АймақАқтоғай

Беғазыдағы берекелі шаруашылық

Атадан қалған шаруашылықты шашау шығармай, әрі қарай дөңгелетіп отырған Азамат Ғазизұлы өрісін төрт түлікке толтыр­ған. «Жанқұтты» атты шаруашылығында отар қойы, табын сиыры мен үйір-үйір жылқысы бар.

Суретті түсірген автор

Бертінге дейін Үкіметтің көмегіне жүгінбей, таза маңдай терімен Қоңыртаудың өрісін төрт түлікке толтырған. Мемлекеттің малға беретін субсидиясын кейіннен ғана алған фермер енді шаруашылығына жаңа техника алуды жоспарлап отыр.

– Субсидияны кейіннен ғана алып жүрмін. Дизель отынымыз­ды, жем-шөбімізді ақтап тұр. Енді, «КамАЗ», трактор алсам деген ойым бар. Техника деген шаруашылықтың күші ғой. Осы уақытқа дейін ескі техниканың арқасында аман-есен шөбімізді түсіріп отырдық ғой. Жаңалап алсақ жақсы болар еді, – дейді фермер.

Шаруашылық иесі жақында тағы бір қыстақ алып, малының денін сонда ұстап отыр. Қазіргі қонысынан төрт шақырым жерде. Өйткені, өз қыстағынан 4-5 жерден құдық қазған екен, су шықпапты. Терең жерінен шыққанымен көпке бармай көзі таусылады. Ал мал суға семіреді.

Азаматтың негізгі көмекшісі – Қанағат бауыры. Ағайындылар екеулеп, еңбек етуде. Онымен қоса, Беғазы ауылындағы төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Сиырын отбасылы жандарға сеніп тапсырған. Олар – жаңа қыс­тағында. Орақ науқаны кезінде тағы бір жұмыскердің күшіне жүгінеді. Мал азығы демекші, кейінгі екі-үш жылда өз жерін шабуды қойған.

– Құрғақшылық біздің де жерді айналып өтпеді. Өзі шабындығымыз шамалы еді. Мүлдем шөп шықпай қалды десек те болады. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп, Қызыларайдың орман шаруашылығына тиесілі жерді шауып алып отырмыз. Келісімшарт жасасып, қаражатын төлеп. Бұл да болса, үлкен көмек, – дейді шаруа иесі.

Майөзек, Сымтас аталатын жайылымдық жерлері – шұрайлы. Малы наурызда далаға шыққаннан бастап, қар түскенше осы өрісінде. Бұл жақтың қысы қолайлы. Мал қаңтардың ортасына дейін далада жайылады. Қар қалың түсе қоймайды. Мұнысы да құрғақшылық бүйірден қысқан уақытта көмек болып отыр.

Бұл шаруашылықта мал бордақылау жұмысы да жолға қойылған. Ірі қара малын жемге қойып, семіртіп, саудалап отыр. Балқашқа, Қарағандыға.

– Әкем механизатор болған. Кейіннен мал бағып, бізге өсіріп берді. Ол кісінің еңбегі ерен. Бізді де еңбекке ерте үйретті. Біз де әкенің өнегесін бойға сіңіріп, қал-қуатымыз жеткенше, еңбектеніп жатырмыз. Малымыздың амандығы – жанымыздың амандығы. Осыдан екі-үш жыл бұрын 10-15 бас жылқымыз жоғалатын еді. Қазір тәубе, ұрылар айылын жиды. Оған да тәубе, – дейді А.Ғазизұлы.

Азаматтың есімін Арқа жұрты жақсы біледі. Азаматтығымен, мәрттігімен һәм ұлттық спорттың ұпайын түгендеп жүрген жанашыр ретінде. Бертінге дейін ат үстінде жүріп, көкпар тартты. Бәйге жаратып, додаға қосты. Тазы жүгіртіп, аң қағады.

Барын басып емес, шашып жейтін Атымтай Жомарт ретінде елі де аса құрметтейді. Қыстағы Беғазы ауылынан 15 шақырым жерде. Беғазы-Дәндібай ескерткішін көруге келген туристер осы шаңыраққа ат шалдырады. Өзі аттан, қазаны оттан түспейді.

Жомарт фермер жолынан жығылмайды. Қайырымдылық жасауға үнемі ниетті. Ұлттық спорт ойындарына тұрақты демеу­ші. Бергені ырысын азайтпайды, берекесін арттырады. Азаматтың өзі осылай дейді. Беғазының өрісін малға толтырып отырған «Жанқұтты» шаруашылығының тіршілігі осындай.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button