Білімі биікке бастады
Қарағандылық Владислав Горизанов «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық байқауының бас жүлдесін алды. Тіл мәртебесін көтеруді мақсат тұтқан байқау Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына орайластырылды. Тілі де, тілегі де бір азаматтардың басын Талдықорған қосты. Еліміздің 16 өңірінен келген түрлі этнос өкілдері білімдерін ортаға салды.
Байқау төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар шығармашылық бағыттағы тапсырмаларды орындап, түрлі сұрақтарға жауап беруі керек. Үміткерлердің тек қазақ тілін меңгергендері аздық етеді. Байқау шарты бойынша қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін де терең меңгерген болуы тиіс.
Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің маманы Владислав Горизановтың бұл бірінші жеңісі емес. Ол – бұған дейін ұйымдастырылған түрлі байқауларда жүзден жүйрік шығып жүрген азамат.
– Байқауда мен өзімді жыр жолдарымен таныстырдым. «Абайдың қара сөзін» оқыдым, домбырада күй шерттім. Әр кезең үшін ұпайлар берілді. Бас жүлде иегері деп менің есімімді атағанда таң қалдым. Себебі, қатысушылардың бәрі өте мықты болды. Олардың арасында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері де бар. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын, – деді Владислав Горизанов.
Владислав Горизанов 7 сыныптан бастап, қазақ тілін үйрене бастаған. Ата-анасы оны қазақ мектебіне оқуға берген. Кейінірек ол жоғары оқу орнына түскенде қазақша білім алған. Владислав қазақ тілін үйрену қиын емес екенін, тек ниет пен табандылық керегін айтты.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz