Бас тақырыпСпорт

Бірлік марафонына мыңнан астам қарағандылық қатысты

Қарағанды қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік жүгірісі2025» атты республикалық марафон өтті. Оған облыстық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар және волонтерлік ұйымдар, сондай-ақ спорт қауымдастығы мүшелері, қала тұрғындарын қосқанда мыңнан астам адам қатысты. Ел аумағында ұйымдастырылған бұл ауқымды марафон қоғамда бейбітшілік пен келісімді насихаттап, саламатты өмір салтын қолдауға бағытталды.

Суркттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Марафон Қарағанды қаласының Сарыарқа даңғылы бойындағы «Алаш» скверінде, Ту тұғырының жанында ұйымдастырылды.

Оған облыстық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, белгілі спортшылар, қорғам қайраткерлері, сондай-ақ, спортты жанына серік еткен қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар 2 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей марафонға қатысушыларды құттықтады.

Біз – тұтас елдің ажырамас бөлшегіміз. Бүгінгі жүгіріс – бірлікті, ортақ қуатты және жігерімізді сезінудің тамаша мүмкіндігі. Бүгін біз жасаған әрбір қадам – татулығы мен үйлесімі жарасқан қоғамға қарай жасалған сенімді қадам. Біз 30 жылдан астам уақыттан бері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып, бір-бірімізді толықтырып келеміз, – деді ол.
Шараға спорт ардагерлері де белсене қатысты.Мюнхендегі Олимпиада ойындарының қатысушысы, велоспорттан әлем чемпионатының жүлдегері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Анатолий Степаненко бұл шараның маңыздылығына тоқталды:

– Бұл жүгірістің ұйымдастырушысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Биыл ол өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ұйым қазіргі көпұлтты Қазақстанның қалыптасуында зор рөл атқарды. Баршаңызды 1 мамыр – Бірлік күнімен және алда келе жатқан Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтаймын, – деді ол.

«Вайнах» шечен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасы Увайс Джанаев та жүгіріске белсене қатысып, бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.

– Ассамблея – біздің ортақ күшіміз. Мұндай іс-шаралар адамдарды біріктіріп қана қоймай, шабыт сыйлайды, – деді ол.

Шараға атақты боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те қатысты. Ол баршаға арнаған сөзінде ел ішіндегі татулық пен бірлік құндылығына ерекше тоқталды.

– Қазақ халқы – біртұтас халық. Біз ұлттарға, ұлыстарға, діндерге бөлінбейміз. Біз бір елде өмір сүріп, бір мемлекетті бірге дамытып жатырмыз. Баршаңызға бейбіт өмір, амандық пен өсіп-өркендеуді тілеймін, – деді Серік Сәпиев.

Марафонға анасымен бірге 16 жастағы Дамир Нұрмағанбетов те қатысты. Ол – паралимпиадалық бочча спорт түрімен айналысатын жас спортшы. Дамир ел астанасында өткен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

Мәре сызығын кесіп өткен әр қатысушыға естелік медальдар мен марафонның белгісі ретінде брендтік сөмкелер табысталды.

Әуезді ән мен жігерлі ұрандар көпшіліктің көңілін көтеріп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл бастама еліміздің рухани құндылықтарын ұлықтаумен қатар, әр азаматты ортақ Отанымыздың бір бөлшегі ретінде сезінуге шақырды.

Марафон денсаулық кепілі ғана емес, ол қоғамдағы ауызбіршілік пен сенімнің белгісі. «Бірлік жүгірісі – 2025» марафоны соның айқын дәлелі болды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА 

Басқа материалдар

Back to top button