық міндеттерді өз мойнына алды. Бұл – судьяны сот төрелігін ғана жүзеге асыратын тұлға ретінде бөлектеудің заңды тетігі болды.
Сот әкімшілігі – судьяның тәуелсіздігін қамтамасыз ететін орган ретінде кадрлық, материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық, сараптамалық жұмыстармен айналысады. Судья – тек үкім шығаратын тұлға.
Бүгінде департаменттің 27 филиалы бар, мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Олар 230-дан астам судья мен мемлекеттік қызметшілердің жұмысын қамтамасыз етуде.
Қарағанды облысындағы сот жүйесінде цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп келеді. Атап айтсақ, істерді автоматты түрде бөлу, электронды құжат айналымы, чат-боттар арқылы ақпарат беру, сот актілерін электрондық қолтаңба арқылы бекіту және іс нәтижесін жасанды интеллект арқылы болжау сынды тиімді қызметтің бәрі іске қосылған.
Дерекке сүйенсек, сот процестерінің 90%-ы электронды форматта өтеді. Азаматтар сотқа келмей-ақ, арыз беріп, шешім алады. Мамандар қазіргі таңда бұл уақыт пен ресурсты үнемдеудің тиімді жолы болып отырғанын айтады.
Халықаралық тәжірибедегі үздік мысалдар
Электрондық іс жүргізуді енгізу бойынша әлемдік тәжірибеге зер салсақ, Эстония сот жүйесін толықтай цифрландыру бойынша көшбасшы болып отыр. Онда барлық сот процестері онлайн режимде жүргізіледі, ал, құжаттармен алмасу электрондық негізде. Эстонияның сот жүйесінде жасанды интеллекті қолдану арқылы шешім қабылдау процесін жеделдетуге және сот төрелігінің сапасын арттыруға әсер етті.
Сингапур соттары да цифрландырудың жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Онда сот отырыстары бейнеконференция арқылы өткізіледі. Ал, барлық құжат электрондық түрде сақталады. Сингапур соттарында қолданылатын электрондық платформалар процеске қатысушыларға іс материалдарына жылдам қол жеткізуге және сот процесінің барысын қадағалауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Англия мен Уэльс соттары да цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізуде. Онда онлайн режимінде арыз беру, құжаттармен алмасу және сот отырыстарына қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл сот процестерінің тиімділігін арттырып, қарапайым халыққа сот төрелігін қолжетімді етіп отыр.
– Қазақстандағы электрондық іс жүргізудің құқықтық негіздері Азаматтық іс жүргізу кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Заңы, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бірқатар заңға тәуелді актілерінде және қаулыларында бекітілген. 2018 жылдан бастап соттарда электронды құжат айналымын қамтамасыз ететін «Төрелік» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.
Электронды кеңсе жұмысының артықшылықтары атап айтуға тұрарлық. Мысалы, жылдамдық пен тиімділік – істерді қарау уақытының айтарлықтай қысқаруы, транспаренттілік – іс материалдарына онлайн қолжетімділік. Сонымен қатар, қолжетімділік – сотқа бармай-ақ, құжаттарды тапсыру мүмкіндігі және ресурстарды үнемдеу – қағаз құжат айналымын және пошталық шығындарды азайту.
Алайда, оң өзгерістерге қарамастан, белгілі бір қиындықтардың да бар. Мәселен, техникалық ақаулар және жүйелерді үнемі жаңарту қажеттілігі, процеске кейбір қатысушылардың цифрлық сауаттылығының жеткіліксіздігі және электрондық сәйкестендіру және қол қою мәселелері, – деп атап өтті бас маман, сот хатшысы Гүлбаршын Ғали.
Болашақта электрондық платформалардың функционалын кеңейту, басқа мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау, істерді алдын ала талдау және күнделікті процестерді автоматтандыру үшін жасанды интеллекті пайдалану жоспарлануда.
Қазақстан Республикасы соттарындағы электрондық іс жүргізу – заманауи, ашық және қолжетімді сот жүйесін құру жолындағы маңызды қадам.
Сот практикасын саралау – әділдік кепілі
Сот тәжірибесін зерделеу мен талдау жұмыстары сот практикасының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, белгілі бір істер бойынша қабылданған шешімдер зерттеліп, заңнаманың біркелкі қолданылуына жағдай жасалады. Бұл қадам – құқықтық мемлекет қағидаларының орындалуына жол ашады.
Саладағы инфрақұрылым мен материалдық база – басты назарда. Сот реформасы аясында өңірдегі сот ғимараттарының жай-күйі, жабдықталуы, ІТ-инфрақұрылым да назардан тыс қалып отырған жоқ. Қазірдің өзінде аудандық соттарға дейін жаңғырту, бейнеконференция құралдарымен жабдықтау, қауіпсіздік шараларын жетілдіру сынды жұмыстар атқарылған. Болашақта атқарылатын жоспарлар нақтыланып, пысықталу үстінде.
Халық сенімін не арттырады?
Сот жүйесіне деген халық сенімі – реформаның нәтижесін бағалаудың басты көрсеткіші. Бұл бағытта облыста «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсету орталықтары, онлайн кеңес беру, мобильді қосымшалар арқылы байланыс орнату тәжірибесі енгізілген.
Басты ұстаным – қарапайым азамат үшін әділдікке жетудің жеңіл жолын қалыптастыру екенін атап өту керек.
Түйін
Қарағанды облысындағы сот жүйесі – елдегі ең ірі құқықтық құрылымдардың бірі. Онда жүргізіліп жатқан реформалар бүкіл ел аумағындағы сот жүйесін жаңғыртуға үлгі бола алады. Цифрлық даму, кадрлық өзгеріс, әділеттілік қағидаттарын ұстану – бүгінгі реформалардың басты тірегі.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»