Аймақ

Биыл Қарағанды облысында 700 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасады

Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдар қатыса алатын жұмысқа орналастыру жобаларының тізбесі кеңейтілуде. Биыл 700 адамды жұмысқа орналастыру шараларымен қамту жоспарлануда.

Қарағанды облысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қасту мәселесі Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен жастар мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті отырысында көтерілді.

1 мамырға өңірде мүгедектігі бар 55 мың адам тұрады. Оның ішінде 16 жастан асқан еңбекке қабілетті жандар саны – 31 031 адам.

– Облыста мүгедектігі бар жұмыспен қамтылған адамдардың үлесі 37,1 % құрайды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында биыл мүмкіндігі шектеулі 700 адамды қамту жоспарлануда. 1 мамырда бізге 965 адам жүгінді. Біз 427 жұмысқа орналастырдық, оның 105-і жастар, – деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Жұмыспен қамтудың негізгі шараларының қатарында ведомство басшысы бос жұмыс орындарын, әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама, қоғамдық жұмыстарға тарту, “Жастар тәжірибесі” және “Бірінші жұмыс орны” жобаларын атады.

Сондай-ақ облыста мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау қолданылады. Биыл квотасы бар 49 кәсіпорын анықталды.

Бұдан басқа, мүгедектігі бар қарағандылықтар гранттарға үміткер бола алады немесе Жастар бастамаларының бюджеттік несиесін пайдалана алады.

Ермағанбет Бөлекпаев облыстың қалалары мен аудандарында мүгедектігі бар жұмыспен қамтылған адамдардың үлесін арттыруды тапсырды. Нақты жоспарлар жасау және жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын тексеру керектігі айтылды.

– Ерекше қажеттіліктері бар әрбір адам жұмысқа орналасуға құқылы. Біздің басты міндетіміз – оларға көмектесу. Еңбек ұжымында немесе желіде жұмыс істей отырып, адам қоғамда оның білімі мен дағдылары қажет екенін сезінеді. Ол маман ретінде сұранысқа ие. Бұл ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік бейімделудің өте маңызды бөлігі, – деді аймақ басшысы.

Мүгедектігі бар адамдарға білім берудің қолжетімділігі мәселесі де қаралды. Отырыста оқушы жастар арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастыру туралы да айтылды.

Алдағы үш жылға арналған мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі жоспардың орындалу барысы туралы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Рауан Таран есеп берді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button