Руханият

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Ел мүддесі – ең алғашқы орында»

Қарт Ұлытауға байырғы бабалардың ықыласы қаншалықты ыстық болса, бүгінгі ұрпақтың ынтызарлығы да соншалықты зор. Өйткені, Ұлытау – Ұлт бесігі, Алты Алаш баласына тән қадір мен қасиет атаулының қайнар көзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ сол себепті осынау қасиетті өңірге ерекше көңіл бөліп, этнотуризм орталығына айналдыру жөнінде нақты тапсырма бергені белгілі. Президент пәрмені аясында әр деңгейлі атқарушы билік тарапынан айтулы істер қолға алынып, жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағыттағы жергілікті әкімдіктің әлеуетті жұмыстары мен олардың тиімді нәтижелері – жұртшылық назарында. Біз орайы келген сәтте атқарылған жұмыс ауқымын зерделеп, алдағы жоспарлы шаралардың мәні мен маңызын тереңірек пайымдау мақсатында бір жылдан аса уақыт Ұлытау ауданының әкімі қызметін атқарып, күні кеше ғана ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты мандатын иеленген Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫН әңгімеге тартқан едік.

 

– Ұлытаудың тарихы, оны жаһанға туризмді түлету арқылы танымал ету, түпкі межеде мәртебесін әлемдік кеңістікте арттыра түсу бағытында қандай іс-шаралар атқарылғаны және алдағы жоспарлар жөнінде әңгіме өрбітсеңіз…

– Ұлытаудың тарихы тереңде жатыр. Оның беріден, яғни, Алтын Орда дәуірінен ғана басталмайтынын жақсы білеміз. Сондықтан, өткен жылы көптеген іс-шаралар Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойымен байланысты болғанымен, көне дәуірлерден жеткен құнды дүниелерді насихаттау жұмысына айрықша назар аудардық. Ұлытаудағы тарихи ескерткіштердің басым дені – тылсымы әлі тереңде жатқан, құпиясын ішіне бүккен жәдігерлер. Мәселен, бір ғана Домбауылды алайықшы, ол – Қазақстандағы ең үлкен ғұрыптық кешендердің бірі. Ұлытауда Түркі дәуірінен де бұрынғы заманда – тәңіршілдік, отқа табынушылық кезеңдердегі діңдер көп шоғырланған. Діңдер – қазіргі ұғыммен алғанда мешіттер. Домбауыл – солардың өзегі, орталығы. Таудың өзінің, ондағы Ақмешіт (Әулиетау) шыңының тарихы ұрпақтан – ұрпаққа ауысқан аңыз желісімен тарап келеді. Атилла, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Асанқайғы, тағы да басқа аса танымал тұлғалардың Ұлытауға ат басын бұрмағаны кемде-кем. Олар ұзақ сапарға шыққанда, жорыққа аттанғанда Ұлытауға соғып, тәу етіп отырған. Едіге мен Тоқтамыстың осы таудың басында мәңгілік тыныс табуы – бекерден-бекер емес.

Жоғарыда айтылғанның және айтылмай қалған жайттардың бәрі – туризмді дамытудың үлкен мүмкіндігі. Президенттің де алға қойған мақсаты – осы. Өкінішке орай, өзіміз әлі жеткілікті түрде насихаттай алмай жүрміз. Туризмді дамыту – ауданды әр қырынан әлеуетті ету, облыстың, елдің экономикасына тың серпін беру. Жошы ханды әлем әлі танып-білген жоқ. Бұл – кеңестік саясаттың кері ықпалы. Қазақстан тарихы жабық болды, ол туралы ақиқат сөзге жол берілмеді. Жошы ұлысы құрамынан қаншама мемлекеттер шықты! Жалпы Ғұн, Батыс Түрік қағанаттарының, Дешті Қыпшақтың түп-тамыры – осы жерде. Алғашқы металлургия өндірісі – осында, Талдысай – соның айғағы. Еуропа таспен жұмыс істеп жүрген кезде, бізде темірден күрделі құралдар жасалып жатқан.

