Бас тақырып

Бекзада Бекзат – басылым жанашыры

Жаңаарқалық ұстаз Нұргүлдің (Шамаева) нұрлы бастамасы жалғасын тапты! Арқаның айтулы Атымтайы бекзада болмысты Бекзат АЛТЫНБЕКОВ тағы да өзінің кешегі сақилардың сарқыты екенін дәлелдеп, жезқазғандық 90 ардагерге «Орталықтың» 90 данасын жаздырып бергені туралы сүйіншілі жазба жариялады Facebook парақшасында. Бұл – Бекеңнің «Тоқсан жыл топта толғаған» абыз басылымның 90 жылдық мерейтойына жасаған тартуы! Жемін шашып жейтін сұңқар болмысты азаматтың тойға шашқан шашуы!

Бекзат Қомарұлы – бір басылымның ғана емес, ұлттық руханияттың жанашыры. Жетімді желеп, жесірді жебеп, ақынды демеп, жақынды жарылқап жүргенін жақсы білеміз. Солай болуы да – заңды. Өйткені, Бекең бюджеттің бір тиынысыз-ақ «Қазақ» газетін шығарып, ұлтты оятқан Алаш көсемі Әлихандардың ізбасары. Алаш арыстары туған қасиетті мекенде Бекзаттың да кіндік қаны тамған. Шатыршаның етегінде рухқа құндақталып, тазалықты Тоқырауыннан дарытқан дархан жүрек иесі – ол!

«Жанам деген жүрекке от беріп», «Болам деген баланың белін буып», ұлттық рухтың жоқшысы болып жүрген мерейлі меценаттың «Орталыққа» да сан мәрте шарапаты тиген. Бұл жолы да жомарт жүрек иесі жорғасынан жаңылмай, Арқа атырабының бас басылымына жоралғысын жасады.

Иә, қазір әлеуметтік желімен әлек болған аудиторияда «Газет оқылмайды» деген біржақты пікір қалыптасып алған. «Ұлттық рух – ұлт баспасөзінде!» деп, қазақтың қалталы азаматтарын қазақ басылымына жанашырлық жасауға шақырған Нұргүл ханымның бастамасына қолдау танытқан Бекзат мырзаның Бәрекелді! Ерсін МҰСАБЕК, «Айналайын, қарындасым! Ұлтын сүйген жүрегіңнен айналайын!» деп тебіренуі – біз үшін әлгі пікірлерден әлдеқайда асқақ!

Қазірдің өзінде осы Бекзат пен Нұргүлдің найзағай намысы болып 180 шаңырақтың төріне озған «Орталық» ұлттық құндылығымыздың олқы тұстарын толтырып тұрған жоқ па?! Тек Қарағанды өңіріне ғана емес, бүкіл қазақ еліне Жомарттығымен танылып, Атымтайлығымен ат оздырған Бекзат Қомарұлының қайырымдылығымен қанаттанған талай руханият өкілі қуанып отыр бүгін. Өйткені, олар да – «Орталықтың» оқырманы, «Орталықтың» жанашыры! Жаһандану жағамыздан алып, жат өркениет өрекпіп тұрған сындарлы сәтте Бекзат сынды рух қызғыш құстарының айбары керек Алаш жұртына!

Осындай ақ пейілді ұлдары бар қазақ ешқашан төрден ығысып, ұлт баспасөзі оқырмансыз қалмайды. Ұлт ұпайын түгендеу үшін адал жүрек керек! Ондай жүрек Бекзат пен Нұргүлдің кеудесінде бүлкілдеп тұр! Қатарлары көбейер, бәлкім… Алаш рухының алтын бесігі Арқада құлқынның құлы болмай, ұлтының ұлы болған азаматтар көп қой.

Бекзат Қомарұлына «Орталықтың» ормандай оқырмандары атынан алғыс жаудырып, ісінің берекелі болуын тіледік!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button