Руханият

Белгілі кәсіпкер, меценат, «Natige» ЖШС директоры Ерлан ӘШІМ: «Кәсіпкерліктің басты кредосы – ақша табу емес»

– Ерлан аға, сіз ұлттық мүдде, халық пайдасына қызмет етуге келгенде, бейжай қарай алмайтыныңызды көзіқарақты ел жақсы біледі. Басқасын айтпағанда, Қарағандыдағы идеологиялық тұр­ғыда ескірген көше атауларын қазақыландырғанда, «керек қылса, шығынын мен-ақ көтеріп берейін» деген сөзіңіз қарағандылықтардың есінде. Кейінгі бірер жылда «Qasym кitaphanasy» сериясымен балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ және шетел жазушыларының қазақшаға аударылған таңдаулы шығармаларын қайта бастырып, өзгеше үлгіде заманауи кітаптар шығарып жүргендеріңізді білеміз. Әуелі осы жобаға тоқтала кетсеңіз…

– Ұлтқа қызмет ету арқылы қоғамға пайдамды тигізсем деген ой 25-30 жасымнан мазалап жүрді. Кәдімгідей кәсіпкерге айналып қалған кезім. Тапқан ақшадан артылғанын алып, мешітке, жетімдер үйіне, мүгедектер қоғамдастығына демеушілік етесің, немесе көтеріле алмай жүрген спортшы балаларға көмектесесің. 10-15 жыл сөйтіп жүрдім. Жағдайы төмен студенттерге қарайласа бастағанда түсіндім. Мұндай жекелеген кішігірім көмектер ұлттың жыртығын жамамасына көзім жетті. Тұтас ұрпақ білімді ұлтқа айналмаса, оның бойына Абай айтқан нұрлы ақыл бітпесе, ілгері жылжу жоқ. Қазақта Абай көрсеткен ыстық қайрат та, жылы жүрек те бар. Нұрлы ақыл жетіспейтін сияқты. Ол қайдан шығады? Рухани тәрбие мен білімнен келеді бойға. Осы тұжырымға беки келе, қазақ балалары мен жасөспірімдеріне арналған заманауи талапқа сай кітаптар шығаруды ұйғардық. Бұған бірнеше шығармашылық адам тартылды. Ең бастысы ұлтқа пайдалы жоба болу керек деген мүддені ұстандық. Екіншіден, бұл ақша табатын жоба болмайтынын мен кәсіпкер ретінде бірден білгенмін.

– Ол қалай сонда, шығарып жатқан кітаптарыңыз сатылымда ғой?

– Неге десеңіз, қазақ өзі аз халық, оның ішінде кітап оқитындары тіпті аз. Сол себепті кітапты көп тиражбен шығара алмайсыз. Әрі кетсе мың дананы шиырлайсыз. Кітаптың тиражы неғұрлым аз болған сайын баспадан шығару қымбатқа түседі. Неғұрлым көп болса, баспаға аз төлейсіз де, нарықта үстінен түсетін түсім көбейеді. Ал, мың тираж деген көпке саналмайды. Сөйте тұра, өзі қымбатқа түсті екен деп кітап бағасын шарықтатып жіберуге тағы болмайды. Қазақ онсыз да көп ақша тауып жатқан халық емес. Кітап көпшілікке қолжетімді болу үшін үстінен аздап қана, әрі кетсе, 100 теңге қосуға тура келеді. Бұл шығындарды ғана жабады. Мен оны о баста біліп, түсініп бардым. Айтып отырмын ғой, біздің бар мұратымыз – өскелең ұрпақтың бетін кітапқа, кітап арқылы руханиятқа бұру. Оқырман қызығатындай сапалы туындыларды озық үлгіде безендіріп, ұсыну көпке. Заманауи кітап саудасын жолға қою да осыдан алыс кете қоймайды. Шығарып жатқан кітаптарымыздың арасында қазақ балалар әдебиетінің классиктерімен қатар, әлем әдебиетінің жауһарлары ана тілімізге аударылып беріліп отыр. Шетел әдебиетінің үздік шығармалары бұрын жоғары деңгейде аударылған болса ғана аламыз, болмаса тапсырыспен кәсіби аудармашылар аударып шығады. Мұның бәрі бір сөзбен айтқанда, өскелең ұрпақты оқырман ұлтқа айналдырудың амалы. Ал, әдеби кітап оқып өскен адам іштей түлеп, рухани жаңғырады. Айтпақшы, «Qasym кitaphanasy» қолға алған бұл жобаны былтыр ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты өңірдегі ең үздік жоба деп таныды. Республика көлемінен іріктелген жұмыстар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға, нақты міндеттерін шешуге бағытталған жобалар негізінде қарастырылса керек. Солардың арасынан үздік деп танылған біздің «Qasym кitaphanasy» облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің ұсынуымен ең үздік жобалар жинағына енгені, әрине үлкен қуаныш.

– Қазірге дейін «Qasym кitaphanasy» сериясымен қанша кітап шығардыңыздар? Жоба жұмысын жандандыра беретін шығарасыздар?

