Руханият

«Бесігі жоқ елден қорқамын»

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Бала дүниеге келгеннен бастап орындалатын жөн-жоралғылардың өзіндік мән-маңызы бар. Солардың бірі – бесік жыры. Қырқынан шыққан сәбиін бесікке салып, әндете отырып, тербетіп ұйықтататын ақ жаулықты аналарды некен-саяқ кездестіреміз. «Баланы бесікке салуға не кедергі, бесік жыры неге айтылмайды?» деген көкейдегі сұраққа жауап іздеп көрдік.

«Тәрбие басы – талбесік» деп қазақ халқы тегін айтпаса керекті. Жаңа туған сәбидің бесік жырын тыңдап өсуіне не кедергі? Ақ жаулықты әжелеріміздің немересі дүниеге келгендегі атқаратын маңызды қадамының бірі – бесікке бөлеу. Ауылдың үлкендері жиналып, сәбиді бесікке бөлеп, бесік тойын жасағанды көз көрді. Басында бұлқынғанымен аз уақыттың ішінде үйренген сәбидің бесік ішіндегі ұйқысы да тыныш болады. Жас баланың жан-жақты физиологиялық-психологиялық тұрғыда өсіп жетілуіне бесіктің пайдасы мол екендігі айдан анық. Алайда, қазақ халқының тез еліктегіштігі ата-бабаларымыздан келе жатқан әдет-ғұрыптарымыздың біртіндеп тарих қойнауында қалып бара жатқандығын көрсетеді. «Бесікке салу баланың еркін өсуін тежеп, енжарлыққа үйретеді» деген сыңаржақ пікірдің жетегінде кеттік. Бала бесікке бөленбеген үйде бесік жыры да айтылмайды.

Бесік жыры – сазды әуенмен, жанға жайлы әдемі ырғақпен, мағыналы сөзбен жаңа туған сәбиді уатып, тыныштандыратын өлең жолдары. Бесікті жаймен тербете отырып, бесік жырын айтқан ананың қоныр үні баланың құлағына жасынан сіңіп өседі. «Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем» деп басталатын өлең жолдарында кішкентай баланы «айым, күнім, ақылдым, толағайым, батырым» деп еркелете отырып, оның бар болмысын жырға қосады. Сондай-ақ, «Таңдайларың тақылдап, Сөйлегенде сөз бермей, Шешен болар ма екенсің? Кең балағын түріскен, Ұлы топта күрескен, Балуан болар ма екенсің?» деген әдемі өлең жолдары арқылы анасы қиялына қанат бітіріп, кішкентай сәбидің болашағын болжай отырады. Бесік жырында ана баласының болашағынан зор үміт күтетінін, аналық махаббатын, ой-арманы, ізгі тілегін жеткізген. Сәби шағынан бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы дамиды әрі тілінің ерте шығуына ықпал етіп, ес білген шағында сөзге жүйрік болады. Бесік тербетуші ана мен әженің бар пейілі бесік жыры арқылы баланың бойына дарып жатады.

– Өзімді және кейінгі бауырларымды апам бесікке бөледі. Кіші бауырымды бөлегенде апамның «Жылама, бөпем, жылама, Жілік шағып берейін, Байқұтанның құйрығын, Жіпке тағып берейін», деген өлең жолдары әлі есімде. Үйдің үлкені болғандықтан болар, бауырларымның бесікке бөленгенін қалап тұратын едім. Анам алаңсыз үй шаруасын бітірсе, мен де ойнай беретін-мін. Өз балаларымды бесікке бөледім. Үй тірлігін атқаруға уақытым көп болатын. Қазір өзім де әжемін. Немеремді бесікке бөлейін десем, келінім: «Дәрігерлер бала бос жатуы тиіс. Еркін өсуі қажет. Тіпті, аяқ-қолы маталмау керек деді» деп жаялыққа да ораған жоқ. Мұның бәрі оның денсаулығына кері әсерін тигізеді-міс. Амал жоқ, еріксіз көндім. Ал, бесікке бөленген мен, менің туғандарым, балаларымның көрген зияны жоқ. Оны жастарға қалай түсіндіресің? Бесікке бөленбеген балаға бесік жырын да айта алмайсың. Ербең-ербең еткен арба, тіпті, мойыны бос баланың басын арлы-берлі шайқайды. Содан барып, тумай жатып бастың түрлі ауруларына диагноздар қойылады, – деп кейиді Назира апай.

Шын мәнісінде солай. Әлі ештеңені білмейтін жас сәбиді емізіп отырып, ұйықтаған соң арбаға салып кетеді. Ешкім үндемеуі, тырс еткен дыбыс шықпауы қажет. Өлі тыныштық орнаған орта болуы ләзім. Бүгінде бесік жырының орнына ұялы телефонынан даңғаза әуен қойып кететіндер де бар. Даму процесі жаймен жүріп жатқан балаға музыканың қалай әсер ететінін ойлаудың өзі қорқынышты.

– Дүние жүзі педиатрларының мақұлдауы бойынша, баланы бесікке бөлеу дұрыс емес деген тұжырым бар. Яғни, «бесікке қымталған баланың ішкі ағзалары мен бұлшық еттері толық жетілмейді, әрі қанайналым жүйесіне кері әсерін тигізеді» деп дәрігерлер жас аналарға балаларын бесікке бөлеуге рұқсат бермеді. Бұл пікір мыңдаған баланы бесіктен айырды. Бүгінде бұл жаңсақ пікір толығымен жоққа шығарылған. Бесікке бөленген сәбиде жүйке жүйесінің жетілуі қалыпты жағдайда жүреді. Әрі ми – қантамырларының дұрыс жұмыс жасауына, баланың тазалығына пайдасы зор. Баланың ақыл-ойы мен зердесінің жетілуіне бесіктің пайдасы мен бесік жырының айтылуының маңызы ерекше, – дейді балалар дәрігері Рымкүл Саятқызы.

«Бесігі жоқ елден қорқамын» деген екен Бауыржан Момышұлы. Жас ұрпақтың сау да салауатты болуының алғашқы алғышарты бесіктен басталса, рухани жетілуі бесік жырынан.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button