Жаңалықтар

Батыр тұлғалы, ақын жүректі

Ауылым Сарысудың жағасында,
Біз жүрміз үкіметтің панасында.
Кір жуып, кіндік кескен, қайран елім,
Уақытша аман болып қаласың да…
Бұл – Тілеуберген Мауқұловтың майдан даласынан жазған алғашқы хатының түйіні. Ақын аты қалмаған қазақтың қалам сілтесі қайран қалдырады. Төрт аяғын тең басып тұр шумақ өлең. Соған қарағанда, көкірегі ояу жан. Иә, Тілеуберген ақсақалдың соғыстан өзге де ерліктері жетерлік…
Біздің ауылда Тілеуберген ардагер туралы аңыз әңгіме көп. Былайғы жұрт Өспен деп танитын Нілді ауылында. Солардың ішінен құлақта қалғаны – ұрыс даласынан ең алғаш жазған хатындағы осы өлең. Кісінің зоры еді дейтін көргендер. Батыр тұлғалы, ақын жүректі баяғы қазақ-ау, шамасы. Біз көрмеген қазақ… Әңгімешіл ақсақал, тілеуқор қарты бар қазақты айтам.
Бұл кісі 1910 жылы қазіргі Шет ауданы, бұрынғы Жаңаарқаға қарасты Ортау ауылында туған. Сәкен түлеген атақты Ортауыңыз – осы. 1937 жылдары Райиспалкомда жүргізуші (шофер) болып істеген. Алаш арыстарын қудалап ұстап, абақтыға қамай бастаған тұс қой. Сәкен Сейфуллинді «халық жауы» деп тұтқындағанда, онымен пікірлес, бірге оқығанын көлденең тартып, Нілдіден (Өспен) оқыған, көзі ашық Қамажан Омаровты қоса ұстаған. Басында ол кісіні аз ұстап қоя береді де, кейін 1937 жылы қайта тұтқындамақ екен. Оны Қамекең білмейді. Көлік тізгініндегі Тілеуберген атамыз астыртын естіп қалса керек, Қамажанға «сізді ұстайды, қашыңыз!» деп, пойызға – паравозға мінгізіп жіберген. Қамекең сол кеткеннен Сталин өлгенше бой тасалап, қашып жүрген. Келген соң, Майнұр апаға үйленіп, ұрпақ өрбітіпті. Қосағы Майнұр апаға айтып кеткен екен: «Тілеу¬бергенге бір су беру керек еді. Мен соның арқасында тірі қалдым ғой. Әйтпесе, Сәкендермен бірге атылып немесе айдалып кететін едім» деп. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған ол кезде мұндай әңгімені сыртқа шығаруға болмайды. Майнұр апа бұл оқиғаны Тілеуберген ардагердің бәйбішесі Балшекер шешемізге бертініректе айтқан. Тілеуберген атаның әкелерін аман алып қалғанын Қамажан ақсақалдың Нәбилә Омаров сынды балалары да білетін көрінеді.
Тілеуберген ата соғысқа 1941 жылы ағасы Дәулетбекпен бірге аттанған. Бірақ, ағасы соғыстан қайтпай қалған. Күні бүгінге дейін дерегі жоқ деседі. Ал, Тілекең соғысты аяқтап, тіпті, қираған қалаларды қайта қалпына келтіруге қатысып, 1946 жылы бір-ақ оралған елге. Білімі 3-ақ сыныптық. Солай бола тұра, кабинасы үйеңкі ағаштан қапталған алғашқы машиналарды тізгіндеген. Соғыста да автополкта болыпты. Сарбаздарға тамақ, керек-жарақ оқ-дәрі апарады. Жаралы жауынгерлерді госпитальға жеткізеді. Айтқанға ғана оңай ғой. Сөйтіп жүріп ауыр жараланған. Бомбаның, әлде, снарядтың жарықшағы (осколок) қалыпты аяғында. Содан контузия алған да, айықпас дертке ұшыраған. Күзде, көктемде ауырады екен. Әлгі жарықшақ қоя ма? Госпитальда жатқан анықтамалық қағазы, медальдары, тіпті, ұрыс даласынан өзі алып қайтқан немісше жазуы бар күлсалғышы – бәрі ауылдағы (Нілді) баласы Қонай әкеміздің қолында. Майданнан алып қайтқаны – ерліктеріне берілген куәліктер, денесіндегі жарықшақ қана. Есесіне, ағасын беріп, денсаулығын жоғалтып қайтты. Соғыс деген – осы…
Келіп, отбасын құрып, ұрпақ өсіріп, елге еңбек еткен. Көп ашылып әңгіме айта бермейтін мейлінше тұйық ардагер «ұрыста жау әскері әуелі командирді атып өлтіруге тырысады. Оққа ұшқан талай командирлерді тасыдым» депті бір сөзінде. Соғыстан соң Өспен мыс кенішінде жүргізуші қызметін атқарыпты. 1964 жылы Қаныш Сәтбаев қайтыс болғанда, «е-е, енді кеніш жабылады» дегенін жары Балшекер айтып отырады екен. 1980 жылы дүние салған ардагер «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жеңістің 20 жылдығы», «50 жылдығы», тағы басқа медальдармен марапатталған.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button