Руханият

Бесобаның тарихи ескерткіштері

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында 20 мыңнан астам мемлекет қарауына алынған тарихи-мәдени мұра болса, соның ішінде Қарқаралы аумағында 309 мәдени-тарихи, 25 тарихи, 2 архитектуралық ескерткіш бар. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі Әлкей Марғұлан Орталық Қазақстанды жарты ғасыр зерттеп, бұдан ІV мың жылғы тарихынан бастап, б.з.д. тарихи археологиялық ескерткіштер тапты. Соның ішінде Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылында 1955-1956 және 1970-1971 жылдар аралығында археологиялық экспедиция жасады. Қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген дүниелер тапты.

Бесоба ауылы Қарқаралы қаласының Оңтүстік-Батыс жағында орналасқан. Жері таулы, қыратты, ойдым-ойдым, өлкелі, Нұраға құятын Байқожа, Байкелді деген өзендері бар. Қоңырқұлжа, Түгіскен, Сарықұлболды, Наршөккен, Жамантас, Қосшоқы таулары қоршаған.

Бұрын Ақсары болысының орталығы болған. 1924-1926 жылдары мәдени ауданның орталығы болады деп жобаланып құрылыстар салынған. 1930 жылы іргетасы қаланып, «Жұмысшы» колхозы атанған. 1934 жылы «Бесоба» болып қайта аталған, 1966 жылдан бастап совхоз болып құрылған. Ал, қай кезден бастап «Бесоба» деген атаққа ие болғаны және бұл атау не үшін берілгені туралы нақты дерек жоқ. Ауыл ақсақалдары бұл атау ауыл маңындағы қола дәуірінен қалған обалар болған соң қойылған деген мағлұмат береді.

Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» кітабының 22-ші бетінде «Тәуекел хан өз әулетіне жер бөліп бергенде Көк Орда хандарының ата-жұрты Сарыарқа хан иелігі деп танылып, мұндағы билік Ораз Мұхаммед сұлтанға жүктелген» – деген пікір айтады. Өз иелігіндегі жерді аралап жүрген кезде Ораз Мұхаммед Бесоба батырға кездескен. Бесоба батырдың тарихы М.Мағауиннің «Аласапыран» кітабында баяндалған. Ораз Мұхаммед пен Айшешек-Бегім елін-жерін қорғап өткен Бесоба батырдың лашығынан дәм татып, оның әңгімесін тыңдаған. Батыр Хақназар ханның жанында болғанын, қалмақ батырымен жекпе-жекке шыққаны жайында әңгіме айтқан. Осыған қарап біз «Бесоба» деген атау батыр атымен аталды ма деген жорамалға келгенбіз. Бірақ, тарихи деректерге қарап, зерттей келе бұл жорамалдың дұрыс еместігіне көз жеткіздік.

Бесоба жерінде ХVІІІ-ХІХ ғасырлар аралығында салынған күмбездер кездеседі. Бұл туралы тарихшы Темірғали Аршабеков өзінің «Қарқаралы күмбездері» деген кітабында жазған. Онда Қалпе, Байкелді батыр күмбездері туралы деректер келтірілді. Байкелді батыр күмбезі Бесоба ауылының Қызылту бөлімшесінің жерінде Шотай өзенінің жағасында орналасқан. ХІХ ғасырдың қолөнер туындысы, негізгі құрылыс материалы шикі кірпіш. Қазіргі кезде күмбез біршама құлап қалған, өзінің бұрынғы қалпы дөңгелек. Ішкі диаметрі 5 м, қабырғасының қалыңдығы 2 м, биіктігі 2,2 м. Біршама отырған, төбесі ашық. Қалануы қос басар және бір басар болып қаланылған.

Қалпе күмбезі – ХХ ғасыр тарихи ескерткіштерінің бірі. Бесоба ауылынан 5 шақырымда шығысқа қарай орналасқан. Негізгі құрылыс материалы қыш кірпіш. Мазардың құрылысы сопақтау келген дөңгелек формасында. Қабырғасының қалыңдығы 1 м, 5 қатар қыш кірпіштен қаланған. Есігінің биіктігі 50 см, ені 70 см. Мұндай өте төмен болуы күмбез көп отырған. Ішкі қабырғаларының кірпіштері жақсы сақталған. Ал, сырт жағының кірпіштерінің қалыптары бұзылып, бастапқы қалпын жоғалтқан. Қалпе осы өңірде белгілі әулие адам болған.

