2016 жылы «Она жаждала появления на свет» атты туынды суретшілер мен өнер сүйер қауымның талқысына түскен еді. Ел арасында танымал болған туындыларды әдетте көпшілік авторларын білмей жатады. Араға бірнеше жылдар салып мүсін-суреттің авторы елеусіз қалған жас суретшілердің бірі – Петр БАТТАЛОВ екенін білдік. Суретші облыстық бейнелеу өнері музейінде «Dreams to Reality» атты алғашқы жеке көрмесін ұсынды.
Аталмыш көрмеге автордың 40-тан астам картинасы мен мүсіні қойылды. Мұндағы экспозиция төрт топқа бөлінген. Біріншісі, табиғи апаттар және элементтер. Екіншісі, кейіпкерлер концепті, үшіншісі, әйел жаратылысының өзгеруі болса, төртіншісі, атмосфералық пейзаж.
Бұрын соңды суретші тек жас суретшілердің 2016-2019 жылдары музейде өткен «Serpin» топтық көрмелеріне қатысқан. Ол №93 мектеп-гимназияны бітіргеннен кейін заң факультетіне оқуға түсіпті. Бірақ, ақырында жұмысын тастап, сурет салу, мүсіндеу, музыка жазу және үстел ойындарын жасаумен шұғылданады. Жас жігіт қарағандылық белгілі суретші Қайрат Кей-Кейден дәріс алған. Содан портрет негізінде ескерткіш, кейін үстел ойындарын жасаумен әуестенеді. Бүгінгі таңда оның туындыларының ішінде 10 шақты үстел ойыны бар. Сол ойын түрлерін өзі жүргізіп, көпшілікке насихаттап жүр. Сонымен қатар, ол музыкалық аспаптарда да шебер ойнайды. Тіпті, заңгер болып жұмыс істеп жүргенде де сурет салуды тоқтатпаған. Атасы – прокурор болған. Әрі натюрморт салудың шебері екен. Ал, анасы мектепте қабырға газетін жүргізіпті. Белгілі суретшінің бойына осы бір талант әке-шешесінен дарыды деп айтуға толық негіз бар.
– Бұған дейін туындыларымның ішінен 3-5-еуін ғана таңдап көрмеге ұсынатын едім. Қазір осы көрмеде өзімнің жеке кешімді өткізіп отырмын. Туындыларымды дайындап, көпшілік назарына шығару үшін жарты жыл уақыт кетті. Мені компьютерлік ойындар, әйел заты, табиғат шабыттандырады. Сурет салуды алғаш бастаған кезім әлі де есімде. 3-5 жасымда тәрбиешілер қолыма қалам ұстатып, адам бейнесін салуды үйретті. Сол уақыттан бастап, сурет салуға әуестігім артып, мықтап ден қоя бастадым.
2013 жылы әдеттегі шығармашылық адамдардың басынан өтетін тоқырау – маған да келді. Қанша салғым келсе де қолым жүрмеді. Сол уақытта қолыма қаламымды алып, шимайлай бердім, шимайлай бердім. Соның нәтижесінде салған дүниелерім баттасып, көлем пайда болды. Уақыт өте келе ерекше әрі түрлі эмоция тудыру үшін «Неге 3D форматында сурет салмасқа?» деген ой мазалады.
Ал, 2017 жылы тек қорқынышты, қараңғы бейнелерді салатынмын. Себебі, ойыма тек сондай ойлар ғана келетін. Уақыт өте махаббат, таңдану, мистика бейнелерін сала бастадым. Көрмеге осы уақытқа дейін жинаған еңбектерім қойылды, – деді Петр Батталов.
Көрмедегі жүрек тебірентпей қоймайтын ең ерекше туынды «Жүректің өзгеруі» деп аталады. Бұл суретте кубик-рубик, шыны әйнектер мен анатомиялық жүрек бейнеленген. Суретке қарап тұрсаңыз, «Не туралы бейнеленген?» деген сауал туындайды.
Адам бойында түсініп бола бермейтін қасиеттер бар. Кейде бір-бірімізге суық қабақ танытып жатамыз. Орынсыз әдеп танытып, шеңберден шығатынымыз және бар. Ал, бұл айналамыздағы жандардың шынайы болмысы. Осындай мінездің салдарынан жұдырықтай жүрек зардап шегеді. Адам бойындағы құбылысты автор осы бір картинасы арқылы жеткізсе керек. Автордың айтуы бойынша осы және басқа да кейбір суреттерін достарымен бірлесіп салыпты. Сол себепті, «жүрекке жақын, ыстық туындылардың бірі – осы картинам» дейді автор.
Бейнелеу өнері музейі директорының орынбасары Александр Гехт те аталмыш көрменің ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Әр адамның өмірінде маңызда оқиға болады. Мәселен, диплом алу, отау құру, шілдехана және тағы басқа да қуанышқа толы сәттер… Дәл сол секілді, суретшінің өміріндегі ең маңызды оқиға – жеке көрмесін өткізу. Петр Батталов өзінің ерекше қиял-ғажайып әлемін туындылары арқылы жеткізді. Мұнда оның авторлық идеяларымен сусындаған тамаша графикасы, мүсіндері қойылды. Оның алғашқы көрмесі жоғары деңгейде өтті деп айтуға толық негіз бар, – деді Александр Генадьевич.
Шара соңында Петр Батталов «The A.P.P.» тобының мүшесі Алена және Павел Нечаевпен бірлесе гитарада ойнап, рок, лирика бағытында түрлі шығармаларын орындады.
Балғын ҰЗАҚБАЙ,
ҚарУ-дың ІІ курс студенті.