– Ұлытаудың ұлық қасиетін ұғынған халықтың Ұлт бесігіне тағзым ету үшін ағылуы толастамасы күмән тудырмайды. Осы орайда, «Шетелдік туристерді қызықтырудың қандай тәсілдері бар?» деген сауал бой көтереді. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

– Қазір бастапқы қадам ретінде туризм инфрақұрылымын дамытуға көбірек мән беріліп отыр. Осы бағытта облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен бірқатар жұмыстар атқарылды. Бірегей кешен – «Сапар орталығы» құрылысы толық аяқталды. Ғимарат ішінде 15 орындықты қонақ үйі, асхана, музей залы, іс-шаралар өткізуге шақталған орын бар. Сырттан келетін туристер үшін бағдарламалар жасалған. Тауға шығады, ескерткіштерді тамашалайды, сондай-ақ қыс маусымында аэрошанамен тау қойнауын аралайды. Аудан орталығында «Саумал орталығы» ашылуы – тың бастаманың бірі. Әзірше орталық сәуірден қыркүйекке дейін бес ай жұмыс істеуі керек. Ал, болашақта жыл бойы қызмет көрсетуге дайындық үстінде. «Саумал орталығы» биылдың өзінде біраз қызмет атқарды. Оған қызығушылық танытушылар қатары көп. Дәл іргесінде атпен серуендеуге мүмкіндік беретін ипподром болады. Бұл бастамаға облыс әкімі қолдау білдірді, соған орай, жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін инвесторлар тартылып отыр. Садақпен нысана ату алаңы да іске қосылмақшы. Ұлытау селосында бір мезгілде отыз адам орналасатын қонақ үй құрылысы жүргізілуде. Бұл – туристер тартудың алғышарты. Этноауылға қазақы бітімдегі, сүйегі ағаштан жасалған дәстүрлі киіз үйлерді алдыртып жатырмыз. Алдағы жылы олардың саны 30-ға жетеді. «ЖезқазғанҰлытау» бағытында арнайы туристік автобус қатынасы жолға қойылады. Бұдан тысқары, «Қазақмыс» корпорациясымен келісімге сәйкес, Нұр-Сұлтан мен Жезқазған қалаларына және кері бағытта бір мезетте 20 жолаушыны тасымалдауға арналған шағын ұшақ қатынасын іске қосу жоспарда бар. Ұлытауда киелі орындарға абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Ембұлақ», «Тасбұлақ» төңірегі демеушілер қаржысы есебінен көркейтіліп, келбеті жаңарып қалды. Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан «Күмісбұлақ» маңына бүкіл түркі әлемінде қасиетті саналатын Көкбөрінің еңселі ескерткішін орнаттық. Көкбөрі ескерткіші жайлы ақпарат тек Қазақстан емес, басқа да түркі елдерінің ақпарат құралдары арқылы жария етілді. Жүйелі жүргізілген мақсатты жұмыстар нәтижесінде аудан орталығының сыртқы көркі де көрген көз қуанатындай күйге жеткізілді.

 

– Ауданда аз ғана уақыт аралығында дүйім елді сүйсіндірген жағымды істер жүзеге асырылғанынан біздің де хабарымыз бар. Солардың бәріне болмаса да, біршамасына қысқаша сипаттама бере кетсеңіз…

– Ұлттық спорт ойындарын өрістетуді қолға алып, іргелі іс-шаралар ұйымдастыруды ойластырып отырмыз. Аудан орталығында күрес, бокс залдары ашылып, бүгінгі күні жас буын өкілдері спортпен шұғылдануда. Осыдан 12 жыл бұрын құрылысы басталып, тоқтап қалған аудандық орталық стадион жұмысы жанданып, қазіргі таңда пайдалануға берілді. Болашақта кәсіби бүркітшілерді алдырып, Ұлытаудың бүркіттерін қолға үйретіп, осыған байланысты үйірме ашу жоспарымызда бар.

