Жаңалықтар

Біртуар

Нұра ауданы – еліміздің талай мықтысын дүниеге келтірген қасиетті топырақ. Сол топырақтың белгілі тумасы, ағартушы, ғалым-филолог және зерттеуші – Дәкен ШАЛАБЕКҰЛЫ.

Жақсылыққа көзiн жеткiзiп, болашақ ұрпаққа жарқыратып көрсету үшiн қаншама күш-жiгер мен қажыр-қайрат, төзiм мен табандылық қажет. Егер мына өмiрде халықтық ұлы мұратқа деген адалдық пен берiлгендiк, жанкештiлiк пен табандылық жетiспесе, оның жүзеге аса қоюы екiталай. Бұл тек жаратылысы бөлек жандардың ғана қолынан келсе керек-тi… Осынша, қасиетке ие Дәкен Шалабекұлы еді. Ол 1922 жылы Нұра ауданына қарасты сол кездегі «Балықтыкөл» совхозының Нашарбек қыстауында қарапайым жұмысшының шаңырағында дүниеге келген. «Талаптыға нұр жауар» демекші жасынан білімге құштар Дәкен ауылда төрт жылдық бастауыш мектепті 1929 -1933 жылдары тәмамдаған. Содан соң Захаровкада (Ақмешіт) жеті жылдық мектепті, кейіннен Казгородок (Кертінді) қазақ орта мектебін бітірді. 1945 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет факультетіне түседі. Оқудан кейін Қарағанды қаласындағы екі қазақ орта мектебінде – Ескі қаладағы Жамбыл атындағы №7 мектеп пен Михайловкадағы №2 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, білім нұрын шашты. Туған жері Нұрада да білім беру деңгейі мәз еместігін көріп, Плаховка (қазіргі Қантай) ауылында мектеп ашты. Кейіннен бұл білім ұясы «Көлзақтың ақ мектебі» атанады. Қиын шақта Қарағандыдан арбаға тиеп, мектепті жиһаздарға өз күшімен толтырды. Сонымен қатар, өзі мұғалім болып, екі-үш ауылға сабақ берді. Шамамен 60-80 үйдің балаларын оқытып, үлкен сауапты іс жасап, Қантай ауылының мерейін көтерді. 1951 жылы Қазақ ҚСР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтына жұмысқа орналасты. Жұмысшылар ауыз әдебиетімен айналысуға бекініп, диссертация жазды. Зерттеулер жүргізіп, экспедицияларды басқарды. Еңбегіне қарай жазушы Мұхтар Әуезов сол уақытта бөлім меңгерушісі боп, оның жұмысын жоғары бағалап, үздік шәкірттеріне балаған екен. Нәтижесінде еңбегі далаға кетпей, өзі көре алмаған 1961 жылы «Қарағанды жұмысшыларының әңгіме-жырлары» атты жинақ жарық көрді.

Ол адал дос және бауырмал аға еді. Дәкендей ағасының арқасында інісі Рамазан соғыс тауқыметін еңсере алды. Соғыс уақытында Айып жездесінен аманат боп, Рамазанға қалған Шәкіманның және кейінгі екі әпкелерінің дүниеден озуын көтеруге күш берген Дәкен болатын. Қантай ауылындағы мектепке Дәкен Шалабекұлының аты берілгенде елжұрт алдында Рамазан жақсы аға туралы есті естеліктер айтқан еді.

Студенттік шақта бір үзім нанды бөле жеген досы, журналист Жаппар Өмірбек нағыз досын, онымен өткізген күндерін сағынышпен еске алғаны әлі есімізде. Ол басына күн туып, 1945 жылы «Ұлтшылдық партия құрды» деген жаламен түрмеге қамалып, партия билетінің қалғанына қарамастан, Дәкен досының бұрынғыша жолдастық лебізін сақтағанына ризашылығын 1998 жылдың қыркүйектің 23-і жазылған мақаласында білдіреді. Әлі күнге дейін ұлтының қамын жеген әзиз жүректiң тоқтағанына, ақиқат үшiн арпалысып, шындық деп шырылдаған жанның ендi қайтып келмейтiнiне сенгiң де келмейдi. Әр халық өзiнiң тұлғалы перзенттерiмен айбынды, беделдi. Тарих осындай тұлғалардың есiмдерi мен ерекше оқиғалар арқылы жазылмақ.

Өмірдің шарықтаған күз өрінде,

Қияр ма, мұндай жанды кісі өлімге?

Құйрықты жұлдыздай боп жарқ еттің де,

Жоқ болдың 37 мүшелінде

 – деп, мұғалім Гүлбарам Іңкәрбекова жырласа, Майра Ақашқызы:

«Әуезовпен еңбек етіп, бірге жүрген,

Тарихта атың қалды дүрмегіңмен.

Сағынамын нағашы-ағаларды

Тіршілікте шуақты нұр беріп ең»,– деп тебіренді. Иә көз бен қастың арасында жалт еткен ғұмырында Дәкен Шалабекұлы артында өшпес із қалдырды.

 

Биба САУҒАБАЕВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button