Жаңалықтар

Болашағы жарқын зауыт

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел жадында. Жылына 40 миллион сомға өнім өндірген Қарағандыдағы Таукен шахта жабдықтарын жөндеу зауытының басына да бұлт үйірілді. Әркімнің жекеменшігіне өтіп, бұйым жасауға емес, базардағы жан-жақтан келген жүктерді үйетін қоймаға айналды. Тек 1999 жылы «Қазақмыс» корпорациясы зауытқа алғашқы 15 миллион теңгеге тапсырыс бергенде ғана құлап барып тіктелді. Бұл күнді асыға күткен, тоқырауға ұшырағанда қалған аз-кем жұмыскер іске білек сыбана кірісті. Ал, 2000 жылдың 6 қазаны зауыт үшін ұмытылмас күн. «Қазақмыс» корпорациясының бөлімшесі болып қайта құрылды. Зауыттың кешегісі, бүгіні мен болашағы туралы Maker ЖШС-KLMZ басқарма басшысы Жәнібек БАЙ­ҒАБЕЛОВПЕН аз-кем әңгімелескен едік.

Зауытқа – 80 жыл KLMZ тамыры сонау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына кетеді. 80 жылдығын тойлаған зауыттың бүгінгі басшысы Жәнібек Байғабеловтің айтары көп. Төрағалыққа келгеніне екі жыл болса да, зауыттың қыр-сырын жақсы біледі. – Зауыт өз тарихында бірнеше өзгерісті өткерді. Кеңес Одағы ыдырағанда зауытта 3 мыңдай адам жұмыс істеді. Қалада және Майқұдықтағы қазіргі «QAZ CARBON» ЖШС аумағында өз цехтары болды. Сол уақыттан бастап құлдырау да, қысқарту да болды. 2000 жылдары зауыт тау-кен шахта жабдықтарын жөндеумен айналысты. «Қазақмыс» корпорациясы сатып алды да мыс шахталарының жабдықтарын жасайтын зауыт ретінде қайта жасақтады. Басты тарихи оқиға – бес жыл бұрын корпорацияның 60 миллион доллар лизинг бөлген уақыты. Осының арқасында 100 данадай арнайы жабдық сатып алынды, – дейді Жәнібек Байғабелов.

Бүгінгі күні Maker ЖШС-KLMZ – Қазақстандағы СББ станоктардың ең ауқымды паркі бар, озық технологияларды, құралдарды және виртуалды ортада өңдеуді толық модельдеумен компьютерленген конструкторлықтехнологиялық өнімдерді пайдаланып, механикалық өңдеудің кең ауқымын қамтитын әмбебап үлгідегі импорт алмастыратын ірі машина жасау кәсіпорны. Зауыт өңдеудің барлық кезеңдерінде Renishaw датчиктерін пайдаланып, станокта бөлшектерді өлшеп және импорттық кескіш құралды қолдана отырып, жоғары жылдамдықты, жоғары дәлдікті өңдеуді қолданады. SIEMENS NX, Teamcenter бағдарламалық өнімдері базасында өндірісті конструкторлық және технологиялық дайындаудың бірыңғай жүйесін, құрал ұзындығын анықтау үшін Zollerd өлшеу машинасын пайдаланады. Кәсіпорында металдың барлық түрі өңделеді.

– Көпшілікке «ҚДБ-Лизинг» бағдарламасымен сатып алынған бірегей станоктар қызықты болды. Бұл жаңартылған CББ паркі. Өңірдің басқа да машина жасаушыларымен бірге тиімділікті арттырып, сапалы өнім шығарудамыз, – деп атап өтті Жәнібек Байғабелов.

Зауыт тау-кен, металлургия саласына қажетті жабдықтарды өндіреді. Көмір таситын вагонеткалар, шахта түбіндегі суды соратын насос тар, жүздеген тонна топырақты ұстап тұратын анкерлік бекітпелер, кеніштердегі ауыр техниканың бөлшектері, заулаған пойыздардың тежегіштері сынды мыңдаған бұйым жасалады. Барлығы 12 мың түрлі өнім бар. Өнімі шет елге де шығады Еліміздің ең ірі өңірлерінің бірі – Қарағанды облысы пандемияға қарамастан, 2020 жылы даму қарқынын бәсеңдеткен жоқ және бұрынғысынша серпінді дамып келе жатқан өңірлер қатарында қалған.

– Машина жасау – республиканың ұлттық қауіпсіздігінің кепілі. Бұл, әсіресе дағдарыс кезінде, шет елмен тауар тасу тоқтап, шекара жабылған уақытта байқалды. Әлемдегі дағдарысқа қарамастан, біздің облыстың машина жасаушылары өз өнімінің көлемін ұлғайтты. Бұл импорттық өнімді алмастыру, өндірістің жаңа номенклатурасын игеру арқасында мүмкін болды, – дейді зауыт басшысы.

Облыс басшылығының қолдауымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚмен үш жақты келісім нәтижелі болып, импорттық өнімді теміртаулық металмен алмастырған KLMZ зауыты ішкі нарықты игеріп қана қоймай, өз өнімдерін экспортқа шығара бастады. Бүгінде КLMZ өнімдері Қырғызстан, Ресей, Өзбекстанға да шығады.