– Бүгінге дейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 24 кітап жарыққа шықты. Олардың арасында «Менің атым Қожа», «Гауһар тас», «Қар қызы», «Теңіз қорқауы», «Қылау», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Қамбар батыр», «Ит жүрегі», «Әке», «Ергежейлілер еліне саяхат», «Арпалыс 1,2,3», «Ескек жел», «Кішкентай шахзада», «Үш ноян» сынды шығармалар шоғырын ерекше атап өтуге болады. Көріп отырғаныңыздай, балалар аудиториясына арналған әлем әдебиетіндегі таңдаулы туындылардың үздік аудармалары да бар тізімде. Совет заманында қазақ авторлары шығармаларының бұрмаланған кейбір тұстары, қайта басылуда баспа тарапынан өзгерістерге ұшыраған мәтіндерді қалпына келтіруде, түпнұсқаға негіздеуде көптеген жұмыстар атқарылды. Осы орайда Арман Әлменбет, Болат Есқараұлы, тағы басқа азаматтардың еңбегін атап өткен орынды. Ендігі жоспар – жылына 52 кітап шығарып тұру. Мұның астарында «аптасына бір кітап оқы» ұраны бұғып жатыр. Бір жылда 52 апта бар екен.

– Тәуелсіз өмір сүру үшін ақша керек деп жатады. Кәсіпкер ретінде бұған қалай қарайсыз?

– 20-дан асқан кезімде оқыған мына бір оқиға есімнен кетпейді. Атақты бір баскетболшыны (Майкл Джордон ба, атын ұмыттым) АҚШтың президенті аса мәртебелі жандардың қатарына қосып, қонаққа шақырады. Түскі асқа Ақ үйге келуін өтінеді. Белгіленген уақыттан бір ай бұрын барады шақырту. Сондағы әлгі баскетболшының жауабы: «Кешіріңіз, президент мырза! Сіз мені қонаққа шақырған дәл осы күні мен отбасыммен бір жерге баратын жоспарларым бар еді. Сол себепті сіздің дастарханда бола алмаймын. Құрметтегеніңіз үшін рахмет!» деп, жазбаша жауап жазып жіберген. Міне, нағыз тәуелсіз сана деген – осы! Мұны оқып орнымнан атып тұрғаным әлі есімде. «Бізге осындай сана керек» деп. Бұл қазақтың басты құндылықтарында да көрінеді. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деген. Атаанаң, жарың, балаларың осы ақ жаулыққа саналмай ма? Содан кейін барып «үшінші байлық – он саулық» дейді. Оған мал-жаның, дөңгелетіп отырған кәсібің, тағы басқалары жатады. Атақты баскетболшы ғана емес, әлгі баскетболшы – оқыған, ішкі мәдениеті қалыптасқан, еркін ойдың адамы есепті. Меніңше, «Президент кім менің қасымда?» деп бармай қалса, оны сасық кеуде дер едім. Олай кергісе, жалған намысқа саналады.

– Дәл осындай жағдайды қазақ арасынан мысалға тарта аламыз ба?

– Әрине. Сырым Датұлы! 4-5 сыныпта орысшадан оқығаным бар.

– Сіз орысша оқып па едіңіз?

– Иә, мен орысша бітіргенмін мектепті. 25 жасымда қазақша оқып, жаза алмайтынмын және дұрыс сөйлей алмайтынмын. Жиырмадан асқан жасымнан бастап ана тілімді үйрене бастадым. 30-ға келгенде «Абай жолын» қазақша оқып шықтым. Мағжан, Мұқағалиды оқуға қауқарым жетті.

Сол Сырым Датұлын Сібірдің генерал-губернаторы шақыртады. Сырым батырдың сондағы жауабы: «Менің генерал-губернаторда ешқандай жұмысым жоқ. Оның менде шаруасы болса, өзі келсін» деген. Неге екенін білмеймін, осы оқиға жадымда тұр әлі күнге.

– Кәсіпкерге үш кеңес дегенде айтқан екенсіз. «Бірінші кеңес – кітап оқу, екінші кеңес – тағы да кітап оқу және өте көп оқу» депсіз…

– Ішкі рухы өскен адам, өмірдің мағынасы туралы кеңінен ойлайтын адам – ең озық адам. «Өлімнен қорықпаймын, өлеңім өшіп қалғаннан қорқамын» дейді ғой Қасым. Бұл – оның өмірлік мұраты. Осындай философиядағы адамдардан елін ойлай алатын жақсы кәсіпкерлер шығады. Ондай жандар бизнестің философиясына жете алады.

– Бизнестің философиясы не сонда?

– Қоғамға, халқыңа пайдаңды тигізу. Тек ақша таба беру емес. Сенің халқың не нәрсеге мұқтаж, соны өзің өндіресің бе, басқа жақтан әкелесің бе, мұрат – осы. Халықтың мұқтаждығын арзан да емес, қымбат та емес, өз бағасына қою. Рухани өресі тар адам тек қана ақша табуды ойлауы мүмкін. Мәселен, пандемия етек алғанда ақшаны ойлаған кәсіпкер 30 теңгенің бетпердесін 300 теңге қылып жібереді. Ол мың жерден кәсіпкер болғанымен, адам емес қой. Ал, Абайдың «пайда ойлама, ар ойласын» білгендер ондай ашкөздікке бармайды. Өте қатты дамыған елдердің кәсіпкерлері баяғыдан осындай ұстаныммен өмір сүреді. Сондықтан, гүлденіп, дамиды елі. Әлемдік технократ Генри Фордтың бар мақсаты – өзі жасаған машинаның бағасын халыққа қолжетімді етіп, барлығына көлік алу мүмкіндігін тудыру еді. Заманауи қазақ кәсіпкерлеріне ауадай қажет қасиет – бұл.

– Бізге уақыт қиып, әңгімелескеніңізге рахмет, аға!

Сұхбаттасқан Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button