Балақажы Байбатырұлының мазары Бесоба ауылының шығыс жағында Қалпе күмбезінен алыс емес, сол маңдағы бір дөңнің үстінде. Балақажы беиіті қазіргі кезде біршама отырған. Ұрпақтары 1999 жылы бабаларының басына келіп, сыртына күмбез соғып, ас беріп, ескерткіш қойған. Екі батыр да жер туралы дау-дамайды болдырмау үшін белгі ретінде қайтыс болған жеріне жерленген. Батырлар туралы аңыз Т.Аршабековтің «Қарқаралы күмбездері» кітабында толық айтылған.

Жалпы, Бесоба ауылының маңында әлі де болса ашылмай жатқан талай құпия бар. Мұның бір көрінісі Жамантас тауындағы үңгірден табылған қазіргі кезде мектеп мұражайында сақталып тұрған шағын құты. Бұл туралы 1995 жылы ауылымызға келген Мажарстан этнографы, қыпшақ Питер Кум және Жезқазған қалалық тарихи-археологиялық мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов «Бұл құты ХІ ғасырдағы ауқатты қыпшақ әйелінің бояу салғышы» деген түсінік берді. Бұл әлі де болса зерттелмеген дүние. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, ХІ ғасырда Қазақстанның Жетісудан басқа жерлеріне қыпшақтар ие болған. Қыпшақтар Есіл, Тобыл, Нұра, Елек және Сарысу бойында көшіп-қонып жүрген. Сондықтан, бұл ХІ ғасырдағы қыпшақ әйелінің бояу салғышы да болуы мүмкін.

Академик Ә.Марғұлан 1970-1971 жылдары Бесоба ауылында болып, Досан, Ақсары қыстақтарының маңын және ауыл маңындағы обаларға зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бұл қазба жұмысына сол кездегі ауыл мектебіндегі тарих пәнінің оқытушысы Рымбала Аумағанбетова тікелей қатысқан. Ол кісінің айтуы бойынша қазба кезінде қару-жарақтар, ат ауыздықтары, жерленген адамдардың мүддесі табылған. Қабірлер ұзынша немесе шаршы етіп қазылған, тас плиталармен жабылған. Ә.Марғұлан мен Ә.Әзиев жанында болған ауыл адамдарына сол кезде табылған адам сүйектеріне үш мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың сүйектері деп түсінік берген. Ғалым табылған материалдардың барлығын Алматыдағы археологиялық институтқа жіберетіндігін айтқан.

Мұның барлығы Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын заттар, қола дәуір ескерткіштері. Оның себебі қола дәуіріне жататын құнды деректер Беғазы тауының етегінен табылған.

Ауылымызда Қалпе басы, Балақажы, Наршөккен, Әулие тас, Шығымбай шыққан, Күләй, Асан төре, Шапқан төбе деген тарихы мол жерлер бар. 1955-1956 жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Ә.Марғұлан мен А.Оразбаевтың бастауымен алғаш зерттеу жұмыстары жүргізілген. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының ІІ томында археолог Арман Бейсенов ауыл маңындағы зерттелген обаларға мынандай сипаттама берген: «Топырақтан дөңгелене үйілген, айналасы ірі тас плиталармен көмкерілген, ішінара іші тегіс қоршаулар кездеседі. Бұл жерленген адамдардың әлеуметтік жіктелуінің көрінісі. Обалардың әрқайсының ортасында төрт қабырғасы ірі плиталармен өрілген шаршы жәшік пішіндес тас қабір бар. Мүрделерінің басы батысқа қаратылып, сәл бүгілген күйінде қырымен жатқызылған. Қабірдің ішінен қыш ыдыстар мен қоладан құйылған бұйым сынықтары алынды. Бесоба қыш құмыраларының түбі тегіс, бүйірі шығыңқы, аласалау. Андронов мәдениетінің өрнектеу стиліне жататын түрлі гиометриялық оюлармен әшекейленген. Бұл заттар Орталық Қазақстанның қола дәуірінің Атасу мәдениетінің және Беғазы-Дәндібай мәдениетінің арасындағы өтпелі сатыға жатады. (б.з.б. ІІ мың жылдықтың соңы)», деп қорытынды жасаған.

Бұл деректерді 2004 жылғы «Аруна» баспасынан шыққан Ежелгі Қазақстан: Қазақстан балалар энциклопедиясының 25-ші бетіндегі мына деректер толықтыра түседі: «Бесобадан табылған түрлі бұйымдардан басқа онда таңбалы тастарда табылған. Соның ішінде «әйел мен еркек» таңбалы тасында мәңгілік өмір, ұрпақ жалғастығы бейнеленген».

