Билік пен бұқара арасындағы алтын көпір

Депутаттың көздегені – халықтың мүддесі. Өткен аптаның сәрсенбі-бейсенбі күндері облыстық мәслихат хатшысы Рысқали ӘБДІКЕРОВ Қарқаралы ауданында жұмыс сапарымен болды. Мақсат – жергілікті тұрғындардың тұрмысымен етене таныса түсу. Сондай-ақ, депутаттың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттердің орындалу барысынан халыққа ақпарат беру.

Мәслихат хатшысы сапар барысында аялдаған жерінде жиналыс өткізіп қана қоймай, сондағы әлеуметтік нысандарды аралап, олардың қызмет сапасына назар аударды.

Әлқисса…

Бесобаның жолы жөнделеді

Қарағандыдан таң ағара

жолға шыққан топ алдымен Бесоба ауылына табан тіреді.

Бесоба ауылы облыс орталы

ғынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан. Аудан орталығына да жақын емес. 157 шақырым. Жұрт, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде ауылдық округта 4 мыңға жуық ірі қара, 2 мыңға тарта жылқы бар. Қой мен ешкі 10 мыңнан асып жығылады. Бір кісідей тізе

қосып, тер төге білгеннің жемісі – бұл.

Мұндағы 1410 адамға 1 дәрігерлік-акушерлік амбулатория мен 2 медициналық пункт қызмет көрсетеді. Ауылға арнайы келген Рысқали Қалиақпарұлы алдымен осы дәрігерлік-амбулаторияға барды.

Ескі ғимараттан бейімделіп жасақталған амбулатория басы ауырып, балтыры сыздаған халыққа мінсіз қызмет көрсетуде. Ана мен бала бөлмесі, емдік шаралар бөлмелері жұмыс істейді. Амбулаторияның иелігіндегі үш көлік халық игілігіне жаратылуда. Былтыр аудан әкімінің тапсырмасымен су жаңа «жедел жәрдем» көлігі беріліпті. Содан болар, жан қысылғанда жүгінер «жедел жәрдем» көлігі, әзірге, барар жеріне кешігіп көрмепті.

Осы жерде Рысқали Қалиақпарұлы денсаулық сақтау қызметі сапасына қатысты бірқатар мәселелерді қозғады.

Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасымен денсаулық сақтау саласына барынша жіті көңіл бөлініп келеді. Дені сау ұлт – кемел мемлекеттің мызғымас тірегі. Бүгінде сіздер ауылдық жерлердегі тұрғындардың денсаулығын нығайту жолында тер төгіп келесіздер. Бұл үшін барынша жағдай жасалған. Тек, талмай еңбек ете білу керек, – деді мәслихат хатшысы.

Бесоба ауылында екі мектеп бар. Бірі – негізгі мектеп болса, екіншісі – орта білім беру ұйымы. Соңғысы – селолық округ орталығындағы №8 орта мектеп. Рысқали Қалиақпарұлын аталған мектеп директоры Рысты Ағыбай білім ошағының жұмысымен таныстырды.

Мектепте 165 оқушы оқиды. Бұдан бөлек, жанынан ашылған шағын орталықта 47 бүлдіршін тәлім алуда. Сондай-ақ, мектепалды даярлық тобында 26 бала қамтылған. 

Биыл 1-ші сыныпқа 17 бала қабылданыпты. 11-ші сыныптағы оқушы саны – 7. Ал, бұл балаларға білім беру ісіне 35 мұғалім жұмылдырылған.

Мектеп интернет желісіне қосылған. Соған сәйкес, мұғалімдер күнделікті оқыту процесінде жаңашыл әдістемелерді тиісінше пайдалануға мүмкіндік алған. Мультимедиа кабинетінде 18 компьютер бар. Есепке шаққанда, әр он балаға бір компьютерден келеді. Өңірдегі кейбір ауылдардағы мектептер әлі күнге интернет түгілі жалғыз компьютерге зар болып отырғанын ескерсек, бұл айтарлықтай жетістік деп тұжырымдауға болады.

