Бас тақырып

Бауырын жазып жүйріктер…

Індет салдарынан іркіліп тұрған жағдайымыз көп. Сәуір туа тай жарыстырып, мамыр туа аламанға төсін керетін қайран дала дүбір күтіп жатыр. Десек те, Қарағанды облысы ұлттық спорт ойындарының ұнжырғасын түсірген жоқ. Сенбі күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күніне орай Қарағандыда өткен аламан бәйге – соның дәлелі. Шынымен-ақ, облыстағы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы осы саладағы жұмысқа серпін беріп, істі жандандыра бастағаны көңіл қуантады. Жуырда ғана республикалық көкпар додасында Қарағанды командасы екінші орын иеленіп, жанкүйерлерін шексіз қуанышқа бөлеген-ді. Енді міне, облыс әкімдігінің қолдауымен, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының демеушілігімен Алаш жұртына сауын айтып, Арқа төсін аламан алаңына айналдырды.

Жалпы, төрт кезеңге жүйеленген турнирге Қазақстанның түпкір-түпкірінен 200-ден астам тұлпар бақ сынады.

Бұған дейін Қарағанды атшабары жоқ жалғыз қала болып келген. оның да ретін тапты іс басындағы азаматтар. Иә, ипподромның қадасы қағылғанына да көп бола қойған жоқ. Облыс басшылығы мен ұлттық спорт түрлерінің облыстық қауымдастығы болашақ атшабар алаңына алдын ала аламан өткізуді ұйғарыпты. Мұны біз жақсы ырымға баладық. Әлден ауыз толтырып айтарлықтай аламан өткелі жатыр, ертең әлемдік деңгейдегі додадалардың байрағы желбірейді деген ниетпен. Арқа жұрты да тұлпар дүбірін шынымен сағынған екен.

Сонымен, көптен күткен аламанның ашылу салтанатында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Нұрсерік Шәріпов облыстық турнирдің ашылуымен құттықтады жиылған жұртты.

–Біз ұлттық спорт түрлерін жаңа кезеңге көтерудеміз. Көтердік деп те батыл айтуға болады. Ипподром құрылысы, жаңадан құрылған облыстық көкпар клубы, оның жұмысы және бүгінгі бәйге – биылғы атқарған жұмыстарымыздың үлкен көрсеткіштері. Әсіресе, ат спорты қайта түлеуде. Осы орайда, бізге қолдау көрсетіп отырған облыс басшылығына және Арқа атбегілеріне айтар алғыс шексіз. Тұлпарларыңыз топ жарып, бәйгенің алдынан көрінсін деген тілек айтамын, – деді Нұрсерік Кәрімұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы да атсүйер қауымды көптен күткен дүбірлі додамен құттықтады.

–Бүгін – біздің Арқада дүбірлі дода. Тәуелсіздік тойы мен Елорда күніне орай ұйымдастырылған бәйгемен баршаңызды облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мырзаның атынан құттықтаймын. Ұлттық спортымыздың тамырына қан жүгіріп, біршама жұмыстар атқарылуда. Міне, ипподром орнындағы бүгінгі дүбір – сөзіміздің дәлелі. Алыс-жақыннан келіп, ат қосып жатқан азаматтарға алғыс айтамын. Сәйгүліктеріңізге сәттілік тілеймін, – деді Абзал Нүкенұлы.

Аламан бәйгедегі (25 шақырым) бас жүлде – автокөлік. Алматылық Секенай Бөбекбайдың «Мамайқарасы» шашасына шаң жұқтырмай, көмбені шаңға көмді. Сөйтіп, тұлпардың бағына байланған темір тұлпар Алатау асты. Ат иесінің айтуынша, бұл аламан – төртінші көктемнің көгін басқан «Мамайқараның» алғашқы жарысы. Оны күзден бері жаратыпты. Шабандозы – 12 жастағы Байхал Асанқұлов.

– Мен «Мамайқарамен» алғаш рет додада бақ сынап тұрмын. Атты сезіне білу керек, жарыс кезінде оның күшін сақтау қажет. Алдыңғы айналымда тізгінді іркіп отырдым, кейін қарсыластарымды қуып жетіп, қарқынды үдете түстім. Бұл – бәйгенің әдісі. Бүгінгі ұтыс – кейінгі үш жылдағы жеңіп алған бесінші көлігім. Болашақта Секенай ағам сияқты ат жаратып, тұлпар ұстап, аламанға ат қосқым келеді, – дейді жас шабандоз Байхал.

Топ бәйгеде (15 шақырым) топ жарған – Қарағандының «Ботагөз» тұлпары. Иесі – Нұрлыбек Мұхамедияров. Қанжығасына 1 миллион теңге байлады.

Құнан жарыста Жамбылдан келген «Құралай» қара үзді. Ат иесі Мұрат Өсербаев мотоцикл тізгіндеді. Ал, тай жарыста қарағандылықтардың қарагерлері қара үзді. Нұрадан келген «Нұрқасқа» мәреден алғаш өтсе, Жаңаарқадан келген «Ақбота» тұлпары екінші, «Аққоян» сәйгүлігі үшінші боп келді. «Нұрқасқаның» иесі Нұрлан Қасымовқа мотоцикл кілті табысталды. Қалған жүлдегерлерге де қомақты сыйлықтар бұйырды.

– Сәйгүліктеріміз де, өзіміз де дүбірді сағынып қалыппыз. Бүгін бір той болды десек болады. Сәйгүліктеріміз серпіліп қалды. Біз де тақым қысып, тамаша күйдеміз. Мынадай қысылтаяң бізге ғана емес, аттарымызға да шектеу болды ғой. Бір бауырын жазып, дүбірге қосылды. Шынымен де, Арқада көптен бері өтпеген бәйге болды. Ат спорты өркендей берсін! Себебі, ұлтымыздың игілігі ғой жылқы деген. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс білдіреміз, – деді «Ботагөз» тұлпардың иесі Нұрлыбек Мұхамедияров.

Иә, қырға қиқу оралып, сайын даланың сәні болған сәйгүліктер бауыр жазып, бір көсілді. Ат дүбірімен делебесі қозған жанкүйерлердің аптығы басылар емес. Ұйымдастырушыларға деген алғыстарында да шек жоқ екенін сезіндік.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button