Орайы келгенде мына бір жайтты айналып өтуге болмайды. Тарихты тану – еліңнің өткен жолын бағамдау. Азаттыққа жеткенге дейінгі жолда қаншама адам құрбан болды. Оларды естен шығармауымыз керек. 1929- 1986 жылдары мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылғандар, жазықсыз сотталғандар мен тағдыры оққа байланғандар көп. Архивтерден іздестіріп, газетке жариялап, аудан бойынша осы санаттағы 400-ге жуық адамның аты-жөнін таптық, олардың ішінде әлі де ақталмағандары бар. Аудан орталығында есімдерін тасқа ойып жазып, арнайы «Тағзым тақтасын» аштық. Алашорда қызметкерлеріне қатысты материалдар да кездесті. Мәселен, Алашорданың Атбасар уездік ұйымының тұңғыш төрағасы Сейілбек Жанайдаров болса, екінші төраға – оның орынбасары болған Әлен Жылқайдаров. Мұны ұрпақтары да, зерттеуші ғалымдар да білмейді. Мен осы қайраткер жайлы мәліметті Ұлытауға келіп таптым. Аудан орталығында ардақты тұлғалардың мүсіндері орнатылды.

– Елорда мен Жезқазғаннан Ұлытауға ұшақ қатынасын жолға қою көңілге қонымды шешім екен. Десек те, автокөлікпен жүретіндер арта түспесе, азая қоймасы белгілі. Осы орайда, жолдың сапасына қатысты не айтар едіңіз?

– Иә, автокөлік жолдарының сапасы – кезек күттірмейтін маңызды мәселе. 2020 жылы Жезқазған-Ұлытау бағытындағы 38 шақырым жол бөлігінің 28 шақырымы жөнделді. Қалған бөлігі мердігер жұмысының сапасыз болуына байланысты тежеліп тұр. Ол осы жылы қолға алынады. Аудан орталығы мен Қаракеңгір ауылы бағытындағы жолдың 16 шақырымына тасжол төселді, оны жалғастыру – жоспарда. Жалпы, кенттер мен ауылдардың жолдарын жөндеуге бет бұрдық. Айрықша атап өтер жайт – қазір Алғабас пен Шұбаркөл арасындағы жолдың құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Осы аралықтағы 19 шақырымға көтерме жол төселсе, НұрСұлтан қаласынан Ұлытауға 400 шақырымнан асатын төте жол пайда болады. Сонда қазіргі Қарағанды, Жезқазған арқылы жүретін жолға қарағанда арақашықтық екі есеге қысқарады. Ауданға қарасты Ақтас кентіне күні бүгінге дейін жол салынбаған, тіпті, қағаз күйінде де жоқ. Қазір құжаттары дайындалып, келесі жылы жол салу жоспары бар. Ауылдарға жеткізетін жолдар жөнделуде. Атап айтсақ, Сарысу, Терісаққан, Шеңбер бағытындағы жолдар жөнделіп жатыр. Биылғы жылы Аманкелді ауылының аяқталмаған 10 шақырым жолын ретке келтіру жоспарда тұр. Сол ұстанымнан таймай, барлық жолдарды жобаға келтіру – басты міндет.

 

– Берік Әбдіғалиұлы, халықтың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын арттыруды басты мәселе ретінде қарас тыратыныңызды жақсы білеміз. Осы бағыттағы істің барысына тоқтала кетсеңіз…