Мектепте 17 оқу кабинеті, спорт жән

е мәжіліс залдары, асхана мен медициналық пункт жұмыс істейді. Кітапхана қоры да жеткілікті. Биыл 25 көпбалалы отбасының балаларына тегін оқулықтар таратылыпты.

Білім беру мекемесі жаңа оқу жылы қарсаңында бірқатар жөндеу жұмыстарынан өткен. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шатыры мен терезелері ауыстырылған. Бұл мақсатта бюджеттен 8512 мың теңге бөлінген. Мердігер «Болашақ – 2012» фирмасы көрсетілген жұмыстарды ойдағыдай атқарып шығыпты.

Рысқали Қалиақпарұлы осы жерде ауыл тұрғындарымен кездесті. Өзекті мәселелер қамтылған жиында депутат ауыл шаруашылығы ұйымдарын ірілендірудің маңыздылығын айтты.

Бүгінде елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында елеулі жұмыстар атқарылуда. Бұл орайда, бесобалықтар да тыс қалмауы керек. Білуімше, Бесобада ірілі-ұсақты 31 қожалық бар. Бірақ, бұл шаруашылықтардың іргелілері нарыққа шығып, саудаға араласқанымен, кейбір шағын шаруашылықтар мемлекеттік бағдарламалардың қамқорлығынан қағылып отыр. Себебі, мал саны – аз, жер көлемі – шамалы. Сондықтан, шағын шаруашылықтар бірігіп, кооператив құруы қажет. Қазіргі таңда кооперативтерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Сол қамқорлықты қолдана отырып, шаруашылықтарды дамытуға жол ашылмақ, – деді Рысқали Қалиақпарұлы.

Бесобалықтарды алаңдатып отырған жол мәселесі де кездесуде көтерілді. Бірнеше жылдан бері ауыл тұрғындары жолдың зардабын тартып келеді.

Әсілінде, бұл тас жол 1979 жылы салынған екен. Қырық жылға жуық уақыт ішінде қырық жамау болған жолдың жөндеу көрмегеніне біраз болған. Соңғы рет 2011 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

Ауыл тұрғындары осы мәселені айтып, баспаған тауы, тоздырмаған табалдырығы қалмапты. Көгілдір экраннан да көрсетіпті. Рысқали Қалиақпарұлы да кезінде айтылмыш проблеманы құзырлы органдардың назарына ұсынды.

Нәтижесі сол, алдағы күндері бұл жолда жөндеу жұмыстары басталмақ. Кездесуге арнайы шақыртылған облыс-аудандағы жауапты органдар өкілдері «жиырма күннің ішінде грейдерді тақтайдай тегістеп береміз» деп сөз берді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Бесобаға апаратын 46 шақырым жолды жөндеуге 12 млн. теңге қаржы бөлініпті. Бұйыртса, темір тұлпарлар қос аралықта құстай ұшып, қала мен ауыл арасын жақындата түсер күн де келер.

Кәсіпкерлік өрістеген Көктас

Кәсіпкерлік кең өріс алып келе жатқан елді мекендердің бірі – Қаршығалы селолық округі. Ауыл әкімі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, округ көлемінде 19 сауда нысаны, 10 тұрмыстық қызмет көрсету және 3 қоғамдық тамақтану орындары халық игілігіне жұмыс істеуде. Бертінде ашылған наубайхана жемісті жұмыс жүргізуде.

Наубайхана кәсібін қолға алған – жеке кәсіпкер Сайран Әбілдин. Өз қаржысына әйдік наубайхана тұрғызған. Бұл үшін Ресейден 6 млн. теңгеге нан пісіру жабдықтарын сатып алыпты.

Наубайхана үстіміздегі жылдың шілдесінде іске қосылған. Бүгінде күніне 400 бөлке нан шығаруға қауқарлы. 70 теңгеден саудаланып отырған нанды тұтынушылар лезде таратып әкетеді екен. Ауылдың алты тұрғыны осы жерде жұмыспен қамтылуда.

