Баған

Бітімгершілік – біздің жол

Қазір дау да, кикілжің де көбейді. Кез келген ұсақ-түйек дау-шармен ел сотқа жүгінетін болды. Облыстық, аудандық сотқа түскен істің дені – ұсақ-түйек дау-дамай.

Осындайда ата-бабаларымыз үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі болған. Ұлы қазақ даласының белгілі дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолмен шешіп, халқымыздың ауызбірлігін, тұтастығын сақтауда үлкен роль атқарғаны белгілі.

«Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» деген дала философиясы өзінің өміршеңдігін күні бүгінге дейін дәлелдеп келеді. Кейінгі жылдары ел арасында медиация институтының енуі осындай ұлттық ұлағатты дала заңынан бастау алады. Әлбетте, заң қатал. Дегенмен, ұсақ-түйек білместіктен жаза басқандар темір торға тоғытылатыны жасырын емес. Ал, мұның астарында әлеуметтік-экономикалық орасан зор салдар бар.

Түрмеге салу ешқайда қашпайды. Бірақ, ел болып бітімгершілікпен кейбір түсініспеушілік шешімін тапса, талай тағдырдың жанбай жатып сөнуінің алдын алар едік. Әрине, заң бәріне ортақ, бұл арада әңгіме – қасақана қылмыс емес, білместікпен, жастықпен жаза басуда.

Осы орайда, 28 баптан ғана тұратын Медиация туралы заңның тиімді жақтары аса көп екенін көпшілік түсіне бермейді. Мәселен, дауды сот судьялары қараса, адам заңның қатаң ауқымына түседі. Заңдылықтарға сәйкес, жауапкерге заңның бабы көрсетіліп, айып тағылады. Адам сотты болады. Жауапкер де, талапкер де өздерін қорғау немесе адалдығын дәлелдеу үшін айғақтар мен құжаттар жинауға тура келеді. Қажет болса, адвокат жалдауға, мемлекеттік баж салығын төлеуге мәжбүр. Ал, медиация рәсімінде мұның бірі талап етілмейді, заңның баптары да қолданылмайды.

Азаматтар кейде шағымын сотқа беріп қойған соң, қайтып алу мүмкін емес деп ойлайды. Медиацияның ерекшелігі әрі ыңғайлылығы – дауды соттың қарауында жатқанда да сұратып алып, медиаторлар шешіміне ұсынуға болады. Бұл – бәленшекеңдер бірімен-бірі соттасып жатыр деген жаман атақтан құтқаратын жол. Іс медиация рәсіміне берілгенде, сот іс жүргізуді тоқтата тұрады.

Қазақ «Еліңнің ішін даудан сақта, сыртын жаудан сақта» деген. Елінің тыныштығы мен бейбітшілігін ойлаған әрбір ауыл, кент әкімі өз ауылдастарының ішінен кем дегенде 2-3 медиатор тағайындап алуы керек. «Ауыл ағасыз, тон жағасыз болмайды» дейтін қазаққа бұл тіпті түсінікті әрі жақын нәрсе. Заң осыған жол ашып беріп отыр.

Ал, дауласушы тарапты ымыраға келтіріп, дауды ұзаққа созбай шешудің кілтін тапқан дала данышпандарының тәжірибесі – кейінгі ұрпаққа сабақ. Әлбетте, медиацияны енгізуге өмірлік тәжірибе себеп болғаны айқын. Осындай, ата-бабамыздан келе жатқан құқықтық нормалардың жалғасы іспеттес медиацияның жазаны ізгілендіруді жолға қойып, түзеу мекемелеріндегі сотталғандар санын азайту мақсаты жолында маңызы зор.

Роза ЫДЫРЫСОВА,
кәсіби медиатор

Басқа материалдар

Back to top button