– Аудан тұрғындарының көкейкесті мәселесінің бірі – Wi-Fi тарту еді. Биыл демеушілер күшімен Аманкелді, Шеңбер, Егінді, Алғабас ауылдарында бұл мәселе орнықты шешімін тапты. Өткен жылы интернет игілігіне Ақтас пен Байқоңыр ауылдары қол жеткізген болатын. Байланыс қызметі жоқ ауылдарға Beeline, Теле-2 сынды байланыс қызметтері орнатылып жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасымен Қарсақбай және Жезді кенттерінде спорт-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталып, аудан орталығындағы кәріз жүйесін салу жұмысы жалғасын тапты. Жезді кентінің тұрғындары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының игілігін айқын сезінді. Кенттегі мәдениет үйі мен мектеп-интернат ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көшелер мен көше жолдары жөнделіп, абаттандырылды. М.Төрегелдин атындағы мұражай күрделі жөндеуден өтті. Қазір кенттегі ең күрделі мәселе электр қуатымен қамтамасыз ету жайы болып тұр. Аудандық бюджеттен жалпы аудан бойынша электр желілерін жаңартуға қаржы бөлініп, жұмыс үдерісі басталды. Биыл аудан орталығында, Қарақұм, Пионер, Борсеңгір ауылдарында ауызсу құбырларын жаңарту жұмыстары басталады. Бүгінгі күнге алты ауылдың мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтті. Барлық мектептер мен клубтардың жылу беру қазандықтарын жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі күні көмірді қолдану мөлшері екі есе азайды. Сондай-ақ, төрт мектепке оқушыларды тасымалдау үшін жаңа шағын автобус сатып алынып, берілді.

Мәдениет үйлері біздің тарапымыздан қойылған талап бойынша тиісті сұраныстарға сәйкес, қажетті музыкалық аспаптармен, өзге де қажеттіліктермен жабдықталды. Борсеңгір, Қорғасын клуб үйлері музыкалық аппаратурамен қамтылды. Мақсатты талдау жасап, ауданның 15 мәдениет үйінде 3-ақ домбыра бар екенін анықтадық. Содан аудан бойынша мәдениет үйлеріне жаңадан 62 домбыра алынды. Сонымен бірге, қылқобыз, прима қобыз, шаңқобыз, шіңкілдек, дабыл, сазсырнай, сыбызғы, бас домбыра, шертер секілді ұлттық аспаптар берілді. Тиісінше, байырғы дәстүрге қайта оралып, «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблі (Ұлытау), «Балбырауын» оркестрі (Қарсақбай), «Арғанаты алқасы» ұлт-аспаптары оркестрі (Шеңбер), «Сарлық сазы» ансамблі (Аманкелді), «Бұланты сазы» ансамблі (Байқоңыр) және Қаракеңгір халық драма театрының жұмысы қайыра жанданатын болады. Бұлардың барлығы сахнаға арналған ұлттық киімдермен қамтамасыз етілді. Өткен жылы аудандық мәдениет үйі мен кітапханалар 39 компьютермен жабдықталды.

2020 жылы сыныптан тыс тәрбиеге басымдық бердік. Мектептердің материалдық базасын талдап, аудан мектептерінде де домбыра жоқ екенін анықтадық. Содан арнайы 90 домбыра алып бердік. Оқушылар үйі мен Балалар өнер мектебі филиалдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Тиісінше, мектептен тыс тәрбие мекемелерінде вокал, домбыра, хор, хореография, бейнелеу өнері, қобыз, жетіген, фортепиано үйірмелерінің мүмкіндігі кеңейе түсті. Өнер мектебінің филиалы ретінде Қарсақбай кентінде, Шеңбер, Терісаққан, Аманкелді ауылдарында домбыра үйірмелері жұмыс істейді. Қаракеңгірде театр үйірмесі, Аманкелді ауылында бейнелеу және кескіндеме үйірмелері ашылған. Жезді кентінде Оқушылар үйі мен Өнер мектебін аштық.

Өлкетануды дамыту мақсатында, балалардың қатысуымен барлық мектептерде музейлерді жаңғырттық, арнайы «Үздік мектеп мұражайы» аудандық байқауын өткіздік. Байқау жеңімпаздарына жалпы жиынтығы 1 млн. 600 мың теңгені құрайтын сертификаттар табыс етілді.