Келешекте наубайхананың өндіріс аясын кеңейту көзделуде. Кондитерлік өнімдерді пісіруді қолға алмақ. Әзірге, бұл өнімдерді тапсырыс бойынша әзірлеуде.

Алақандай ауылда шаруасын табыспен дөңгелетіп отырған кәсіпкер – Гүлмира Ағаділова. 2007 жылы кішігірім ойын орталығы мен дүңгіршектен кәсібін бастаған іскер жан бүгінде ауылда шағын сауда орталығын ашып қойған.

Өткен жылдың желтоқсанынан бері ашылған сауда орталығында тұрмысқа қажеттің барлығы бар. Іргесінде құрылыс заттары дүкені жұмыс істейді.

Жақын уақытта кәсіпкердің жаңа бір бастамасы – дәріхана іске кіріседі. Қазіргі күндері құжаттарын дайындау шаралары қарастырылуда.

Қаршығалы селолық округінде екі денсаулық сақтау нысаны орналасқан. Алдағы уақытта тағы бір медициналық мекеме жұмысын бастайды. Рысқали Қалиақпарұлы Көктастағы жаңа нысанның құрылысымен танысты.

Қарқаралы аудандық ауруханасының директоры Светлана Сүлейменованың хабарлауынша, селолық-дәрігерлік амбулатория «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында тұрғызылуда. Бағдарламаның «350 амбулатория, фельдшерлік пункт және емхана» кешенді жобасына енгізілген амбулаторияның құрылысы тәмамдалуға жақын. Жобаның құны – 109,3 млн. теңге. Мердігер – «Наладочный центр г. Темиртау» ЖШС. Іске қосу құжаттары толық аяқталған соң заманауи үлгідегі жаңа нысан тұрғындарға есігін айқара ашпақ.

Көктас ауылының тұрғындарымен өткен кездесуде Рысқали Қалиақпарұлы ауыл шаруашылығын дамытумен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне тоқталды. Оларды пайдалану жолдарын тәптіштеп түсіндірді.

Өздеріңіз білесіздер, Елбасының тапсырмасымен түрлі келелі жобалар қолға алынуда. Мәселен, жақында ел Президенті «Нұрлы жер» бағдарламасы жұмысын бастағанын жариялады. Бағдарламаның қарапайым халыққа берері мол болмақ. Бағдарламаға сәйкес, әрбір қазақстандық үй құрылысы үшін 10 сотық жер алуға құқылы. Тек, бұл жерлер қажетті инфрақұрылымы, инженерлік жүйесі тартылған жерлер болуы шарт. Аталған жұмыстарды міндетті мекемелер, ұйымдар жүзеге асырады. Барлық инженерлік шаралар атқарылып болғаннан кейін тұрғындарға осы аумақтар бөлініп беріледі. Сондай-ақ, үй құрылысына қажетті жеңілдетілген несие осы бағдарлама аясында қарастырылған, – деп айтып өтті өз сөзінде облыстық мәслихат хатшысы.

Жиында ауылға келетін жол жағдайы да сөз болды. Бұл мәселе де келешекте аудан басшылығының қолдауымен шешімін таппақ.

Орманды қорғау –

ортақ іс

Қарқаралы – Арқаның інжу-маржаны. Байтақ Сарыарқаның төсіндегі Қарқаралы және Кент тауларындағы қарағайлы орман аймағы көрген жанның көзін жаулайды. Тау сайларынан бастау алған бұлақтар шағын өзендерге ұласып, үлкен өзендерге жалғасуда. Қарқаралы тауларында Қарқаралы, Қопа, Аюшат, Қаракеңгір өзендері ағып жатса, Кент тауында Қызылкеніш, Қадыр өзендері барған жанның жанын жадыратады. Шайтанкөл, Үлкенкөл және тағы басқа көлдер табиғатсүйер қауымның сүйікті демалыс орындарына айналған.

