Болашақтың берекелі бағдары

    Газетіміздің сенбідегі санында хабарлағанымыздай, жұма күні облыс активінің жиыны өтті. Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ тізгінін ұстаған келелі жиынның көздегені –  Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттерге орай атқарылуы тиіс жұмыстар бағытын нақтылау болды.

Он міндет –

Темірқазық

Жиынды ашқан Ерлан Жақанұлы Жолдауда көрініс тапқан тапсырмалар – жергілікті билік жұмысының Темірқазығына айналатындығын атап өтті.

– Бүгін біз сіздермен еліміз үшін аса маңызды себеппен кездесіп отырмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы жарияланды. Жолдау жаңа әлемге, яғни, Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу үшін не істеу қажеттігін айқындап берді. Елбасы атап айтқандай, Қазақстанның жетістіктері сенімді тірек саналады. Бірақ, ол ертеңгі табыстарымыздың кепілі емес екенін жақсы сезінуіміз керек. Сондықтан, Жолдауда белгіленген 10 міндет – біздің жұмысымыздың  басым бағыты болады деп ойлаймын, – деген облыс әкімі көмірлі өлкенің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.

Тауық жылындағы

толағай табыс

Биылғы жылдың табалдырығын Қарағанды облысы барлық саладағы даму жетістіктерімен аттады. Аймақ басшысы айтқандай, өткен жылдың қорытындыларында жалпы өңірлік өнім көлемінің артуы 2,1 пайыз деңгейінде күтілуде. Өндіріс өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 4,1 пайызға өсті және 2,3 трлн. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 101,6 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілді.

Негізгі капиталға 358 млрд. теңгеден аса инвестициялар салынды. Өсім 10,2  пайызды құрады.

Құрылыс саласында орындалған жұмыстар көлемі 8,6 пайызға артты. Яғни, 374 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 3,5 мыңға жуық отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Сауда саласында 7 пайыздан аса өсім бар. Сондай-ақ, жұмыссыздықтың деңгейі 4,7 пайызға дейін төмендеді. Ал, негізгі бюджеттік міндеттемелер толығымен орындалды.

Табысты жылдың негізгі қорытындыларын ортаға салған әкім Жолдау аясында қолға алынуы қажет жұмыстарға тоқталды.

Бәсекеге қабілетті өндіріс – басты бағыт

Индустриаландыру – жаңа технологияларды енгізу флагманына айналуы қажет. Бұл бағытта еңбек өнімділігі жоғары өңдеу секторын дамытуға басым көңіл бөлінбек.

Былтырғы жылы саладағы өнім көлемі 3,2 пайызға артты. Әр еңбеккердің еңбек өнімділігі 19 мың АҚШ долларын құрады. Бұл – еліміздегі биік көрсеткіштердің бірі.

Жергілікті өнеркәсіп орындары өндіріс қуатын жыл санап арттыруда. Бүгінде Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде жолға қойылған 84 жоба аймақтағы өндірістік өнімнің 8 пайыздан астам бөлігін беруде.

Жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті өнім өндіруде кәсіпорындар өндірістік процестерді оңтайландыруы қажет. Биыл өңірдегі жүйеқұраушы өндіріс ошақтары жаңғырту және цифрландыру жұмыстарына 111 млрд. теңге салуға міндеттелді. Қазіргі таңда аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Қашықтықтан басқару жүйелері іске қосылуда.

Елбасы бірнеше қазақстандық кәсіпорындарды цифрландыру жүйесіне қосуды тапсырған еді. Қарағанды аймағында бұл жұмыстарды жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Мәселен, биыл «Шұбаркөл Көмір» АҚ көмір разрезінде «Ақылды карьер» басқару жүйесін енгізілмек. «Алтын Алмас» тау-кен-металлургиялық кәсіпорны 2020 жылға дейін «Цифрлы кеніш» жобасын іске қоспақ.

Облыс әкімі жергілікті атқарушы биліктің міндеті осы өндіріс орындарын дамытуға қолайлы климат қалыптастыру екендігін қадап айтты. Облыста Аймақтық инновациялар кеңсесі құрылатындығын жеткізді.

– Жергілікті атқару билік органдары ретінде біздің міндетіміз – аталмыш бағыттағы өндірісті дамыту үшін жағдай жасау. Біз ғалымдар мен өндіріс ошақтары өзара диалог алаңы – Ғылым, инвестициялар және жаңа технологиялар бойынша кеңес құрдық. Биылғы жылы аймақтың ғылыми ұйымдарымен және өндірістік кәсіпорындарымен өзара қарым-қатынас орнататын Аймақтық инновациялар кеңсесін құру және дамыту көзделіп отыр, – деді Ерлан Қошанов.

