Жаңалықтар

Басты құндылық – тәуелсіздік пен ел бірлігі

Аса білікті саясаткер, ірі бітімдегі мемлекет және қоғам қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы Жолдауын Қазақстан қоғамы үлкен ықылас, зор үмітпен күткені аян.

Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысының 5-сессиясында Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жариялады. Президент еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен ірі жетістіктерін баяндай отырып, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуындағы ерекше әрі тарихи роліне сипаттама берді. Елбасының басшылығымен бүгінгі таңда Қазақстан әлем өркениетінде өзінің береке-бірлігімен, татулығымен, ынтымағымен, дара даму жолымен танымал болды және жер-жаһандағы беделді мемлекетке айналды.

Жолдаудың негізгі өзегі – елдің ішкі және сыртқы саяси хал-ахуалынан туындайтын маңызды мәселелерін реттеумен қатар, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі өркендеуін қамтамасыз ету, барша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Халқымыздың әлеуметтік тұрғыда өсіп-өркендеуінің негізі – экономикалық тұрғыда қарқынды түрде алға басу екендігі хақ.

Жолдауда зейнетақы қорын пайдалану мәселесі, мұғалімдер жалақысының өсуі, ауылды дамыту мен өркендету, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді шешу талаптары өзекті орын алғаны мәлім.

Президент «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды, оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ, жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз» деп айрықша атап өтті.

Мемлекет басшысы алдымыздағы Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары, ең басты мерекеміз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты атқарылатын іс-шараларға, экономиканың маңызды саласы – туризмге тоқтала отырып, осы орайда еліміздің тарихы мен дәстүрлі мәдениетіне әлем назарын аударуда Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтудің ерекшеліктерін айқындады.

2019 жылдың 3 қыркүйегінде Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыру шаралары қарастырылып, Жолдаудың басты бес бағытын орындау жолындағы Жалпыұлттық жоспар анықталды.

Қазақстандағы іргелі оқу орны, білім мен ғылымның дамуында өзіндік ерекше орны бар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ұжымы да Жолдауды іске асыру бағытында маңызды іс-шаралар атқаруда.

Экономиканы дамыту мен әлеуметтік мәселелерді шешу жолындағы өзектілік – ел болашағы саналатын жастарға сапалы білім бере отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу, ал ғылыми тұрғыдан даму – алдағы тұрған басты міндеттер болып табылады. Осы орайда, Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау және түсіндіруге қатысты университетте құрылған үгіт-насихат тобы да өз жұмысын жүйелі жүргізуде.

Бүгінгі таңда баршамыздың алдымызда үлкен міндеттермен қатар, зор жауапкершіліктер тұрғандығы мәлім. Еліміздің басты құндылығы қасиетті Қазақстанның Тәуелсіздігі, басты байлығы – халқымыздың ынтымақтастығы мен бірлігі!

Салават КЕНТБЕК,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың доценті.

Басқа материалдар

Back to top button