Қазақстанның ерекше қорғалатын аймақтары қатарына енген аумақта дала аңы жыртылып айырылады. Елік, бұлан, арқармен қатар, қасқыр, түлкі, қарсақ, ақкіс, борсық сынды жыртқыш түз тағылары мұнда көптеп кездеседі. Содан болар, бұл өңірге туристердің қызығушылығы ерен.

Іссапар барысында Қарқаралыға келген Рысқали Қалиақпарұлы осындағы мемлекеттік ұлттық табиғат паркіне ат басын тіреді. Жұмыс тобын қарсы алған облыстық мәслихаттың депутаты, парк директоры Руслан Төлепбаев парктің хал-ахуалынан кеңейтілген мәлімет берді.

Жалпы, парктің жер аумағы 120,1 мың гектарды құрайды. Оның 29,1 мың гектары туристік-рекреациялық дамуға арналған жерлер. Бұл – парк жерінің 26 пайызы. Яғни, парк аумағында туризмді дамытуға жер жеткілікті. Жағдай да – қолайлы.

Мұндағы 146,6 гектар жерді жалға алып, туризм нысандарын салуға болады. Оның ішінде 91,2 гектар жер (20 жер учаскесі) – қысқа мерзімге, 55,4 гектар (11 жер учаскесі) – ұзақ уақытқа жалға беріледі. Аталған аумақтарда келешекте демалыс базаларын, кемпингтер мен тамақтану нысандарын тұрғызу жоспарлануда.

Жыл санап Қарқаралыны бетке алған туристер саны артып келеді. Былтырғы ресми мәліметке сенсек, жыл бойы ауданға 40060 адам саяхаттап келіпті. Бұл – аудандағы тұрғылықты халықтың санынан артық көрсеткіш (ауданда 37879 адам тұрады). Алайда, «бұлар, тек, арнайы демалыс үйлеріне келіп, тіркелгендері ғана», – дейді парк басшылығы. Айтуларынша, тамыр-таныстарына қонаққа келіп, тау аралап қайтатын саяхатшылар есепке алынар болса, бұл дерек екі есеге артады.

Бүгінгі таңда парк аумағында 11 туристік бағыт бойынша экскурсия ұйымдастырылады. Жер жағдайына байланысты саяхатшылар жергілікті табиғат көркімен автөлікке мініп немесе жаяу жүріп таныса алады.

Сондай-ақ, ұлттық табиғат парк жанында ағаш өңдеу цехтары жұмыс істейді. Ұлттық парк ішінде арнайы бөлінген аумақтардан жеткізілген ағаштар осында өңделіп, халықтың тұрмыстық қажеттіліктеріне жұмсалады, саудаға шығарылады. Руслан Мәлікұлы айтып өткендей, цехта бұрынғыдай өндіріс қуаты сақталмағанымен, аймақтағы тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға қауқары толық жетіп тұр.

Нысандарды түгел аралап шыққан Рысқали Қалиақпарұлы парктің еңбеккерлер ұжымымен кездесті. Кездесу барысында материалдық-техникалық базаға, жұмыскерлердің еңбекақы сомасына назар аударды.

Облыстық мәслихаттың келесі сессиясында орман шаруашылығына қатысты мәселелерді көтеру жоспарлануда. Бұл орайда, саладағы көңілді алаңдатқан түйіндерді тарқатуға күш салатын боламыз, – деді депутат.

Кездесуде облыстық мәслихат хатшысы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен байқауда лауреат атанған Венера Айқынбайға тарту-таралғы жасады.

Жастайынан табиғат әлеміне қызығушылық танытып, орман шаруашылығына қатысты ғылыми ізденістерді қолға алған Венера жас­өспірім орманшылар арасындағы Халықаралық байқауда топ жарыпты. Жас өскінге сәтті қадам тілеген Рысқали Қалиақпарұлы алған бағытынан жаңылмай іздене беруге шақырды.

