Жаңаарқа

Барлау батальонының мергені

Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледждің студенттері жыл сайын 9 Мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесу өткізуді дәстүрге айналдырған.

Бүгінде ауданымызда жасы тоқсаннан асқан екі-ақ ардагер қалыпты. Екеуі де аудан орталығы Атасу кентінде тұрады. Олар – Николай Седусов пен Зейнулла Қуанышбеков аталарымыз. Кездесудегі өздері туралы айтқан естеліктерінен Зейнулла атамыздың өмірі талайлы болғанын ұғасың.

Ол 1925 жылдың 1 қаңтарында қазіргі Шет ауданының Қызылтау ауылдық округіне қарасты Берікқара деген жерде туған. 1932 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін анасы Анар Мінәсіпқызы мен қарындасы Ақлиманы нағашысы Қарағандыға, қолына көшіріп алған екен. Сол жылы қарындасы, 1936 жылы анасы дүние салады. Ата-анасынан, бауырынан айрылып тұл жетім қалған Зейнулла атамызды 11 жасында Изат Байшағыров пен Әдеш деген нағашы ағалары Жарық станциясына (С.Сейфуллин) көшіріп алады. Жарық-Жезқазған теміржолы салынып жатқан кез, тұрмыс нашар, шатырдан басқа баспана жоқ. Алматыдан келген Есенбай деген нағашысының Тұқат деген баласы «бұл жерде босқа өліп қаласың» деп оны Жаңаарқадағы жетім балалар үйіне тапсырады. Жеті жылдық мектептің 3 сыныбына бірден қабылданған зерек бала бұл сыныпты жақсы бітіреді. 1937 жылы Ақмоладағы «Тайтөбе» жетім балалар үйіне жіберіліп, 6 сыныпқа көшкенде Изат нағашысы Жаңаарқаға алып қайтады. Немере ағаларының үйінде жатып оқып, 8 сыныпты үздік аяқтайды. Сол жылы Қу-Шалғия топографиялық экспедициясына жұмысқа тұрады. Келесі жылы Қосшоқы экспедициясына жұмысқа түсіп, сырқаттануына байланысты Жаңаарқаға оралады. Жаңаарқада МТС-та істеп, 1 айлық паравоз кочегарын дайындайтын курсты бітіріп, паравозда оттықшы болады.

1943 жылдың 25 қаңтарында әскерге алынды. 1943 жылдың наурыз айының басында Моңғолияда тұрған Солтүстік-Шығыс Байкал майданының 17 Армиясының құрамындағы 36 дивизияның 133-ші ерекше барлау батальонының сапына қосылып, минамёт қаруын меңгерді. Фашистік Германиямен одақтасқан Жапон милитаристері әскері Моңғолия шекарасына үздіксіз шабуыл жасап, қолға түскен адамдарды тұтқындап әкетеді. Олармен болған ұрыстар кейде кескілескен сипат алады, ұрыстарда өзінің минамет атудағы шеберлігімен, мергендігімен ерекше көзге түскен Зейнулла ата дивизияның салтанатты сапы алдында маршал Василевскийдің қолынан КСРО Қорғаныс министрінің «РККА» атты төсбелгісін алған. Бұл құрметті де жоғарғы дәрежелі төсбелгімен сол уақытта дивизияда екі-ақ адам марапатталған екен.

1945 жылы тамыз айында КСРО милитаристік Жапонияға соғыс жариялады. Құрамында Зейнулла ата жауынгерлік қызмет ететін 133-ші ерекше барлау батальоны Моңғолия-Қытай шекарасын күзетуге қалдырылды. Шекара – Ішкі Моңғолиядағы Гималай тауының елсіз шөл жотасы. Әрбір 25 шақырым жерде бір құдық бар, көбінің суы тартылған. Шөл қысқанда, құмды 20 метрге дейін қолмен бұрғылап, шөл қандырған, аштыққа да ұшыраған, шекарадағы жолдастары оққа ұшқан жағдайларды бастан кешірген. Дивизиядағы жалғыз қазақ, аға сержант Зейнулла Қуанышбеков 1945 жылы партия қатарына қабылданды. 1948 жылғы демобилизацияда кіші офицерлер елге қайтарылмай, Зейнулла ата елге тек 1950 жылы, 7 жыл 3 айда аман-есен оралған.

Ол соғыс кезінде көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін кеудесіне «Ұлы Отан соғысы» ордені мен көптеген медальдар тақты. Жаңаарқаға оралған соң аудандық қаржы бөлімінде, аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарды. 1985 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін 30 жыл теміржол торабының күзет бастығы қызметін абыроймен атқарды.

Немерелері мен шөберелерінің қызық-қуанышына бөленген ардагер атамыз биыл 92-ге толады. Алла ардагерлерге ғасырлық ғұмыр қисын.

Қалкен СМАЙЫЛ.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button