– Өңірдегі машина жасаушылар дың жақсы бәсекелестік артықшылығы бар. Бұл әлі күнге әлемді әбігерге салған пандемия жағдайында шығындарды ұлғайтпай, жаңа нарықтар мен технологияларға дейін импорттық өнімдерді тұтынатын елеулі тұтынушылардың болуы. KLMZ зауытының негізгі тапсырыс берушісі – «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазмырыш» компаниясымен келісім бар. Компания ай сайын миллиард теңгеге 12 мың өнім түрін шығарады, – деді зауыт басшысы.

Айта кету керек, әлемде машина жасау саласы 25%-ға қысқарған кезде, Қазақстанда өткен жылы өндіріс көлемі ақшалай мәнде 35%-ға өскен. Ал, KLMZ зауытының өндіріс көлемі 40%ға дейін артты. Ұжымды ынталандыру – нәтижелі жұмыс Бүгінгі таңда зауытта 778 өз ісінің маманы еңбек етуде. Жедел түрде жаңа құжаттаманы игеріп, жобаларды жасай алатын 50 жоғары білікті дизайнер мен технологтардың болуы бәсекелестіктегі артықшылықтың бірі. Зауыттың өз конструкторлықтехнологиялық басқармасы бар. 60 адам еңбек етеді. Барлығы – конструкторлар мен технологтар. Кез келген жаңа бұйымның сызбасы осында сызылады. Төлқұжаты түзіліп, кепілдігі де беріледі. Зауыттың қарамағына Қарағандыдан тыс, Балқаш, Жезқазған қалаларында кәсіпорындар берілген. Үш қалада 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Металлургия мен тау-кен саласынан бөлек, зауыт жаңа бағыттарды да игеруге күш салуда. Мұнай-газ саласына қызығушылық зор. «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын тапсырысын жеңіп алды. Әрине, мұның бәрі, жұмысты ұтымды ұйымдастырып, оларды ынталандырып отырған басшылықтың еңбегі десек артық болмас.

– Зауыт жұмыскерлері ресурс үнемдеуге, еңбек үнемділігін арттыруға баса көңіл бөледі. Бұл бағытта ынталандыру жобаларын қолға алдық. Соның бірі – «Идеялар генераторы» жобасы. Аталған жоба аясында кез келген жұмысшы немесе ұжым өзінің соны ойын ортаға салады. Үздік, әрі тиімді жоба иегерлері ақшалай марапатталады. «Идеялар генераторының» арқасында еңбек өнімділігі 2,8 есе артты. Және ресурс шығынын азайттық. Мысалы, жылдар бойы белгілі бір бұйымға станокпен тесік салу үшін төрт ауысым кететін. Жұмысшылар газ арқылы тесуді ұсынды. Яғни, төрт ауысымда істейтін жұмысты жарты-ақ ауысымда бітіріп тастамақ, – дейді зауыт басшысы.

Зауытта спортқа да көніл бөлген. Арнайы жарыстар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, әр жұмыскерге пандемия уақытында 100 мың теңгеден берілді. Зауыттан қолдау бар Зауыт «Қолғанат Қарағанды» ЖШС-мен жұмыс істейді. Бұл тігін кәсіпорны бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс киімдерін тігу, жөндеу және жуу бойынша жұмыстарды атқарып келеді, яғни ол зауыттың серіктесі болып табылады. «Қолғанат» ЖШС-нің 60 қызметкерінің 17-сі мүмкіндігі шектеулі жандар. Сонымен қатар, әртүрлі жарыстарға арналған киімдерді осы кісілер тігеді. Зауыт басшылығы ардагерлерін де ұмытпайды. Оларды әр мереке сайын шақырып, құрмет көрсетеді.

– Тәуелсіздік мерейтойы мен Қарағанды құю-машина жасау зауытының 80 жылдығына орай Мaker ЖШС Қарағанды хайуанаттар бағына ерекше сыйлық жасады. Тойға тарту ретінде еуропалық муфлон сатып алуға 600 000 теңге көлемінде қаражат бөлдік. Осының арқасында Беларусь Республикасындағы Могилев облысының К.Орловский атындағы Могилев мемлекеттік кәсіптік агроормантехникалық колледжімен келісіп, екі муфлонды сатып алып бердік, – дейді Жәнібек Байғабелов.

Зауыт басшысы өндіріске жаңа жұмыскерлер керек екенін де жеткізді. Өйткені, қазіргі уақытта автоматтандырылған станоктарда тұратын жастар азайған. Дегенмен, бұл тығырықтан шығар жол табылғандай. «Қаладағы машина жасау техникумын бітірген жас мамандарды жұмысқа алудамыз», – дейді ол.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына үлкен табыспен жеткен Maker ЖШСKLMZ басшысы Жәнібек Алтынбекұлы: «Алдағы уақытта да өнім түрі мен ақшалай табысты еселей береміз», дейді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button