Кадрларымен

қадірлі колледж

Депутаттың аудан орталығындағы сапары М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінде жалғасты.

Аталған колледж – облыс көлемінде ғана емес, республика аумағында да маңызды мамандарды даярлайтын білім ордаларының қатарында. Себебі, бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы мамандарын оқытатын арнайы оқу орындары саусақпен санарлықтай.

Және 1931 жылдан бері кадр дайындаумен айналысатын колледждің тамыры тереңде. Бұл оқу орнын тәмамдап, үлкен өмірге қанат қаққан жастар еңбекке етене араласып, ел еңсесін тіктеуге жан аямай атсалысты. Талай түлектері басшылық қызметтердің құлағын ұстады. Өңірдің ғана емес, еліміздің экономикасын дамытуға күш салды.

Әуелгіде Қарқаралы мал дәрігерлік техникумы аталып келген оқу ордасы былтыр Қарқаралы көпсалалы колледжімен қосылып, Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжі ретінде жұмысы жанданды.

Бүгінде колледжде 8 түрлі мамандық бойынша дәрістер жүргізіледі. Барлығы – өндірісті өлке үшін, малды өңір үшін қат кәсіптер.

Мәселен, мұнда мал дәрігерлері даярланады. Әр жиналыста естіп жүрміз, ауыл шаруашылығына қатысты басқосуларда ветеринарлардың жетіспеушілігі туралы жиі айтылады. Қазіргі таңда егістікте – агроном, фермада – мал дәрігері тапшы. Қарқаралыдағы колледж осы тапшылықтың орнын толтыру жолында жұмыс істеуде.

Қазір колледжде 318 жас білім алады. Колледж директоры Саят Оспанов айтқандай, Тәжірибе мен теорияны ұштастыру ұтымды жолға қойылған. Материалдық-техникалық база заманауи талапқа сай жабдықталған. Атап айтқанда, слесарлық, газ-электрмен дәнекерлеу, автокөлік жөндеу шеберханаларында, ветеринарлық клиника мен зертханада, оқу-өндіріс шаруашылығында шәкірттер дәрістер барысында алған білімін іс жүзінде байқап көреді.

Спорт залдары мен жатақхана, асхана жұмыс істейді. Және бір айтып өтері, мұнда жастарға білім тегін беріледі.

Заман қажетіне сай мамандар даярлап отырған колледжде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар білім алуда. Бір кездері осы колледжбен тағдыры байланысқан жандар да білім ордасына демеушілік көрсетіп тұрады.

Мысалы, осы колледжде Ақмола өңірінің тумасы Римма Омарова есімді ұстаз талай жыл жемісті еңбек етті. Қиыр Шығыстан көшірілген корей ұлтының өкілі Римма осында мыңдаған ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға атсалысты. Міне, осы Римма мұғалімнің балалары колледжге демеушілік көмек жасап, толық бір сыныпты жасақтап беріпті. Үстел-орындығын, керек-жарағын түгел жеткізген. Енді, бұл дәрісхана майталман мұғалімнің есімімен аталуда.

Колледждің тыныс-тіршілігімен жете танысқан Рысқали Қалиақпарұлы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаудың бүгінгі ел экономикасындағы маңыздылығына тоқталып, жастардың колледжде білім алуына жасалған ахуалға көз жүгіртті.

Рысқали Қалиақпарұлының Қарқаралы ауданындағы жұмыс сапарының алғашқы күні аудандық әкімдіктегі жиында түйінделді.

Мұнда аудан әкімі Халел Мақсұтов, аудандық мәслихат хатшысы Сләмиден Нүркенов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбеу Омаров, тұрақты комиссиялар төрағалары, жергілікті полиция қызметі, аудандық бөлімдер басшылары мен аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен алқалы отырыс өтті. Жиында жергілікті жердегі қоғамдық ұйымдардың жұмысы, өзін-өзі басқару принципі бойынша атқарылып жатқан шаралар, аудандағы қылмыстық ахуал және оның алдын алу жолдары барынша сарапталды.

