Бас тақырып

ЧЕРНОБЫЛЬДЫҚТАР неге елеусіз?

Адамзатқа орны толмас қасірет әкелген Чернобыль апатына 35 жыл толды. Арада қанша уақыт өтсе де адам жанының жазылмас жарасына айналған жарылыс Украинада орын алды. В.Ленин атындағы Чернобыль атом электр станциясының жарылуы салдарынан ауаға радиактивті заттар – уранизатопы, плутанин, цезий тарады.

Талайдың тағдырын шайқаған апатты залалсыздандыруға Қазақстаннан 30 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 6 мыңға жуық қарағандылықтар бар. Апаттың салдарын жоюда әскер қатарындағы өрімдей жас азаматтар мен кеншілер қатары басым болды. Шаң мен тозаң, қызыл жалынның ішінде жүрген алғашқы сәттен бастап, барған адамдардың жағдайы нашарлай бастады. Олардың орнын солдаттар алмас-тырып отырды. Адам денесіне еш кедергісіз енген радиактивті сәуле адам денесіндегі биохимиялық процестердің өзгеруіне әкелді. Оның соңы ағзаның тұтастай жүйесінің бұзылуына, ішкі органдардың істен шыға бастауына әкеп соқты. Чернобыль реакторындағы алапат апаттың орын алғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Алайда оның зардаптары әлі күнге дейін толастаған жоқ.

– Алапат жарылыстың ортасында болған адамдардың бүгінде арамызда тірі жүргені саусақпен санарлық. Бар болса да денсаулықтары жоқ. Салдары, зардабы Ұлы Отан соғысымен пара пар. Денені жайлаған «у» үнсіз ғана азаматтарды жаппай қырып жатты. Аман қалғандары – мүгедек. Бізді Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірген. Бірақ, көрсетіп отырған көмек жоқтың қасы. Тек, мүгедектерге төленетін жәрдемақының мөлшері ғана артқан. Тағы бір айта кететін жайт, Чернобыль апатына қатысқан азаматтарды санатына қарай бөледі, яғни, апат ошағында болғандар және сыртында, маңайындағы қалаларда апат салдарын жоюға қатысқандар деп. Мерекеміз кезінде бір реттік 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріп келеді. Әлі де Чернобыль апатынан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қолдау көрсетсе дұрыс болар еді, – дейді облыстық Чернобыльдің аса қауіпті аймақта болған мүгедектер ардагерлер одағының төрағасы Мейрам Баекенов.

1986-89 жылдар аралығында алапат апаттың ортасында болған қазақстандық азаматтардың елеусіз қалып жатқаны өкінішті-ақ. Олардың өтініш-тілегі ескерілмей, тиісті деңгейде көңіл бөлмеу, тек жылына бір келетін мерекеде ғана еске алып, арамызда жүргендеріне сыйақы беру жауырды жаба тоқу ма?

PS.: Бет қатталып жатқанда Чернобыль апатына 35 жыл толуына орай ардагерлерге ведомствалық медаль табысталатынын естідік. Өткінші оқиға болғанымен, жаны жаралы ардагерлерге алдағы уақытта көңіл бөлу арта түсер деген үміттеміз…

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button