Ресурс үнемі –

береке басы

Ресурс үнемдеу – облыс дамуының басты принциптерінің бірі болмақ. Кейінгі жылдары шикізат ресурсын тиімді пайдалануға мән берілуде. Мәселен, Балқаш қаласында «Коунрад» мыс компаниясы мыс балқыту комбинатының жылдар бойғы қалдықтарынан катод мысын өндіруде. Қазақстан-Қытай бірлескен «АйСиСи» кәсіпорны темір концентратын алуда.

Сондай-ақ, Елбасы телекөпір арқылы автокөліктерді өңдеу зауытының екінші кезегін іске қосты.

Облыста экологиялық, энергетикалық тұрғыдан тиімді жобаларды дамытуға баса назар аударылуда. Облыста жаңғыртылмалы энергия көздерінен алынатын қуат көлемі жылына 4,5 млн. кВт/сағ. асады. Бұл – аз. 2020 жылға дейін қуаты 265 Мвт болатын 6 электр станциясы салынбақ. Құны 170 млрд. теңге болатын бұл жобалар инвестициялар арқылы тұрғызылуда.

Агроөнеркәсіпке –

ауқымды қолдау

«Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуға жол ашады. Әкім ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер экстенсивті өндірістен – қарқынды өндіріске түбегейлі көшуі қажеттігін айтты.

– Бізде заманауи технологияларды қолданып жүрген шаруа қожалықтары қазірдің өзінде бар. Бұл орайда, егін шаруашылығының нақты элементтері, GPS және жерді алдын ала тексеру технологиялары қолданылып келеді. Яғни, осылайша жинақталған мәліметтер – егінді жоспарлауға, жер тыңайту және өсімдік қорғау кезінде нақты есеп жүргізуге, астық өнімділігі мен қаржылық болжам жасауға кең мүмкіндік береді. Мұның өзі – фермерлердің химиялық өңдеуге жұмсалатын қаржыны 30 пайыз үнемдеп, астық өнімділігін 40 пайызға арттыруға мүмкіндік береді, – деді әкім.

Әйтсе де, технологияны енгізуде ғылыми негіздерге сүйену қажеттігін де ескертті аймақ басшысы.

– Технологияны енгізу осы екен деп, ойсыз қадамдар жасалмауы керек. Оның кәдімгі ғылыми негізі болуы шарт. Бізде ол үшін барлығы бар. Қазақ агротехникалық университетімен тығыз жұмыс жасап жатырмыз, өзіміздің ғалымдарымыз бар, – деді.

Биыл кооперациялар құру жұмыстары күшейеді. Қазір облыста 93 кооператив бар. Жұмысы ырғақты кооперативтер өнімін қайта өңдеушілер қолдануда. Кооперативтердің 700 мүшесі «ҚазАгро» арқылы 2 млрд. теңгеге жуық жеңілдетілген несие алды.

Жерді тиімсіз пайдаланып отырғандарға шара қолданылады. Облыста 2 млн. гектарға жуық жер тиісті мақсатта іске жаратылмауда. Оның 300 мың гектары – мемлекетке қайтарылса, 1 млн. гектарға жуығы қайта пайдаланылуда. Деректерді келтірген облыс әкімі жер мәселесіне қатысты жұмыстар биыл да қарқынмен жалғасатынын айтты.

Жол жөндеуге –

жіті назар

Биыл облыста көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасады. Аймақтағы жолдарды жөндеуге 39,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражат 800 шақырым жолды қамтуға жетеді.

– Қарағанды облысы үлкен транзитті әлеуетке ие. Біз бұл артықшылықты толыққанды пайдалануымыз керек. Елбасының жергілікті жол тораптарын жөндеуді және қайта қалпына келтіруді қаржыландыруды ұлғайту бойынша тапсырмасы бар. Өткен жылы біз бұл бағытта үлкен жұмыс атқардық. 33,5 млрд. теңгеге 863 шақырым жол жөнделді, – деді Ерлан Қошанов.

Жөндеу жұмыстары «Қарағанды – Жезқазған», «Қарағанды – Қарқаралы» күрежолдарында жүргізілді. Қарағандының Солтүстік және Шығыс айналып өту жолдарының құрылысы басталды.

2018 жылы Қарағандыдан Теміртауға өтетін «Орталық – Оңтүстік» өткеліндегі жөндеу жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, осы жылға «Қарағанды – Жезқазған» күрежолының бөліктеріндегі орташа жөндеу бойынша, Қарқаралыдан Баянауылға бағытталған жолдың бір жылға жұмыс кестесі жоспарланған. Облыстық және аудандық авто жолдардағы төрт көпірді қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауға, «Қарабас – Жартас» және «Ақтоғай – Балқаш» бағыттарындағы проблемалық бөліктерде күрделі жөндеу өткізуге қаражат қарастырылған.

