Бас тақырып

Бейқамдықтың белгісі, салғырттықтың салдары

Былтыр – Қостанай, биыл – Абай. Бейқамдық тағы да берекені алып, салғырттық сан соқтырды. 14 отбасы қара жамылып, қайғыдан қан жұтты. Өткен жылғы оқиға сабақ болмай, өзін алдады ма, әлде өзгеге көз қылды ма, елімізде сол кездің өзінде жиілеп кеткен өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің экс-басшысы Юрий Ильин өткен жылы отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдегенде, сыннан қорытынды шыққан болар деп ойлаған едік. Тіпті, экологияға да, экономикаға да орасан соққы болған алапат өрттен кейін-ақ, министрлік тілсіз жауға қарсы шығар бес қаруын сайлап, кез келген жағдайға сақадай сай отырар деген жақсы ойдың да жылт еткені жасырын емес. Бірақ, былтырғы былтырғы ма, Абай облысындағы өрт халықаралық экологиялық Greenpeace ұйымының мәліметінше, әлемдегі ең ірі өрт ошағы ретінде тіркеліп, 60 мың гектардан астам аумақты қамтыды. Тағы да сол салғырттық. Өртке қарсы арнайы киімі мен көлігі де жоқ орманшылар тілсіз жаумен жалаң қол арпалысып, өліммен бетпе-бет келгенде, жергілікті жердегі құзырлы орган өкілдері жағдайды біле тұра оқиға орнына кеш келген.

Абай облысына келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікті де, басқа да тиісті органдарды да сынға алып, апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасалғанын айтты.

– Шұғыл шаралар қабылдап, өртті сол жерде өшіруі, кем дегенде оқшаулауы керек еді. Оны істемеген. Жағдайға салғырт қарап, біліктілік танытпады. Барлығы жазаланады, – деді.

Ел аман жұрт тынышта бақилық болған 14 жанның отбасымен кездескен Қасым-Жомарт Кемелұлы жағдайдың өзіне толық мәлім екенін де айтты.

Көз жасына ерік берген қайтыс болған өрт сөндірушінің жұбайы жолдасының қызмет кезінде орманға жеке көлігімен барғанын жеткізді Президентке. Тіпті, 100 000 теңге жалақы үшін өмірлерін қиғандардың қалай жұмыс жасағандарын да дәл осы орман өрті көрсетті. Тиісті киімі, хабарласатын рациясы да жоқ, бола қалған күнде де қуаты жоқ құралдармен жұмыс істегендердің, әлбетте, алапат өртке қарсы тұра алмасы анық еді.

«Семей орманындағы» өрт осылайша талай дүниенің бетін ашты. Ал, Мемлекет басшысы келеді дегенде, бюджет ақша бөлмеді деген сылтаумен өмірі асфальт көрмеген ауыл көшесіне жол саламыз деп, алашапқын болуының өзі мәселенің мәнісін көрсетіп тұрғандай.

Қазір Абай облысында өрт сөндіру үш бағытта, атап айтқанда, оңтүстік, батыс және шығыс жиектері бойынша жалғасуда деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі. Бірақ, ауа райының өзгеруіне байланысты орман өртін сөндіруге 1,5 мың адам және 300 техника жұмылдырылса да, өрт оңтүстікке қарай таралуда. Бұдан басқа, өрт майданын аэровизуалды тексеруді және өрт ошақтарына су бүркуді жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылған. Өрт басталғалы 621 рет 1900 тонна су шашылған. Бірақ, соған қарамастан минутына 18 метр жылдамдықпен соққан жел де тілсіз жауды ауыздықтауға мүмкіндік бермей тұрғанын жазды аталған ведомостваның баспасөз қызметі.

Оқиға орнына Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүйлейменова да келді. Себебі, әуелде өрт шыққан «Семей орманы» табиғи резерваты – дәл осы министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарамағында.

Президент Юрий Ильинді отставкаға жіберді, Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаевтың жұмысына көңілі толмағанын айтып, міндеттерін тиісті түрде орындамағаны үшін сөгіс жариялады. Бірақ, бұл болары болып, бояуы сіңіп кеткеннен кейін 60 000 гектар жерді лезде қалыпқа келтіріп, жақындарынан айырылғандардың көңіліне жұбаныш болмасы анық.

Дегенмен, Президент уәде берді. Абай облысындағы өрт елімізде әлі күнге дейін күрмеуі шешілмеген талай дүниенің, жұмысына салғырт құзырлы орган басшыларының бар екенін көрсетті. Барлығына топырақ шашқан емес. Бірақ, барды бар деп айтқан да жөн. Сонымен бірге, өртке тосқауыл боламын деп, жанқиярлыққа баратындардың да, азын-аулақ жалақыға қарамастан, өліммен бетпе-бет келуге тайсалмайтындардың да бар екенін көрсетті.

Өрт фактісі бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғады. 9 маусымда сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

… «Семей орманы» бұдан былай сабақ бола ма, жоқ па?! Ол жағы тағы беймәлім. Әзірге қолдан келері – өрттің толастап, адам шығынының болмағанын тілеу ғана…

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button