Бейжің - 2022

Бейжің жайлы бес дерек

Бейжіңдегі ақ Олимпиаданың басталуына санаулы күндер қалды. Төрткүл дүние төбе көрсетер төртжылдықтың ең ірі спорттық сайысы 24-ші рет өтеді. Осы жарысқа әр берер бес дерекке тоқтала кетсек…

Қытай қысқы мен жазғы Олимпиада ойындарын өткізген алғашқы мемлекет. Елде осыған байланысты жазғы Олимпиада өткен нысандар жаңадан жабдықталып, қысқы ойындар өтетін алаңға айналмақ. Мәселен, Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаты «Құс ұясы» атымен танылған Бейжіңнің ұлттық стадионында өтеді.

Тағы бір атап өтерлігі олимпиадалық бағдарламаға гендерлік теңдік те еніп үлгеріпті. 2022 жылғы қысқы ойындарға жеті жаңа жарыс түрі қосылғаны баршаға аян. Атап айтар болсақ, шорттректен аралас эстафета, шаңғы акробатикасынан, шаңғымен тұғырдан секіруден және сноуборд-кросстан аралас командалық турнир, фристайлдан ерлер мен әйелдер арасындағы бигэйр, сондай-ақ, монобобтан әйелдер арасындағы бәсеке. Сайыстың өзі де осыған орайластырылған. Сондай-ақ, биылғы қатысушылар арасында әйелдер саны 2018 жылғымен салыстырғанда 48 пайызға ұлғайған.

Бейжің Олимпиадасының жарыс күнтізбесіне тоқталайық. Ойынның ашылу салтанаты 4 ақпан күні, жабылуы 16 ақпанда өтеді. Бәсекелер ресми түрде ашылу салтанатынан екі күн бұрын басталып кететіндігі тағы бар. Сонымен қатар, сайыстың барлық түрі 20 ақпанда аяқталады. Ал, сайыстың соңғы күні бобслей, керлинг, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау мен хоккей сынды спорт түрлерімен қорытындыланады.

Сонымен қатар, Қытайда қысқы Олимпиадаға арналып салынған 12 спорттық нысанның барлығы да аяқталды. Үш олимпиадалық ауыл, басты медиа-орталық, ұлттық стадион және өзге де нысандар қолданысқа берілді. Осылайша, Олимпиаданың басталуына санаулы күндер қалғанда Бейжің қаласы қысқы ойындарды өткізуге толық дайын.

Атлеттердің өміріндегі ең есте қаларлық сәттердің бірі – марапаттау рәсімі. Бейжің Олимпиадасын ұйымдастырушылар бұл сәттің керемет өтуіне бар жағдай жасап отыр. Қаңтар айының басында марапаттау рәсімінің атрибуттары таныстырылған. Таныстырылым аясында көпшілікке гүлдер, тұғыр мен марапаттаушылардың киімдері көрсетілді. Айта кетелік, Олимпиада жеңімпаздары гүлден бөлек арнайы тапсырыспен дайындалған ойынның бойтұмарын да сыйға алады.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button