Әуелі аудан басшысы Халел Мұқатайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму барысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Бұдан кейін Рысқали Қалиақпарұлы ел ішіндегі жұмыс сапарының алғашқы күнінде аңғарған ахуалды сөз етіп, өңірдегі даму динамикасын айтарлықтай айқын көргендігін жеткізді. Қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолдарын айтып, алдағы уақытта жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде болатын өзгерістерге тоқталды. Бұл оң өзгерістердің бастамасы ретінде биыл жұмысына кіріскен өңірлердегі қоғамдық кеңестерді, жергілікті полиция қызметтерін мысалға келтіріп, қоғамды демократияландыру, жұмысты оңтайландыру жолында мұндай жаңалықтар легі жалғаса түсетінін айтты.

Сонымен қатар, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбеу Омаров, аудандық жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыздыханов салалар бойынша іске асырылып жатқан жұмыстардан баяндама жасады. Аудандық мәслихаттың қазіргі таңдағы қызметі туралы аудандық мәслихат хатшысы Сләмиден Нүркенов, аудандық мәслихат депутаты, «Қарқаралы» газетінің бас редакторы Рымбек Смағұлов өзара сұхбат барысында кеңінен әңгіме қозғап, таяу келешекте орындалуы тиіс міндет-мақсаттарды атап көрсетті.

Астықты

«Аппаз»,

ырзықты ауыл

Қайнарбұлақ селолық округіндегі «Аппаз» шаруа қожалығы – мал өсірумен қатар, жер жыртып, дән егуге де машықтанған серіктестік. Шаруашылық басшысы Разақ Әлин іскерлігімен ісі алға басқан басшы екен. Облыстық мәслихат хатшысын шаруашылықтың жай-күйімен таныстырған шаруақор жан жұмыстың жемісті жүріп жатқандығын тілге тиек етті.

Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тоқырау жылдары құрылған шаруашылықта елу шақты адам еңбек етеді. Биыл 5500 гектар жерге дән себілген.

Қазір қырда – қызу орақ науқаны. Диқандар егіннің жартысын шамалап қалды. Орташа түсім – гектарынан 8 центнер. Жердің құнарлылығын есепке алған шаруашылық басшысы тәубе қылуда.

Сондай-ақ, шаруашылықта ірі қара санын көбейтуге ден қойылуда. 305 бас ірі қара бар.

Кейінгі жылдары мал тұқымын асылдандыру ісі жолға қойылды. 210 қазақтың ақбас сиыры әкелінген. Арнайы есеппен 7 ақбас бұқа сатып алынған. Сөйтіп, Рақаң аймақтағы сиыр тұқымын асылдандыруға септігін тигізбек.

Және бұл шаруашылықта 100-ден астам жылқы мен 2 мыңға жуық қой-ешкі өсіріледі. Қойды асылдандыруға да ерекше назар аударылуда. Қазір Рақаңның иелігіндегі жайылымдарда еділбай тұқымды қойлар жайылып жүр.

Ал, жалпы Қайнарбұлақ селолық округінде 42 шаруа қожалығы тіркелген. Аталған шаруашылықтарда 5600 сиыр, 3 мың жылқы және 18 мың қой өсірілуде. Өзге ауылдарға қарағанда ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш.

Ауылда 6 жеке кәсіпкерлік бар. Бұл кәсіпкерліктер халық игілігіне жұмыс істеумен айналысады. Жергілікті әкім Қизат Сағатбеков айтқандай, 3 сауда дүкені, 2 тұрмыстық қызмет көрсету кешені және 1 қоғамдық тамақтану нысаны орналасқан.

Биыл аппаздықтар 6313 гектар жерге дән салыпты. Бұйыртса, қызу орақ науқаны да мәреге жетпек. Жер емген диқандар бейнетінің зейнетін көрер күн де жақындап қалды.