– Алғаш рет біз бюджеттен аудан орталықтарының ішіндегі жолдарды жөндеуге қаражат қарастырып отырмыз, – деп атап өтті Ерлан Жақанұлы жиында.

Баспанамен қамту – қарқынды

Құрылыс және коммуналдық секторды заманауи технологиялар кеңінен қолдау табады. Облыста құрылыс қарқынмен жүруде. Соңғы үш жылда құрылысқа 115 млрд. теңге инвестиция құйылды. 9 мың отбасы баспаналы болды. Бір тұрғын 21,3 шаршы метр баспанамен қамтамасыз етілген. Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 30 шаршы метрге жеткізу жоспарлануда.

Сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші артуда. Өткен жылы ауылдық жерлердегі 6 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізді. Биыл бұл мақсаттағы 4 жобаға 900 млн. теңге жұмсалмақ.

Білім жаңғыруы –

өркендеу кілті

Елбасы білім беру саласына экономиканың бір саласы ретінде қарау уақыты келгенін айтты. Бұл мақсатта облыста жаңашыл жобалар қарқынмен жалғасын таба бермек.

Ерлан Жақанұлы білім беру робототехникасын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, аймақтың кәсіби техникалық білім саласында аймақаралық құзырет орталықтары құрылады.

– 2016 жылдан бастап білім берудің жаңартылған құрамына ауысу басталды. Жаңа бағдарламалар бойынша біздің облыстағы 40 пайыздан астам мектеп ұстаздары дайындықтан өтті. Осы жылдың соңына дейін олардың үлесі 60 пайызға дейін ұлғаяды. Сіздер білесіздер, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған құрамға ауысқан мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға көтеріледі, – деді аймақ басшысы.

Облыста робототехника білімін дамытуға басымдық берілуде.

– Тек, соңғы жылдың өзінде мектеп зертханаларының саны 47-ден 200-ге дейін ұлғайды. Біздің алдағы жылға қойып отырған мақсатымыз – робототехникамен барлық орта және негізгі мектептерді қамту. Олардың саны бізде – 467. Бізге мектептердегі робототехника зертханалары базасында технопарктер құру бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Менің ойымша, оны облысымыздың барлық қалаларында жасауға болады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, әкім қосымша білім беру ұйымдарының, әсіресе, техникалық бағыттағы мекемелердің желісін кеңейту қажеттігін айтты. Кәсіби және техникалық білім жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасады. 3 колледж негізінде аймақаралық құзырет орталықтары құрылады. Облыстағы екі колледж республикада алғашқылардың бірі болып жоғарғы дәрежеге ие болды. Білім басқармасы мұндай колледждер қатарын жыл соңына дейін алтыға жеткізуі тиіс.

Қазақ тілінің тұғыры да әкім сөзіне арқау болды.

– Елбасы халыққа Жолдауында қазақ тілі ғұмырлы болатынын тағы бір мәрте атап өтті. Сонымен қатар, ағылшын және орыс тілдерін еркін меңгеру үшін де барлық жағдай жасалатынын айтты. Сондықтан да, тілдерді оқыту жұмыстарын 1-ші сыныптан бастап дұрыс жолға қою, жоғарғы сыныптарда жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру мәселесін өз деңгейінде шешу – білім басқармасы мен жоғарғы оқу орындарының алдында тұрған міндет болып табылады. Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін әліпбиімізді латын графикасына көшіру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, нақты шаралар қабылдануда. Осы бағыттағы жұмыстардың ауқымдылығын ескере отырып, тілдерді дамыту басқармасы жанынан тікелей осы мәселелермен айналысатын арнайы ресурстық орталық құру жөнінде тапсырма берген болатынмын, – деген облыс әкімі жауапты тұлғаларға аталған бағыттағы жұмыстарды ширатуға тапсырма берді.

Халық денсаулығы – мемлекет тірегі

Облыс әкімі медициналық-санитарлық көмекті дамыту жөнінде сөз қозғады.

– Нұрсұлтан Әбішұлы алдын алу шараларын үдету арқылы медициналық көмекті жақсарту бойынша нақты тапсырмалар қойды. Бізге алдағы уақытқа алғашқы медициналық-санитарлық көмекті әрі қарай дамытуға басымдылық жасау қажет. Отбасылық денсаулық орталықтарының желілерін дамыту керек, соның арқасында білікті көмекті тұрғындарға жақындатуымыз тиіс, – деді Ерлан Қошанов.

Сөз арасында аймақ басшысы облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде ашылған отбасылық денсаулық орталығының жұмысын мысал етті.

