Біз бар емеспіз бе?

Құрметті редакция!
«Ortalyq Qazaqstan»-ды бояуы кеппей алып (сайттағы PDF форматында), оқып отырамын. Газеттің 27 қыркүйек күнгі санында «Қара шал, тізгін тартып, бөгел бері…» деген тақырыппен Серік Ақсұңқарұлының естелік сипатындағы мақаласы шыққан екен. Соған байланысты мына ескертпеме газеттеріңізден орын берулеріңізді сұраймын.

Көңіл аудармаса да болғандай бір жаңсақ жағдайды байқап қалдым. Бала емес, шаға емес, өзіміз сыйлайтын Секеңнің мына жазғаны шындыққа жанаспағаны былай тұрсын, шылғи өтірік. Әйтпесе, Оңайгүл Тұржанова әріптесіміздің берген ақпары – жалған.
«1987 жылдары «Орталыққа» Алматыдан айтулы публицист Нұрмахан Оразбек Бас редактор болып келеді. Келеді де Оңайгүлден «Газет тартпасында жарыққа шықпай жатқан қандай авторлар бар?» – деп сұрайды. Алдына Жайық ақсақал екеуміздің қолжазбаларымызды көтеріп алып келеді. Содан бастап, Жәкең екеуміз үздіксіз жариялана бастадық», – деп жазыпты автор.

«Обал болған екен. Редактордан бастап. Өңшең сауатсыздар екен ғой. Ақсұңқардай ақынның, Жайықтай жазушының жазғандарын баспаса, кімнің жазғанын жариялаған?» дейді-ау, қазіргі оқырман.

Шындығы олай емес. Өзге емес, мен білемін ғой, тіріміз ғой. Менің қолымнан өтуші еді ғой. Сіздің бір өлеңіңіз жатып қалған жоқ. «Орталығыңызға», бұл дүниеде жоқ қаламдастарға осылай жала жапқаныңыз, әбестік болды. Өзге түгілі, аты-жөні беймәлім, түрмеде жатқан Тыныштықбекті (Әбдікәкімов, қазір – Мемсыйлықтың иегері) сөзінен танып, адресін жазбай жіберген өлеңдерін, редактор Тілеухан марқұмға оңаша көрсетіп, жариялаған едік қой. Жәкеңнің де жолы ашық болды. Қолын қаққан жан болған жоқ. Сыйладық. Рамазан Сағымбеков те, Тілеухан Жүсіпов те парасатты, ішкі мәдениеті бай, білімді, ұстамды редакторлар болды. Жақсы өлең, жақсы мақала шықса, баласы бәйгеден келгендей қуанатын. Алаштың ондай азаматтарының әруағына топырақ шашып, ғайбат естелік айту Сізге, Секе, басқа әріптестерге де жараспайды.

Өткен жолы, Сіздің газеттен «Евней Бөкетовтің «Жылымғұрт» деген әңгімесі Рымқұл Сүлейменовтің үстелінің тартпасында айлап жатып қалған көрінеді» дегенді оқып жағамды ұстағаным бар. Мен, мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, Евекеңнің сол шығармасын, редактор Сағымбековтің тапсыруымен, тез жасап, редактордың орынбасары Өтен Ахметовке қол қойдырып, өз қолыммен өткізген едім.

Уақыт өтті, ұмытылды деп, қалың оқырманды жаңылдырып, өзіңізді қойшы, әсіресе, Жайық Бектұровты зәбір көрген автор ретінде көрсеткеніңізге келісе алмаймын. Ұят болды, ақсақалды басыңызбен… Секе, біз – тіріміз!

Зарқын ТАЙШЫБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор