Бәрекелді!

Бішкекте биікте көтерілді

Жаздың да өз қызықтары бар. Әсіресе, балалар жазды асыға күтеді. Өнерлілерінің жөні бір бөлек. Кеншілер шаһары Қарағандыдағы №3 Балалар музыка мектебінің тәрбиеленушілері үшін биылғы жаз сәтті болды. Өйткені, олар Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен XXII халықаралық этнокарнавалдың «Ыстықкөл достарын жинайды» орындаушылар байқауында бірден төрт I орынды жеңіп алып, айды аспанға бір-ақ шығарды.

 

Бішкек қаласында «Ыстықкөл достарын жинайды» этнокарнавалының ашылуы қатысушылардың шеруімен өтті. Бұл бөлек салтанатты ашылу рәсімі тау экожүйелері мен климаттық тұрақтылықты қорғау жылының құрметіне арналды. Айтулы өнер додасына Ресей, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның барлық аймағынан 500-ден астам балақайлар мен өкілдер қатысты.

Атап айтсақ, орындаушылар мен вокалистер байқауы Ыстықкөл көліндегі «Барчын» лагерінің базасында өтіп, талай таланттың жолын ашты. Арқа жерінен барған Қарағанды қаласының №3 музыка мектебінің тәрбиеленушілері бұл шараға алғаш рет қатысып отыр. Мектептің тәжірибелі педагогтары байқауға 10-15 жас аралығындағы 11 баланы дайындап, алып барған еді. – Біз топқа қосып отырған ансамбль алғаш рет халықаралық этнокарнавалға қатысты. Оның аясында орындаушылар байқауы және ғылыми-практикалық конференция да өтті. Тек, өз өнерін көрсетіп қана шектелмей, теориялық тұрғыдан да көп нәрсе біліп қайтты, балалар, – дейді №3 Балалар музыка мектебінің домбыра сыныбы бағытындағы оқытушысы Эльмира Абдуллина.

Ал, вокалдық және аспаптық номинацияларға қатысқан 11 балаға да тыңғылықты дайындап апардық. «Серпер» домбырашылар ансамблі Дәулеткерейдің «Көріғұлы» және Атай Огонбаевтың «Маш ботой» күйлерін күмбірлете орындап, I орынға ие болды.

Домбырашы Бағдат Аружан Ә.Еңсеповтің «Шашу» және А.Огонбаевтың «Маш ботой» күйлерін орындағаны үшін I орынға лайық деп танылды.

ERKEM-AI вокалдық ансамблі Әліби Әбдінұров пен Мейірбек Атабеков «Туған жер» және «Мұрас» әндерін орындап, қазылар алқасын тәнті етіп, I орынға ие болды. Вокалдық ансамбль жетекшісі тәжірибелі оқытушы – Армангүл Мұханова. – Мектебіміздің қоржынына тағы бір I орынды Қажымұқан Түсіп және Сұлтантемір Әбілқасым вокалдық дуэті алып келді. Олар Ж.Төлебаевтың «Мен қазақтың ұлымын» және М.Магомаевтың «Синяя вечность» әндерін орындады. Біз балаларды байқауға дайындауды екі ай бұрын, оқу аяқталған кезде бастадық. Бұл біздің халықаралық алаңдардағы алғашқы жеңісіміз. Алда әлі де түрлі жеңістерге жетеріміз анық, – дейді Эльмира Абдуллина.

Шындығында, бұл сапар өте пайдалы әрі олжалы сапар болды. Аймағымыздың музыка мектебінің тәрбиеленушілері де, оқытушылар да көптеген жағымды эмоциялар алып қайтты. Жаңа достар тауып, білім көкжиегін кеңейтті. Бұдан бөлек, тағы бір ауыз толтырып айтарлық қуанышты хабар бар. Ол біздің өнерпаз балаларымызды Қырғызстанның Білім және ғылым министрінің арнайы қабылдап, танысып, әңгімелескені. Министр оларға естелік сыйлықтар табыс еткен екен. Бұл – екі бауырлас ел арасындағы сыйластық пен құрметтің белгісі.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button