– Бұл тәжірибені әрі қарай жалғастыруымыз қажет. Денсаулық сақтау басқармасы және қала мен аудандардың әкімдері тарапынан бір апта ішінде аймақтарда отбасылық денсаулық орталықтарын дамыту бойынша егжей-тегжейлі жобалар ұсынылсын. Облысымыздың барлық емханаларында қоғамдық денсаулықты қорғау қызметтерін, жастар денсаулығы орталықтарын дамыту қажет. Осы орайда, денсаулық сақтау басқармасына 1 ақпанға дейін Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құруды және кезең-кезеңмен барлық алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында филиалдар ұйымдастыруды тапсырамын, – деді Ерлан Жақанұлы.

Сондай-ақ, жиында облыста ғалымдардың қатысуымен онкологиялық дерттермен күрес бағытындағы жаңа Кешенді жоспар жасақталатындығы белгілі болды.

Смарт-сити –

келешек технологиясы

Қарағанды аймағында Смарт-сити технологиялары енгізіледі.

– Смарт-сити бағыты бойынша Қарағанды облысы пилоттық аймақтар қатарына енді. Біздің мақсатымыз – жаңа технологиялар арқылы қалалық ортаны, Елбасы айтқандай, өмір сүруге және жұмыс істеуге жайлы болатындай етіп ұйымдастыру болып табылады. Бүгінгі таңда 2018 жылдың соңында іске қосылатын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі бойынша бірыңғай үйлестіру орталығы құрылуда. Ол «Ақылды қаланың» интеграциялық өзегі болады, – деді аймақ басшысы.

«Смарт-сити» элементтері кезең-кезеңмен енгізуде әлемдік тәжірибе негізге алынған. Бірінші кезекте, «Қауіпсіз қала» жүйесі қолға алынды. Мұнда бейнесараптау және оқиғалық хабарлауы бар ауқымды бақылау жүйесі қамтылған. Қазіргі таңда Қарағандыда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған облыстық ІІД жедел басқару орталығына қосылған үш мыңнан астам бейнекамералар жұмыс істейді. Бір жыл көлемінде кәсіпорындар мен мекемелерде тағы 12 мың бейнекамералар қосу жоспарлануда.

Аймағымызда денсаулық сақтау және білім беру салаларында ақпараттық жүйе дамып келеді. Қарағандыда жүзеге асуы мамыр айына жоспарланған электронды билеттеу жүйесін және электрондық диспетчерлеуді енгізу бойынша жұмыстар басталды.

– Тұрғын үй-коммнуалдық шаруашылығы саласында коммуналдық қызмет сапасына мониторинг жүргізуді енгізбекпіз. Келешекте келесі кезеңге сай қаланы басқарудың ақылды жүйелері пайда болуы тиіс. Смарт-сити технологияларын біз Қарағандыда енгізіп жатырмыз. Келешекте бұл тәжірибе облысымыздың басқа аймақтарында да жүзеге асырылады, – деді Ерлан Жақанұлы.

Сондай-ақ, жиында облыс әкімі тиімді мемлекеттік басқару тетіктері, сыбайлас жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі бағыттарында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Сөз барысында айқындалған міндеттер бойынша орынбасарларына, департаменттер мен басқармалар басшыларына, аудандар мен қалалар әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Елбасы Жолдауында көрсетілген жұмыстарды атқаруда біріге еңбек етуге шақырды.

Сүбелі ойлар

тоғысы

Жиында бірқатар қатысушылар Жолдаудың маңызы, құжатты көрсетілген міндеттерді тиімділікпен жүзеге асыру жөніндегі пайымдарымен бөлісті.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Елбасы Жолдауында еліміздің келешек даму жолын айқындап, биыл атқарылуы қажет жұмыстар шеңберін нақтылады. Қарағанды жері – Елбасы азамат ретінде қалыптасып, саяси белсенділігін танытқан мекен. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутат ретінде айтарым, Қарағанды облысы – көпұлтты, көпдінді аймақ. Бұл жерде түрлі ұлт өкілдері шәй дейспей ғұмыр кешуде. Ынтымақты жерге ырыс келеді. Тыныштықтың арқасында соңғы жылдары облысқа миллиардтаған теңге қаржы құйылуда. Елбасы Жолдауында осы мол байлықты еселеу көзделген. Бұл бағытта барлығымыздың пікіріміз бір жерден шығады деген сенімдемін.

Сондай-ақ,  облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы, ҚЭУ ректоры Ерқара Аймағамбетов, «Жәйрем тау-кен-байыту комбинаты» АҚ басқармасының төрағасы Алексей Бурковский, Абай ауданындағы «Шанс» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк, Қарағанды қаласындағы №92 гимназияның мұғалімі Құндыз Балапанова, «Эргономика» ЖШС бас директоры Сергей Полищук, ҚР Ұлттық Банкі Қарағанды филиалының директоры Ғазиз Шегенов және ҚарМТУ Цифрлық университетті реттеу жөніндегі департаменті басқармасының жетекшісі Мұрат Қожанов өз ойларын ортаға салды.

Нұрқанат ҚАНАФИН

 

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.