Жаңалықтар

Биология тарланы

     Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» бағдарламасында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Міне, жасынан туған жердің табиғатын танып, сол жасыл да сыршыл әлемге құмартып өскен және өсе келе осы саланы тиянақты зерттеп, онан көптеген нәтижелер мен қорытындылар шығарған ғалымдарымыздың бірі – Төлеухан ӘУБӘКІРОВ еді.

Қазақтың ұланғайыр жері, дархан даласы, орман-тоғайы, өзен-көлі, шөлейті мен шөлі бәрі-бәрі де ұлтымыздың баға жетпес байлығына жатары сөзсіз. Оның ішінде сәнді де әнді Сарыарқаның жөні бір бөлек. Сол тарихи сыр тұнған Арқа атырабында ежелден қасиет пен кие қонған Нұра аймағынан ұлтымыздың талай-талай тұлғалары шыққан. Бір замандары жағалай жаудан жері мен елін қорғап, түн ұйқысын төрт бөлген Тілен, Көбек, Тиес, Қарабек батырлар, аузы дуалы, сөзі уәлі Шоң, Әлсен, Қаспақ билер, мемлекет және қоғам қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбеков, Қайып пен Жолдыкей ақындар, Алты Алаштың даңқын аспанға көтерген ғұлама ғалымдар Сәйділ Талжанов пен Кәрім Мыңбаевты өмірге әкелген, өсіріп, қанат қақтырған бұл құдіретті топырақ қазақ руханиятына, ұлттық әлемімізге мол үлесін қосты. Қай кезеңде де нұрлы Нұраның төл перзенттері еңбек пен өнерді, білім мен ғылымды қатар дамытып, ел алғысына бөленіп жүретіндігі біздер үшін зор мақтаныш. Осы қалыптасқан қағида, жақсы дәстүрді жалғастырып, келер ұрпаққа аманаттап тапсыру бәріміздің де міндетіміз, перзенттік парызымыз. Осындай айқын мақсатты алдына қойған, алдындағы алып ағалардың ізін жалғастырып, ізгілік жолына түскен де Төлеухан Әубәкіров тұғын.

Ол кісінің ғұмырдариясына шолу жасасақ, 1929 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Шахаман ауылында дүниеге келген. Ата-тектік, шежірелік тізбегі: Тоқадан – Құлымбет – Рахымберлі – Досақ – Жолбарыс – Бердібек – Арал – Ысқақбай – Әубәкір – Төлеухан, Кәрімбай. Төлеуханнан – Абай, Жанат, Ғарифолла.

Кейіпкеріміз туған жерінде балалық шағы өтіп, хат танып, сауатын ашады. 1946 жылы Ақмола педагогикалық училищесін бітіріп, Киевка орта мектебінде мұғалім болып алғашқы еңбек жолын бастайды. 1952 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін оқып тәмамдайды да, 1952-1966 жылдар аралығында Қарағанды педагогикалық институтында оқытушылық қызмет атқарған. 1966 жылы зоология кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісі болады. 1967 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Зоология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезінде факультет, институт, университет үшін аянбай еңбек етіп, барлық қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан. Биология факультетіндегі партия ұйымының хатшысы қызметін қоса атқарған. Сол кезеңде зоология кафедрасының ұстаздарын ұйымдастырып, зоологиялық мұражайдың (зоомузей) алғашқы іргетасын қалаған. 1982 жылы Мәскеу қаласында КСРО академигі А.Северцев атындағы Эволюциялық морфология және жануарлар экологиясы деп аталатын ғылыми институтта докторлық диссертациясын дайындап, биология ғылымдарының докторы дәрежесін қорғамақшы болады. Бірақ ізденімпаз ғалымның бұл арман-мақсаты кенеттен орындалмай қалған… Докторлық еңбегінің құндылығы, ең өзектілігі – Қазақстан аймағындағы ауыл шаруашылығының негізін құрайтын төрт түлік малдың және киіктердің жыл бойғы, маусымдық туу кезеңіндегі жағдайлары, түрлі ішкі аурулары, әсіресе, жануарлар ағзасындағы қалқанша бездің атқарар рөлі, егер ауру болса, олардан қалай айығуы, қандай емдер мен шаралар қолдануы керектігі айтылып, дәлелденілген. Төрт түлік малдың және де киік жануарының ағзаларындағы өзгерістерді, қалқанша бездеріндегі ауытқушылықтарды мұқият зерттеп, олардың экологиялық апаттардан болып жатқандығын тәжірибе жасап анықтаған. Жазғы – қысқы маусымдарда дала және қора жағдайларындағы жануарлардың өзіндік ерекшеліктерін, табиғатқа икемділіктерін, ауа райына бейімділіктерін зерттеп-зерделеген. Осындай арнайы зерттеу мақсатымен сол кездегі КСРО аймағында, Қазақстанның көптеген жерлерінде іс-сапармен жиі болған. Біз ол кезде жас болдық, кафедрада аспирант едік. Ағамыз біздерді өзімен бірге сол сапарларында ертіп жүретін. Жастарды көрсін, білсін, тәжірибе жинақтасын дегені еді. Әлі күнге есімде, сондай кезекті бір сапарында Жамбыл облысының Ақшалы деген жеріне бардық. Сондағы Кеңес үкіметінің, кәдімгі мемлекеттік тапсырмамен миллиондаған жазықсыз киіктерді қырып-жойғанын көріп едік. Арнайы тапсырмамен автомат асынған, іріктелген топтар жарақталған техникалармен киіктерді аулап, мүйіздері мен еттерін әр-әр жерлерге тау-тау қылып үйіп тастаған… Кейін сұрастырып, білсек олардың еттерін Еуропаға, мүйіздерін Қытайға өткізеді екен. Сондағы Кеңес үкіметінің сұрқия саясатын, заңсыз әрекеттерін көріп ағамыз қатты қиналатын. Ашып айтуға дәрмен жоқ, іштей өкініш отына өртеніп, мұңайып жүретін. Біз жастықтың желеуімен көп нәрсенің байыбына бара бермейтінбіз. Ал ол кісі болса, бізге ештеңе айтпай, қатты күрсініп, терең ойға бататын. Жаратылысқа, табиғатқа жаны ашитын сезімтал жанның жан әлемін сол уақыттарда түсінбеппіз. Ол кісі жастарды, әсіресе студенттерді өте жақсы көруші еді. 1966 жылдан 1981 жылға дейін бірінші, екінші курстың студенттері мен кафедра оқытушыларын ұйымдастырып Жазғы – дала тәжірибесін (практика) жүргізген. Осы орайда Бурабайдан, Қарқаралыдан, Ерейментаудан және сол аймақтардағы жануарлар мұражайларынан келісім-шарт бойынша көптеген экспонаттар алғызып, өздері де әкеліп жаңадан ашылған факультеттің табиғат мұражайын жылда толықтырып отырған. Әрине, аталмыш табиғат мұражайын ашуға және оны толықтырып, әрі қарай жалғастыруға ол кісінің әріптестері, кафедра доценттері, оқытушылар З.Бекішбеков, Т.Балмағанбетов, М.Утебаева, Н.Славченко, Қ.Бекішев, Л.Прус, Р.Арсланова, Т.Кенжеханов және тағы басқалар жұмыла кіріскен еді. Соның нәтижесінде қазіргі Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің биология-география факультетіндегі табиғат мұражайы Орталық Қазақстан бойынша ең бай, көрнекті мұражайлар қатарында. Танымал ғалымдығымен қатар ол кісі үлгілі де тәрбиелі отбасыларының бірі еді. Өмірлік жары, сүйіп қосылған қосағы Батес Кубашевна ұзақ жылдар бойы Қарағанды қаласындағы «Салтанат» тоқыма фабрикасының бас бухгалтері қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Қазір Қарағанды қаласында немерелерін аялап, тәрбиелеп отырған, балалар мен туған-туысқандар құрметі және халықтың алғысына бөленіп жүрген аяулы да ардақты жан. Үлкен балалары Абай бір мекеменің басшысы, онан кейінгі Ғарифолласы экономика ғылымдарының кандидаты, өз мамандығы бойынша қызметте істейді. Төлеухан Ысқақұлының ерекше мақтан тұтатын қызы Жанат Төлеуханқызы Алматы қаласындағы бір ғылыми институтта басшы қызметте, философия ғылымдарының докторы.