Аппаз ауылы Қарағандыдан 280 шақырым қашықтықта орын тепкен. Есесіне, аудан орталығына анағұрлым таяу. 70 шақырым. Бұйра белдердің арасындағы алақандай ауылда 1,5 мыңға тарта адам өмір сүреді. Осы халықтың денсаулығын күту ісімен округ құрамындағы төрт елді мекендегі 4 денсаулық сақтау нысаны шұғылданады. Оның біреуі – дәрігерлік-акушерлік амбулатория болса, қалған үшеуі – медициналық пункттер. Мұндағы қызметкерлер ұжымы 1 дәрігер және 7 орта буын мамандарымен қамтылған.

Жағымды жаңалық – жақында амбулатория жаңа ғимаратқа көшірілмек.

Егістік даласын көріп шыққан Рысқали Қалиақпарұлы ауылдағы осы дәрігерлік амбулатория құрылысына барды. Мұндағы амбулатория да Көктас ауылындағы дәрігерлік нысан сияқты «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде тұрғызылуда. Халық қолданысына жақын арада беріледі деп күтілуде.

Құрылысқа 122,1 млн. теңге қаржы жұмсалған. Мердігер «Авто-Б.А.Н» серіктестігі құрылыс жұмыстарын аяқтағанымен, амбулатория қажетті сумен қамтылмай отыр. Жалпы, ауылға ауыз су тартылмаған. Маңайда ауылдың қажетін өтей алатын су көзі жоқ. Сондықтан, бұл мәселе шешімін таппауда.

Ал, аудандық аурухана басшысының орынбасары Құрманғазы Жұмагелдінің айтуынша, амбулаторияны сумен қамту оңай. Ол үшін тапсырыс беруші құрылыс басқармасы мердігерге қосымша тапсырыс жасауы керек. «Амбулаторияның қажетіне шамалы су жеткілікті. Сағатына 3 текше метр болса, болғаны. Ал, ондай су көзі маңайда бар», – дейді аудандық аурухана басшысының орынбасары.

Аппаз ауылындағы №18 қазақ орта мектебі белгілі көсемсөз шебері Рамазан Сағымбековтің есімін иеленген. Көзіқарақты оқырман қауымға Ракеңнің тегі жақсы таныс. Өзіңіз қолыңызда ұстап отырған «Орталық Қазақстан» газетін бірнеше жыл басқарған қаламгер – осы ауылдың тумасы. Бүгінде аға есімін ұлықтап, ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында соңында қалған әріптестер ұжымы өнегелі істердің ұйытқысы болып келеді. Мектепке Ракеңнің есімі берілуінде де басылым басшылары бастама көтерген еді. Қазіргі таңда осы мектептің ең үздік оқушысына Рамазан Сағымбеков атындағы шәкіртақы жыл сайын үзбей тапсырылып келеді. Ендігі дәстүрге айналды. Мұндағы мақсат – ағалар ізін жалғайтын келер ұрпақтың талабын ұштау, қанатын қатайту.

Облыстық мәслихат хатшысы ауыл тұрғындарымен аталған мектеп қабырғасында кездесті. Бұл кездесуде де ауыз су тапшылығы туралы ашып айтылды. Рысқали Қалиақпарұлы ауыз су мәселесін шешу үшін геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты. Аппаз маңын барлап, тиісті су көзі табылса, ауыл тұрғындары ауыз суға жарымақ.

Тірлігі жарасқан Жаңатоған

Жаңатоған жұртының бірлігінің арқасында тірлігі жарасып отыр. Облыс орталығынан 305 шақырымда жатқан ауылдың тұрғындары жер шалғайлығына қарамастан қилы кәсіптің басын қайыруда.

Ауыл әкімі Аян Бейсенбековтің мәлімдеуінше, жаңатоғандықтардың иелігінде 3 мыңға жуық ірі қара, 1,5 мыңнан астам жылқы мен 7 мың қой бар. Мал бағып күнелткен халық ырзығын баба кәсібінен айыруда. Ауылдағы еңбекке жарамды ағайын 46 шаруа қожалығында еңбек етеді.

