Руханият

«Бір ауыл – бір өнім»

Он саусағынан өнер тамып, темірден түйін түйген қыр баласы үшін осы тақылеттес әр жоба таптырмас тың мүмкіндік екендігі айдан аян. Кәдімгі кәде-сый, яки, ұлттық тағам жасаушы шебер жауһар деп санарлық затын бәске тігерлік іргелі іс бұл. Атап өтерлігі, шикізаттың 80 пайызға жуығы отандық болуы бұлжымас шарт. Бастысы, қос қолыңыздан шыққан әйдік бұйымтайыңыз былайғы елдің тұтынып жүрген «керек-жарағынан» тұрқы бөлек болса керек-ті. Тегінде, бұл орайда Сіздің жеке кәсіпкер болуыңыз, тіптен, шарт емес. Қылаң берген жарағыңыз «самородный сары алтын» болса, әбден жеткілікті.

«Уай, пәлі, бұны енді қай елдің нарығына кім қалай өткізеді?» деген сауалыңызға облыстық кәсіпкерлер палатасы жауап іздейді. Бұл жылы ауыл-ауылды аралаған палата өкілдері үздік жиырма һас шебердің кәделі нәрсесін шетелдік көрмеге ұсынып абырой арқалады. Оның оны іріктеліп назарға ілінген. Үздік үш жоба бренд деген нәм алып, ұтысты болды. Мысалы, Абай ауданы Дубовка елдімекеніндегі ешкі сүт өнімдерін шығаратын шаруашылық. Ендігіде бұл өнімді сертификаттау мен қаптамаға орау палаталық әріптестерге тиесілі. Иә, зауыт конвеірінің тетігінен емес, қолдан жасалған Handmade сұраныстың нақ төрінде қазір.

Меруерт Абзалбектің қант қосылмаған жент жасап, ұлттық брендке айналдырмақ ниеті бар.

– Ұлттық тағамды елдің қалауына қарай икемдеу бір қарағанда оп-оңай шаруа емес. Оған ұзақ дайындық пен іркіліссіз ізденіс керек-ақ. Әуел баста бұл ой маған екі жыл бұрын келген-тін. Тағамның оңтайлы формуласын құрауға әжептәуір уақытымды сарп еттім. Жалма-жан нутрициолог пен аллерголог маманмен кеңес алдым. Көп көмегі тиді. Ептеп жүріп женттің глютенсіз тары, әрі қантсыз бидай деп ныспылаған екі түрін елге ұсынуға білек сыбана кірістім. Жобам қала әкімінің грантын иеленіп, мерейім өсті. Алақаныма түскен ақшаға жабдық сатып аламын. Әзірге бір адамды жұмысқа орналастырдым, – дейді жас кәсіпкер Меруерт Сапарқызы.

Облыс біртін-біртін бизнес атты саланы өркендетуде. Өз ісін дөңгелетіп әкеткен 100 мыңға жуық кәсіпкер нәсібін табуда. Олар қос қолдап тірлік етумен қатар 240 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған. Олардың 70 пайызы – жеке кәсіпкер. Санға шағар болсаңыз, орта есеппен әр бизнесмен екі адамды өзіне серік еткен. Шағын және орта кәсіптің өрістеуіне бертінгі уақыттан бері жолға қойылған қолайлы инфрақұрылым да септігін мол тигізуде көрінеді.

Рас. Бұл салада іліп аларлық ілкімді істер аз емес. Алдымен прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сынды құзырлы органдар өкілдерімен бірлескен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы «Бизнеске жол», «Бизнестің жол картасы» секілді тыңғылықты бастамалар жемісін беруде. Түсін түстеп, атын атап өтерлік жоралы жобамыздың бірі – «Бір ауыл – бір өнім жобасы». Алғаш жапон халқы ойлап тапқан бұл ерек іс кейінірек қоңсылас Қырғыз елінде өркен жайған. Біз айырқалпақ жұрттың айылдарын аралап, ой елегінен өткізген соң осы жылы облыс аумағында бөгенайы бөлек бастаманы енгізуді құп көрдік, – деп түйіндеді сөзін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button