Құрылыс жұмыстары ұзақ жылдар бойы тежеліп қалған Алғабас орта мектебінің жаңа ғимаратын демеушілер қаржысы есебінен аяқтап, балғындар игілігіне беруіміз – білім саласындағы басты жетістіктің бірі. Аудан мектептерін 10 үстел теннисі, 120 жұп шаңғы, 150 футбол добы, 100 жұп коньки және басқа да спорт жабдықтарымен қамтамасыз еттік. Оқу ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 300 ноутбук, 360 компьютер, смарттақта мен LED экрандар алынды.

Аудан орталығында Халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты салынды. Бұрынғы орны шет жақта болғандықтан, келушілерге қиындық тудыратын. Орталыққа салынған ғимарат олар үшін өте оңтайлы болады. Биылғы жылы аудан орталығында Жастар сарайын пайдалануға тапсырып, бассейн құрылысын бастау жоспары міндетті межелер тізбегінде тұр.

Медицина саласы – тұрақты назарда. Бұл – қазіргідей індет қатері іргеде тұрған кезеңде кезек күттірмейтін мәселе. Биыл аудан орталығында екіқабатты жаңа аурухана салынып, Жезді кентіндегі аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, Қаракеңгір және Мибұлақ ауылдарында отбасылық-дәрігерлік аурухана, Сарысу, Терісаққан, Байқоңыр мен Қарақұмда фельдшерлік-акушерлік пункттер салынатын болады.

Былтыр бірнеше ауылда абаттандыру жұмыстарын жүргізіп үлгердік. Аудан орталығында он жаңа сквер пайда болып, тұрғындар демалатын орындарға айналды. Көше бойларына жаңадан отырғызылған 200-ге жуық қарағай ағаштары ауылдың ажарын ашып тұр. Аудан орталығында жолаушыларға сапалы қызмет ететін жаңа автостанция ашылды.

Биыл Аманкелді ауылының мектебі, клуб үйі, көше жолдары жөнделеді. Осы тектес шаруалар Ақтас кентінде, Сарысу, Борсеңгір және Мибұлақ ауылдарында да атқарылатын болады. Жыл көлемінде ауылдар мен кенттерде «Қатысу бюджеті» бойынша 50 млн. теңгеге жуық қаражат халықтың сұранысы мен талап-тілегіне орай, ортақ мүдделі шараларға жұмсалды. Алдағы жылдары ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға 3 млрд. тенге инвестиция тарту көзделген.

– Жайлы тұрмыстың басты шарты – тұрақты жұмыс пен қолайлы баспана. Осы мәселенің астарына аз-кем үңіліп көрсек…

– Біз екі жыл ішінде барлық кенттер мен ауылдардың біршама түйткілді мәселелерінің түйінін тарқатуға тиіспіз. 2021 жылы атқарылатын үлкен жобалар бар. Соның бірі – «Ұлытау-Арғанаты» ұлттық паркін ашу жоспары. Бұл парк ашылғанда, даланың табиғи қазына-байлығын қорғау шаралары пәрменді сипатты иеленеді. Бұдан тысқары, сол арқылы бастапқы болжам бойынша 70- ке жуық тұрақты жұмыс орны пайда болады. Мұнымен қоса, Жезді кентіндегі спорт кешенінде – 16, Қарсақбай спорт кешенінде – 16, кәріз жүйесінде – 10, аудан орталығындағы жаңа балабақшада – 35, Қарақұмдағы балабақшада – 20 және тағы басқаларын қоса есептегенде жалпы аудан бойынша 220-ға тарта тұрақты жұмыс орны ашылуы тиіс. Оның бәріне, әрине, сырттан ешкім келмейді, жергілікті тұрғындар қабылданады.

