Балуандар – боз кiлемде
Саран қаласының олимпиада резерві мектебінің балалар-жасөспірімдер арнайы мектебінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дәстүрге айналған грек-рим күресінің ОРБЖМ-нің жүлдесіне турнир өтті.
Биылғы жылы он бес категориялы салмақтағы 1999-2003 жылы туған жасөспірімдер кілемде белдесті. Турнирде он үш командадан құралған 160 спортшы бақ сынасты. Командалар Петропавл, Астана, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және тағы да басқа қала-кенттерден келді. Турнирдің ашылу салтанатына Саран қаласының әкімі А.Шкарупа және өзге де облыстық салалық басқарма, ұйым басшылары қатысты.
Қала әкімі мемлекет тарапынан атқарылып отырған игі істердің арқасында тұрғындардың әл-ауқатының артқандығына, спортшыларға жасалған қамқорлыққа тоқталды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Р.Қожабеков спортшыларға сәттілік тіледі.
Қаламыздағы грек-рим күресінің ОРБЖМ бөлімінің жаттықтырушылары отыз жыл ішінде жоғары деңгейде қала абыройын асқақтатқан талантты толқынды тәрбиелеп шығарды. Мысалы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова спорттағы жеңісті жолын Саран қаласында бастаған.
Екі күнге созылған тартысты бәсекеде үздіктер анықталды. Төрелік еткендер халықаралық категориялы төрешілер. Олар – Е.Жамбырбаева, бас хатшы – аға жаттықтырушы Р.Тілеубеков.
Турнир жеңімпаздары – Руслан Жанов (27 кг, Саран – ОРБЖМ), Ерболат Тлеужан (29 кг, Саран – ОРБЖМ), Чистов Даниил (32 кг, Саран – ОРБЖМ), Владислав Ермаков (35 кг, Саран-ОРБЖМ), Қуат Диас (38 кг, Саран – ОРБЖМ), Қуат Ербұлан (42 кг, Саран – ОРБЖМ), Вотчель Даниил (47 кг, Новодолинка), Абылайхан Теңгібаев (53 кг, «Астана батыры»), Темірлан Сәлімжанов (58 кг, «Астана батыры»), Балапан Диас (59 кг, Петропавл), Андрей Янцен (63 кг, Саран – Дәулет), Пилипенко Денис (66 кг, ОРБЖМ – Жеңіс, Петропавл), Искожин Радион ( 66 кг жоғары,ОРБЖМ – Жеңіс, Петропавл), Тойжан Архат (69 кг, Саран – Дәулет), Ибрагим Магомадов (71 кг, ОРБЖМ).
Төрешілер алқасының шешімімен қала әкімі тағайындаған «Техникасы күшті» аталымы бойынша үздік балуан ретінде «Астана батыры» командасынан спорт шеберіне кандидат Темірлан Сәлімжанов танылды.
Барлық жеңімпаздарға мадақтамалар, медальдар, ақшалай сыйлықтар тарту етілді. Ал, Эльмира Сыздықованың атасы Өмірбек Сыздықов турнир жеңімпазы, ҚР спорт шебері, жастар арасындағы Азия чемпионатының, үлкендер арасындағы Қазақстан чемпионатының жүлдегері, ОРБЖМ тәрбиеленушісі Ибрагим Магомедовке ерекше сый – қой сыйлады.
Саран қаласында грек-рим күресімен шұғылданатын үлкендер де, балалар да аз емес. Жанкүйерлері мен оны құрмет тұтатындар қатары да қалың. Турнирдің демеушілерінің бірі – «СКЭП» ЖШС директоры, Саран қаласы мәслихатының депутаты Ш.Исенов.
Айгүл АСАДОВА.
САРАН қаласы.