«Бір табақтан ас ішкен туыс едік…»

Биылғы Наурыз ұлттық құндылықтарды зерделеуге қажеттілік туғызып отыр. Соның ішіндегі қазақтың кең құшағын, дархан пейілін танытатыны – ұлттық тағамдары. 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні». 10 күннің бірі ұлт тағамдарына арналуы – қазақы болмысты жаңғыртуға жасалған сәтті қадам. Өйткені, қазақтың ұлттық тағамдары оның өмір салтымен, жаратылысты тануға деген талпынысымен тікелей байланысты.

Бұлай деуімізге себеп, ұлттық тағамдарымыз бен көп тұтынатын ас-ауқаттарымыз жайлы ел арасында түрлі қанатты сөздер кең тарауы. Әсіресе, төрт түлік малға қатысты көп айтылған. Созылып жатқан байтақ өлкеде үйір-үйір жылқы айдап, емінеркін өсіп-өнген қазақ баласының өмірі төрт түлікпен біте қайнасқан. Үлкен дәм, яғни, басты асы – жылқы еті. Сусыны – балдай қымыз. Бірақ, сиыр мен қойдың еті де қазаққа қадірлі. Жылқы еті көбіне асып жеуге ыңғайлы болса, қой мен сиыр еті түрлі көже-кеспеге, қуырдыққа жақсы. Мұның да өз себебі бар. Көбіне жылқы етін тұтынуы – оның құрамында холестерин аз, ал, сиыр етінде көп екен. Қойдың еті тіпті, қиын қорытылады. Мұны «Қойдың еті – қорғасын» деп дөп айтқан. Сондай-ақ, «Жылқы еті – төсегіңе жатқанша, сиыр еті – бозарып таң атқанша, қойдың еті – келесі күн батқанша» деп әрқайсына жеке түсінік берген.

Ал, дастарханынан таба наны мен бауырсағы үзілмейтіні кең құшағын аңғартса, Құран оқытқанда шелпек, жұқа нан пісіруі аруаққа деген құрмет. Байқасақ, ұлттық тағамдардың өзі терең философияға құрылады.

Ал, төрт түліктің сүтінен дайындалатын сары май, қаймақ, айран, құрт, ірімшік, жент сынды түрлі сүт өнімдері – қазақ дастарханының көркі. Бұлардың барлығы бүгінгі күні де өз құнын жойған жоқ. Заманға сай дайындау тәсілдері өзгеріп, ұлт ерекшелігін әлемге танытуға үлес қосып келеді. Ұмытылып бара жатқандары да бар. Бір ғана мысал келтірейік. Күйеуге төс тартудың өзі қазір өзгеріске ұшыраған. Төс етін ыдысқа салып, бере салады. Ал, бұрын мұны «Өрметөс» деп атапты.

Өрметөс – қой төсінен жасалады. Оны екіге айырып, екі шетін өру арқылы құс қанатына ұқсас қылып жасайды. Бұл күйеу балаға «қанатың талмасын!» деген тілек. Оның денсаулыққа пайдалы екені «Ер Төстікті» оқып өскен елге мәлім жайт. Жалпы, ұлттық тағамдардың денсаулыққа пайдасы зор. Қымыз организмдегі микробтарды жойса, малта бала тілінің тез шығуына көмектеседі. «Ұлттық тағамдар күнін» пайдаланып, осы асыл құндылығымызды кеңінен тануға, оның тарихына үңілуге тырысқан жөн.

Бұл күні әр шаңырақтың дастарханында ұлттық тағамдар самсап тұрады. Этнографтардың айтуынша, қазақта тағамның 200-ден аса түрі болған. Осы күні ұмыт бола бастаған, «Өрметөс» сынды тағамдарды жасаудың әдістері үйретіліп, «Қымызмұрындық» этнофестивалі, тағамдар шеруі, Наурыз көже мен бауырсақ алаңы ұйымдастырылуы қажет. Көже – молшылықтың, бауырсақ – бірлік пен бауырластықтың белгісі. Наурыз айында мектеп, колледж және универсиет асханаларының ас мәзіріне ұлттық тағамдарды енгізу керек.

Аймақта мерекеге орай, ұлттық тағамдардың денсаулыққа пайдасы мен маңызы туралы денсаулық сақтау, диетолог және этнограф мамандармен кездесулер өткізу, ұлттық тағамдар туралы ақпараттық-танымдық брошюраларды халыққа кеңінен тарату, насихаттау жұмыстары жоспарланаған. Бұл аталған күннің маңызын арттыра түседі. Тарихқа зер салсақ, күштеп қоныстандыру жылдарында да, түрлі этнос өкілдерін халқымыз бауырына басарда ұлттық тағамдарын ұсынған. Қазақтың етін, бауырсаған, құрт-майын, ірімшігін жеп, құшағының кең екенін ұққан өзге этнос өкілдері туыстай бауыр басып кетіпті.

Кейін, бір дастархан басында бір табақтан ас та ішкен. Ал, бір табақтан ас ішудің де өзіндік мәні бар.

– Қазақ отбасы бірлігін, ағайындылардың татулығын сақтау үшін ортақ табақтан ас ішкен. Егер, араздық туындаса немесе басқа да жағымсыз қылықтарға барса, «бір табақтан ас ішкен туыс едік қой» деп, есіне салып, осы бір ауыз сөздің құдіреті туыстарды қайта табыстырған. Кейін жанжалдасқан ағайынды татуластыру үшін де үйге ас-ауқатқа шақырып, бір табақтан ет асатқан. Осының бәрі Ұлы Дала заңымен өмір сүрген көшпелі жұрттың биік мәдениеті мен терең талғамын көрсетеді, – дейді белгілі ғалым Омар Жәлел.

Алайда, осы дәстүр бүгінде ұмытылып бара жатыр. Отырықшы мәдениетті меңгерген қазақ ыдыс-аяғын да жекелеп алды. «Қазіргі туыстар арасындағы бітпейтін араздық осындай етжақындықтың жоқтығынан ба?» деп те ойлайсың, кейде…

Сондай-ақ, бас тартқанда құлағын кесіп алып қалуы да, «ырзық-несібе, береке шаңырақта қалсын» деген ізгі ниетті білдіреді. Ал, бастың тұмсық жағын есікке қаратса, қонақты жақтырмағандығын аңғартады. Сондықтан, келген қонақ үй иесінің қас-қабағына қарайды, алдымен. Десек те, мұның бәрін білу үшін кітапқа үңілу һәм және көнекөз қариялармен әңгімелесу қажет. Ал, биылдан бастап қолға алынған «Ұлттық тағамдар күні» – осындай терең философияға толы көптеген тың дүниелерімізді танып-білуге таптырмас мүмкіндік.

Жәлел ШАЛҚАР.