Бүгінгі таңда биология-география факультетінің ұжымы академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің басшылығынан мұражай атын осы мұражайдың ашылуына ұйытқы болған, алғашқы қазығын қағып, ұйымдастырушылардың басы болған биология ғылымдарының кандидаты, доцент Төлеухан Ысқақұлы Әубәкіровтің атына берілсе екен деп ұсыныс білдіріп отыр.

Қарапайым ғалым Төлеухан Ысқақұлы бар саналы ғұмырын ғылымға арнаған жан. Өмір бойы осы салада ізденген ол докторлық диссертациясын енді қорғайын деп жүргенде әртүрлі себептермен жүрегі мен жүйкесіне жүк түсіп, 1984 жылы небәрі 54 жасында, ғылым үшін дер шағында мезгілсіз өмірден өтті. Өкініштісі, сол еңбекқор да ізденімпаз ғалым Төлеухан Әубәкіровтің Қазақстан Республикасының ғылымына қосатын талай жаңалықтары құпия түрінде қала берді…

Көңілге бір ғана демеу – ол кісінің өмірінің соңындағы докторлық қорғайтын диссертациясы негізінде “Сезонные изменения функциональной морфологии щитовидной железы в их взаимосвязи с корой надпочечников и аденогипофизом у самцов кастратов сельскохозяйственных животных и у самцов сайгаков” дейтін өте құнды еңбегін қызы Жанат Төлеуханқызы жинастырып, ретке келтіріп, 2006 жылы Алматыдан ғылыми монография түрінде бастырып, жарыққа шығарды.

Иә, осындай туған жері мен елінің ғылымын, мәдениетін, оқу-білімін жоғары көтерем деп бар ғұмырын сарп еткен еңбекқор ғалымның ерен еңбегін, кісілік келбетін, адамдық болмысын, азаматтық бейнесін бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі-өнеге тұтып, марқұм жайында эссе-естеліктер жазып, үнемі насихаттап жүрсек нұр үстіне нұр болар еді. Ал өзі идея тастап, алғашқы ұйымдастырушысы болған университеттегі табиғат мұражайына есімін берсек, ғалымның орындалмай кеткен көп армандарының бірінің орнын толтырғандай болар едік. Бұл игілікті де ізгілікті іс – кафедра, факультет, университет, тіпті, Қазақстан білім-ғылымы үшін де зор абырой, үлкен жетістік болары сөзсіз.

Қысқасы, елі мен жері үшін, Отаны мен қоғамы үшін жан аямай еңбек еткен, ұлт болашағын өркендетіп, дамытуға мол үлес қосқан Төлеухан Әубәкіровтің есімі елеусіз қалмай, жұлдызы жарқырай берсе екен!

Қайыржан БЕКІШЕВ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің профессоры,

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button