Бас тақырып

Баспана бағдарламасының шарапаты

Кенді аймақтың кеншілері мен металлургтерін жан-жақты қолдау аса маңызды. Осы орайда, Қарағанды облысының әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп, шахтерлер мен металлургтер отбасыларына үстемесі жеңілдетілген ипотека беруді сәтті жалғастыруда. Игі бастамаға «Шұбаркөл Көмір» көмір өндіруші компаниясы қосылып, өз қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті.

кеншілері мен металлургтер

Байыпты бағдарламаны іске асыру үшін облыстық бюджеттен 400 млн. теңге бөлінген. Тағы 300 млн. теңгені «Отбасы банк» және 400 млн. теңгені Еуразиялық Топ (ERG – Eurasian Resources Group) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялайды. Анықтап кетейік, Еуразиялық Топ тарихы 1994 жылы компания акционерлері ел аумағында алғашқы активтерін сатып алған тұстан бастау алды. Содан бері ERG пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеу саласындағы әртараптандырылған жетекші компанияға айналған.

Тұрғын үй сертификаттарын болашақ қоныстанушыларға тапсыру рәсімі Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың, «Отбасы Банк» Басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимованың және ERG Директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимовтың қатысуымен өтті.

– ERG, оның ішінде «Шұбаркөл көмір» – тұрғындарымыздың әлеуметтік ахуалына бағдарланған компания, – деп атап өтті өңір басшысы. – Ынтымақтастық ашықтығы үшін «Отбасы банкіне» де алғыс айтамыз. Әкімдік тарапынан біз ұдайы осындай пайдалы бағдарламаларды тұрақты қолдайтын боламыз. Тұрғын үй – ең өзекті әрі ең маңызды тақырып. Бұл бастама тұрғындарымыз үшін зор қуаныш болды. Баспана таңдаушыларға алдымен асықпауға кеңес беремін, бүгінде пәтерлердің таңдауы кең. Бастапқы нарық бағамы да қолжетімді бола түсуде. Биылдың өзінде 800 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй қатары салынуда.

– Бұл бағдарламаның басты артықшылығы – бастапқы жарнасы 10%-ды құраса, жылдық төлем мөлшерлемесі –5%. Әлбетте, өз өмірін өндіріспен байланыстыратын жас мамандар үшін өте қолайлы жағдай, – деді Ләззат Ибрагимова. – Олардың әлеуметтік тұрақтылыққа, ертеңгі күнге деген нық сенімге ие болуы маңызды. Біз ERG-мен бірінші жыл жұмыс істеп отырған жоқпыз, осындай ынтымақтастықтың нәтижесі – жүздеген кеншілердің қуанышына айналуда.

Еуразиялық Топ басқа өңірлерде де осындай тұрғын үй бағдарламасын қолдайды. Шухрат Ибрагимовтың айтуынша, екі жылға жуық уақыт аралығында компания жұмыскерлеріне 600 пәтер кілті табысталған.

– Сертификаттарды тапсыру кәсіби мереке – Металлург күніне тұспа-тұс өтетіні қуантады. Акционерлер мен компания басшылығының атынан кәсіпорынды дамыту үшін жасаған барлық жұмыстарыңыз үшін ақжарма алғысымды жеткізгім келеді. Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін, – деп Шухрат Ибрагимов кәсіби мерекемен және алдағы қоныс тойымен құттықтады.

Бағдарлама небәрі 5 жылға есептелген. Пәтерді Қарағандының бастапқы немесе қайталама нарығында сатып алуға болады. Несиенің ең жоғарғы сомасы – 20 млн. теңге шамасында.

Тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлердің тізімін «Шұбаркөл Көмір» акционерлік қоғамы әзірлейді. Жыл соңына дейін кәсіпорынның 60-қа жуық қызметкері жеңілдетілген ипотеканы пайдалана алады.

Инженер-технолог Нұрсұлтан Бадан кәсіпорында 6 жылға жуық жұмыс істейді. Оған дейін Қарағайлы ауылында ата-анасымен бірге тұрып келген, бірақ өзі баспаналы болуды көптен армандағанын жасырмады.

– Қарағанды техникалық университетін тәмамдап, бірден «Шұбаркөл көмір» компаниясына жұмысқа тұрдым. Бұл жерден мен жарқын болашақ пен әлеуметтік лифт арқылы мансап құру мүмкіндігінің бар екеніне көз жеткіздім. Әрі тұрғын үй сертификаттары берілетінін біліп, демде қатысуға шешім қабылдадым. Қуанышыма орай, тапсырған өтінішім мақұлданыпты. Енді мен екі бөлмелі пәтер сатып ала аламын. Отбасыма қолайлы жерді де қарастырып қойдық, – деп ағынан жарылды 28 жасар Нұрсұлтан.

Ал, Эльмира Құлметова 15 жасар ұлын жалғыз өзі тәрбиелеуде. «Шұбаркөл көмір» кәсіпорнындағы еңбек өтілі – 22 жыл.

– Мен қазір Орталық қойманың қоймашысы болып жұмыс істеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Соңғы жылдары ата-анаммен бірге тұратын едім. Жеке пәтер сатып алуға мүмкіндік болмады. Осы ыңғайлы бағдарламаны ұйымдастырғандардың барлығына шынайы рахметімді айтамын. Енді ұлым екеуміздің өз баспанамыз болады. Ол кәсіптік-техникалық колледжге түспекші. Баспана – басты мәселе. Бұл – жас кеншілер отбасыларын қолдауға, өндіріс саласын өркендетуге кеніш ошақтарына кәнігі мамандарды тартуға ықпал ететін өте оңтайлы бағдарлама. Тұрмыстық жағдайды жақсарту арқылы өңірлердегі әлеуметтік шиеленісті шешуге де таптырмас бастама. Біз өндіріс адамдары ретінде көрсетілген қолдауға өте ризамыз, – дейді Эльмира Құлметова.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында кеншілер мен металлургтер үшін жеңілдетілген ипотека өткен жылы басталған болатын. Былтыр 134 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсарта алды. Биыл кемінде 75 отбасы баспаналы болады. Жеңілдетілген ипотеканы Қарағандыдан, сондай-ақ Саран, Абай, Шахтинск және Теміртау сынды серіктес қалалардан алу мүмкіндігі қарастырылуда. Ипотекаға қатысушыларды іріктегеннен кейін құжаттар банкке жолданады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, іріктеу компаниядағы мұқтаж жандарды неғұрлым көбірек қамту үшін жасалып отыр.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button