Биыл диқандар 805 гектар жерге егін салыпты. Күзгі орақтың да аяқталар күні алыс емес.

Жеке кәсіпкерліктің де даму қарқынына көңіл толарлықтай. 5 сауда нысандары мен 1 дәмхана халық игілігіне жарап тұр. Жергілікті жұрт қызық-қуанышын осы дәмханада өткізуге әдеттеніп алған.

Жаңатоғанның тұрғындарына 1 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 1 медициналық пункттегі үш медбике ем-дом жасайды.

Сондай-ақ, бұл ауылдың балалары осындағы білім ордасы — №14 орта мектепте білім алады. Ауылға келген облыстық мәслихат хатшысы аталған мектептің оқу үрдісімен танысты.

Жалпы, №14 орта мектеп – Жаңатоған селолық округіне қарасты екі елді мекендегі жалғыз білім ошағы. Ауылда тұратын 617 адамның балалары осында білім нәрімен сусындауда.

Мектеп директоры Думангүл Тілегенованың айтуынша, мектептегі білім беру барысы ойдағыдай жүргізілуде.

Орта мектепте 112 бала оқиды. Мектеп жанындағы шағын орталықта 34 балдырған тәрбиеленуде. Бұдан бөлек, мектепалды даярлық тобында 8 бала сауат ашуда.

Мектепте балалардың толыққанды білім алуына толық жағдай жасалған. Білім ошағы ғимаратында 16 оқу кабинеті, спорт және мәжіліс залдары, кітапхана, асхана мен медициналық пункт жұмыс істейді.

Балалардың компьютермен қамтылу көрсеткіші де жоғары. Мектептегі 35 компьютерді санға шаққанда әр компьютерге 8 баладан келеді.

Мектепте «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. 9184 мың теңгеге ғимараттың терезелері мен шатыры алмастырылды.

Ауылдағы мәдениет үйінде жұртпен жүздескен Рысқали Қалиақпарұлы жаңатоғандықтарға келелі мемлекеттік жобалардың тетіктері туралы түсіндірме берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттердің маңызы хақында әңгіме өрбітті. Ауыл шаруашылығын қолдауға байланысты қолға алынған бағдарламалардың орындалысы жөнінде сөз қозғады. Бірігіп еңбек етіп, кооператив құру арқылы табысқа жету жолдарын айқындап өтті. Кездесу соңында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікті дамыту бойынша ортаға салған сауалдарына толыққанды жауап берді. PS. Асылында, депутат – халықтың адамы. Билік алдында қарапайым бұқараның мүддесін қорғауға міндетті. Хан алдында қарашының сөзін сөйлер сенімді өкіл.

Рысқали Қалиақпарұлы Қарқаралыға барған сапарында ауылдағы ағайынның жоғын жоқтай барды. Жоғарыдағы басшылардың назарына іліге қоймаған түйткілдерді іздей жүрді. Сайланып алғанша аспаннан жібек жаудырып, уәдені үйіп-төгетін базбір депутаттар сияқты құмға сіңген судың кебін кимеді…

Қалаулысына елдің де ықыласы – ерен. Бірге жүрдік, көзіміз көрді. Осакаров, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарының Құрметті азаматы, талай жылдар бірнеше аудандарды басқарған Тілеубек Зейнешев ағамыз да осы сапарда депутаттың жанынан табылды.

Барған қонысымыздағы қаймана қазақ көкейінде жүрген бұйымтайын айтып, толғаулы мәселелерін депутаттың назарына ұсынды. Әрине, көтерілген шаруалар аяқсыз қалмайды. Алдағы уақытта шешімін табады.

Нұрқанат ҚАНАФИН

ҚАРАҒАНДЫ – БЕСОБА– КӨКТАС – ҚАРҚАРАЛЫ – АППАЗ –

ЖАҢАТОҒАН – ҚАРАҒАНДЫ.

Суреттер Қарағанды облыстық мәслихатының

баспасөз қызметінен алынды.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.