Жаңалықтар

Бюджеттің бүйірі тоғая түсті

Бейсенбі күні облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXV сессиясы өтіп, оның күн тәртібіне маңызды мәселелер шығарылды. №19 Гагарин сайлау округінен сайланған депутат Иван ГЕОРГИАДИ төрағалық еткен халық қалаулыларының басты жиынына облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек ДҮЙСЕБАЕВ, облыс әкімінің салалық бағыттарға жауапты орынбасарлары, облыстық деңгейдегі департаменттер, басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алғашқы кезекте күн тәртібіндегі «Қарағанды облыстық мәслихатының 2018 жылғы 12 желтоқсандағы ХХ сессиясының №356 «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе бойынша мінберге көтерілген облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина депутаттар мен сессияға қатысушылар назарын 2019 жылға арналған облыстық бюджеттің нақтыланған жобасында ұсынылып отырған дерек сандарға аударды. Ол сонымен қатар, бұған дейін бекітілген бюджетке енгізілетін өзгерістер облыстық бюджеттік комиссия мен облыс әкімдігінің отырыстарында қаралғанын, нормативтік-құқықтық актілер веб-порталында онлайн талқыланғанын және облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында сүзгіден өткенін тілге тиек етті.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы мәлімдегендей, бюджетте қосалқы қаржы көздерінен түскен түсім негізінде пайда болып, бюджеттің бүйірін тоғайта түскен қаражат Елбасы тапсырмаларына сәйкес, ел игілігін көздей отырып, салалық бағыттарға мақсатты негізде жұмсалмақшы. Нақтылай түссек, өзгерістер енгізуге негіз қалаған қаржының жалпы сомасының 33 пайызы білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу мен материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайта түсуге, амбулаториялық деңгейдегі науқастарды тегін дәрідәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінеді. Денсаулық сақтау саласы мамандарын резидентурада оқыту, жоғары оқу орындары мен колледждерде мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру жайы да осы қатарда. Бұл ретте Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру шаралары мен «Нұр Отан» партиясы XVIII съезінің шешімдері аясындағы міндеттердің орындалуын ақпараттық тұрғыда белсенді сүйемелдеу, бұқаралық спортты дамыту, мәдени мазмұндағы іс-шаралар мен жастар саясаты саласындағы іс-қимылдар да назарға алынған.

Бұлардан бөлек, жалпы соманың 28 пайызы экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталатын болады. Демек, бұл – облыс аумағындағы жолдарға күрделі, орташа және ағымдық жөндеулер жүргізу, жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерінің қалыпты қызметін қамтамасыз ету, мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау, табиғатты қорғау шараларын жүргізу, кәсіпкерлік саласына қолдау көрсету мен туризмнің көкжиегін кеңейту бағытындағы іргелі істер.

 Бюджетке қосымша енгізіліп, бөлініске түсетін қаржының 4 пайызын қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге және жұмылдыру дайындығы шараларын өткізуге жұмсау көзделген.

Бұдан тысқары, 25 пайыз көлеміндегі қаражат бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Тарқатып айтсақ, соның аясында әлеуметтік саладағы 3 жоба, тұрғын үй құрылысы бағытындағы 7 жоба, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына жататын 5 жоба, абаттандыру және жылумен, сумен іркіліссіз жабдықтауды, сондай-ақ, су шығару жұмыстарын пәрменді ете түсуге қатысты 6 жоба қарастырылған. Бұлардың қатарында көлік инфрақұрылымы саласына тиесілі ауқымды 4 жоба да бар.

Депутаттар сессия барысында нақтыланған бюджет жобасында ұсынылған облыстың өзінің қаражат қоржынындағы қаржы бөлінісін бекітумен қатар, республикалық бюджеттен қосымша негізде түсетін 22, 6 млрд. теңгенің ел игілігі үшін тиімді мақсаттарға бағытталуы жайын да талқыға салды. Аталған соманың 16,3 млрд. теңгесі мақсатты ағымдық трансферттер болса, 7,4 млрд. теңгені құрайтын екінші бөлігі аймақтың одан әрі дамуы шараларына жұмсалатын болады. Ең бастысы, республикалық бюджет арқылы қарастырылған қосалқы қаржы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы жария еткен әлеуметтік мазмұндағы міндеттерді жүйелі әрі сапалы жүргізу талаптарын қамтиды. Облыстық мәслихаттың депутаттары облыстық бюджеттің нақтыланған жобасын бірауыздан әрі толығымен мақұлдады.

Халық қалаулыларының жиынында сонымен қатар, «Қарағанды облыстық мәслихатының 2018 жылғы 4 мамырдағы XV сессиясының №308 «Жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізімін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» қазіргі қоғам үшін өзекті сипаттағы мәселе де күн тәртібіне қойылды. Аталған сауал бойынша облыстың экономика басқармасының басшысы Ораз Тәуірбеков хабарлама жасады. Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында алдын ала жақ-жақты талқыланып, мейлінше пысықталған шешімнің жобасына депутаттар бірауыздан қолдау білдірді. Жаңғыртылып бекітілген жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске іркіліссіз қосылуы әлеуметтік саладағы әлеуетті әрекеттерге соны серпін берері анық.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button