Өткен адамдардың өмірінен мағлұмат беретін заттай деректермен бірге тастағы таңбалардың мәні зор.

2008 жылы ауылдан 8-9 шақырым жердегі Қосшоқы тауының етегіндегі Қоңыржон қыстағының маңынан сол кездегі тарих пәнінің мұғалімі, қазірде ардагер ұстаз Т. Аширбековтің жетекшілігімен археологтардың зерттеуінен тыс қалған «Бесоба таңбалы тасы» табылған болатын. Таңбалар аласалау келген күн күйдірген қара жартасқа салынған. Ауа райының әсерінен кейбір тастардағы суреттер бүлінген, қандай сурет екенін айыру қиын. Таңбалар тастың оңтүстікке қараған бетіне салынған. Мұндай бейнелерді жартасқа қашап салу кез келген адамның қолынан келмейді, ол табиғи таланты бар өнер адамы. Суретшілердің сурет салу шеберлігі, сюжеттік байлығы өте кең. Суретшілер ат, түйе, тау теке, бұлан, қасқыр және тағы басқа бейнелерді жандық қимыл үстінде салған. Әсіресе, аңшылардың аң аулау кезеңі туралы дәл көрсетілген. Басқа жерлерден табылған суреттермен салыстыра отырып, белгілері мен сипатына қарап бұл таңбалар алғашқы көшпенділер және кейбірі көне түркі дәуіріне жатады деген қорытындыға келдік. Суреттердегі құйрығына түйе байланған ат жетектеген адам бейнелері көшпенділер өмірінен хабар береді, ал бота бейнесінің жеке тасқа таңбалануы көшпелі дәуірінің негізі болып саналатын ойсылқараға деген адамдардың құрметі. Тағы бір суретте қолында аса таяғы бар адам бейнеленген. Бұл адам бейнесінің бұлай ерекшеленіп салынуы басқалардың іс-әрекетін бақылап тұрған тайпа көсемі. Құдіретті табиғат күшімен сескенген адамдар өздерінің тұрмыс-тіршілігінде басты орын алатын жануарларды ерекше қадірлеп оларды пір тұтып, сиынған. Өзіндік стилімен салынған жылқы бейнесінің басқалардан бөлек салынуы, көшпенділердің оған деген құрметі. Жылқы қашанда көшпенділердің жан серігі, көшпелі дәуірдің негізі болып табылады. Ал, діни тұрғыдан қарасақ адамдар өздерінің шығу тегін жануарлармен байланыстырған, сондықтан бұл қола дәуірі адамдарының тотемі болуы мүмкін. Бұлардан басқа сол кездегі адамдардың өмір салтын көрсететін билеп тұрған адамдар бейнесін, аңшылық кезіндегі адам мен бұланның айқасын, адамдардың аң аулау сәттерінен көріністер бейнелеген.

Тастарға суреттер салу еріккеннің ермегі емес, алғашқы қоғамның тарихи ескерткіштері, алғашқы жазуы болып табылады.

2009 жылы Қарағанды телеарнасының белгілі журналисі Гүлнар Бұхарбаева арнайы келіп, суреттерді түсіріп, 2009 жылы «Қазақстан – Қарағанды», 2010 жылы «5-ші канал» арқылы халық назарына ұсынды. Сонымен бірге ҚарУ-дің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Темірғали Тілеубекұлы Аршабеков және ауылымызға келген Әлкей Марғұлан атындағы археология институттың қызметкері Арман Бейсенов таңбалар туралы өз пікірлерін айтты. Б.Арман суретке түсіріп, лабораториядан өткізу үшін Алматыға алып кеткен.

Қорыта айтқанда, Бесоба ауылы Қазақстандағы қола дәуірінің ескерткіштері картасында көрсетілген. Алайда, әлі де болса тарихын толық білмейтін жер-су аттары баршылық. Жазушы М.Әуезов «Біздің қазақ жер атын, тау атын әмәнда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай өлкеге барсаң да, жер-су, жапан түзде кездесетін кішкене бұлақ атының өзінде қаншама сыр жатады», – деген екен. Жазушы айтқандай туған жеріміздің әлі де болса біз білмейтін құпия сыры мол.

Айдын Аширбеков,

Бесоба ауылы №8 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.

Басқа материалдар

Back to top button