Бар жақсылық – балаларға

Жуырда Үштөбе орта мектебінде республикалық «Мектепке жол» акциясы өтіп, ізгілік қажеттіліктерді қанағаттандыруға негізделген ауқымды іс-шара қоғам мен адам арасындағы алтын көпірге арқау болды. Аталмыш акцияны өткізуге мектеп директоры С.АРТЫҚБАЕВА мен ауыл әкімі Е.САРГИЗОВТЫҢ ынталы ниеттен туындаған ынтымақтастығы ықпал етті.

Әр іске жалаң ұранмен емес, жанашырлықпен қарап, қашаннан-ақ «Бар жақсылық – балаларға» деген қанатты қағидамыз бар. Ал, күнделікті тірлігімізде бала тағдыры мен оның қарапайым тәрбиесіне қатысты қолдан келер, бірақ, дер кезінде елеп-ескермегендіктен орын алар «әттеген-айлар» аз кездеспейді. Келеңсіздіктерді болдырмау үшін балаларға үлкендердің қамқорлығы қажет-ақ!

Акцияға қатысушылар ағынан жарыла сөйлеп, қаржылай көмек қолын созып, мектеп оқушыларына талапқа сай формаларын, яғни жейде, сөмке, оқу құралдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасады. Ілкімді іс-шараның мәнісін арттырып, сауапты іске жауапты қалып танытып, демеушілік жасаған жеке кәсіпкерлер қатарында: «Карагандинская хлебная компания» ЖШС атынан М.Ожогина, А.Масель, «К.Маркс атындағы құс фабрикасы» ЖШС атынан В.Семенова, «Тритон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен И.Ткаченко, «Ержан» шаруа қожалығынан А.Әбілдин, «Нұрғожа» шаруа қожалығынан Т.Нұрғожин, «Возрождение ХХI века» ЖШС-нен Е.Сергин, «Любас Казахстан» ЖШС атынан Б.Орманалиева, «Чип и Дэу» серіктестігінен И.Чередниченко, «Қарағанды құс» ЖШС атынан Т.Пак, сондай-ақ, «Абильдина» жеке кәсіпкерлігі, «Катрин» шаштаразы және Үштөбе ауылдық мешіті мен «Аяла» балабақшасының жаны жайсаң, жүрегі жомарт атымтай азаматтары бар.

Бұл істе ұстаздар да белсенділік танытып, қайырымды істің қасиетін жүрек қалауына сыйдырып, мектеп басшысынан бастап, М.Бекжанова, Қ.Жүнісова, Н.Акишина да оқушыларға мектеп жейдесін әперіп, қаржылай көмек қолдарын созды.

Педагог-ар­да­гер­лер Сәуле Мұрат­қызы мен Ысқақ Махмұдұлы да ак­цияның белсенді мү­шелері болып, ба­лаларға базарлық әкеліп, көңілдің кірін өмірдің нұрымен шайды.

Ұлт болашағы білімді ұрпақтың қо­лында екенін ескерсек, теңізге тамызған тамшыдай бұл әре­кеттердің егеменді еліміздің ертеңі үш­ін орасан зор қа­дам екенін естен шығармайық.

Қ.ҚАПАШЕВА, Г.ЖҰМЕКЕНОВА,

директордың тәрбие ісі

жөніндегі орынбасарлары.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.