Баспанаға мұқтаждар мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келеміз. Айталық, Жезді кентінде 5 пәтер сатып алынып, кілттері көпбалалы аналар мен мемлекеттік қызметшіге табыс етілді. Дәл осындай қоныс тойы Қарсақбайда да орын алып, кентке сырттан көшіп келген үш мұғалім баспаналы болды. Қарақұм ауылында «Мұғалімдер үйі» ашылып, үш жас маман келді. Мұның бәрі аудандық бюджет қаражатын оңтайлы бағыттау есебінен шешімін тапты. Ұлытау кентінде 70 пәтерлі екі-үш қабатты бес үйдің құрылысы жүргізілу үстінде. Олардағы жұмыстың басым дені еңсерілді. Сондай-ақ, аудан бойынша ресми түрде үй кезегіне тіркелген адамдары бар ауылдар мен кенттерде үй салып беру мүмкіндігі қарастырылған. Кент, ауыл әкімдерінен сұранысқа сай қажетті құжаттар түсе қалса, іске кірісіп кетуге қашанда әзірміз. Бұл – аудандық деңгейдегі тиісті салалық мемлекеттік мекеме басшылары мен кент әкімдерінің алдына қойылған бірегей міндет, тегеурінді талап.

Жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында бөлінетін аудан әкімінің қайтарымсыз грантының жалпы сомасы 30 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Оған өз жобаларын ұсынып, жеңімпаз атанған грант иегерлері аудан орталығында, ауылдар мен кенттерде кәсіптерін ашып, елге қызмет етуге кірісіп те кетті. Бұрын аудан орталығында шаштараз болмаған. Гранттың нәтижесінде бүгінгі күні екі шаштараз жұмыс істейді. Сонымен қатар, қыз-келіншектерге арналған сұлулық салоны ашылды. Жылдам тамақтану орталығы жұмысын бастады. Ветеринариялық дәріхана, ірі-қара малдарды қолдан ұрықтандыру орталығы ашылды. Жезді кенті мен Алғабас ауылында наубайхана, Қарсақбай, Қаракеңгір, Мибұлақ, Шеңбер ауылдарында кондитер цехы іске кірісті. Шеңберде монша пайдалануға берілді. Грант бөлу нәтижесінде халықтың талабы назарға алынумен қатар, жаңа жұмыс орындары құрылғаны, әрине, айтарлықтай жетістік. Олардың басты ерекшелігі – бастапқы жобалары мен кәсіптерін бұқараның сұранысына сай бағыттарға икемдеуі. Бұл, тиісінше, істің ілгері басуының кепілі.

– ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты ретінде Жезқазған-Ұлытау өңірін одан әрі дамыту – мақсатыңыздың маңызды бөлігі болары күмәнсіз. Осы орайда, қандай жұмыстарды атқару жоспарыңызда бар?

– Әрине, Жезқазған мен Сәтбаевта, Арқалықта, жалпы Ұлытау және Торғай өңірінде қордаланған мәселелерді шешуге барынша атсалысу – басты міндетім. Ал нақты айтсам, алғашқы кезекте Ұлытау-Арқалық, Қызылорда-Жезқазған тасжолдарының салынуы, Шұбаркөл-Алғабас көлік жолының құрылысын бастау ісі ерекше назарда болады. Ұлытау ауданы ауылдарының ауызсу құбырларын жөндеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлінуін қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға инвесторлар тарту – кезек күттірмейтін істің бірі. Ұлытауда ұлттық парк ашу, табиғат пен жануарларды қорғау мақсатындағы жұмыстарды ширату, оны бақылауда ұстау – бүгінгі күні өте өзекті.

Орайлы сәтті пайдаланып, қоян-қолтық еңбек еткен әріптестеріме, тың бастамаларға үнемі қолдау білдірген аудан жұртшылығына, облыс басшылығына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Барша қауымның еңбегіне табыс, әр отбасына берекелі тірлік тілеймін.

Түйіп айтсақ, меже – биік, бағдар – айқын. Ел мүддесі – ең алғашқы орында. Ұлытаудың ұлық мәртебесін асқақтата түсу, киелі өңірде ішкі және сыртқы туризмді түлету – бірегей борыш. Түптеп келгенде, соның бәрінің астарында халықтың әл-ауқатын одан әрі әлеуетті ету міндеті жатыр.

– Сауалдарға жауап беруге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен Амандық РАХҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button