Қарағанды

Балабақша кезегі азаяды

   Бірінші маусымнан бастап, Қарағандыдағы жекеменшік балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс сомасы ұлғайды. Қалалық әкімдік 2018 жылдың соңына дейін үш жастан алты жасқа дейінгі барлық балаларды балабақшаға орналастыруды жоспарлап отыр. Осы орайда қала әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ кеншілер шаһарындағы балабақшалардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Қала басшысының айтуынша, қазіргі таңда Қарағандыда мектепке дейінгі мекемелерге 3 жастан – 6 жасқа дейінгі 6200 бала кезекте тұр. Балабақша тапшылығы көбіне Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыста сезіледі. Сондықтан, мемлекеттік бюджет үшін мемлекеттік тапсырысты жаңа балабақша құрылысына жұмсағанша, жекеменшік балабақшаларға бағыттаған дұрыс. Мәселені шешуді қолға алған қала басшылығы мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің ықпалымен балабақша төңірегіндегі мәселені бір жүйеге келтірмек.

Мысалы, 300 орындық жаңа балабақша салу үшін кем дегенде 800 миллион теңге қажет. Ал мыңнан аса баланы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жекеменшік мектепке дейінгі мекемеге орналастыру – 500 миллион теңгеден аса қаржыны талап етеді. Бұл үнемділік шаралары – жекеменшік балабақша басшыларына тиімді әрі ата-аналарға да ыңғайлы. Енді әркім баласы үшін арзан балабақша іздеп әуре болмайды, – дейді қала әкімі Нұрлан Әубәкіров.

Оның айтуынша, биыл мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асқан жобалар өз нәтижесін беруде. Мысалы, өткен жылы 1266 орындық балабақша салынса, биыл 550 орындық және тағы 1050 орындық балабақша салу жоспарлануда. Тұтастай алғанда 4500 орын қамтамасыз етілмек. Ал, жылдың соңында 2000 орынға дейін тапшылық байқалуы мүмкін. Орынға қажеттілікті алдын алу мақсатында келесі жылы 1600 орынға арналған – 12 бизнес жоба жоспарланып отыр.

Алдағы уақытта балабақшалардың санын ұлғайту мақсатында мемлекеттік қолдау нәтижесінде кәсіпкерлер жаңа ережелерге сүйенетін болады. Осы уақытқа дейін көптеген балабақшалар бизнес-орталықтарға айналса, алдағы уақытта кәсіпкерлер қала әкімшілігінің ықпалымен бизнес орталықтар ашудан көрі, көп қаржысын балабақша ашуға жұмылдыратын болады. Осы орайда қала әкімі мектепке дейінгі мекемелер саны аз Пришахтинск елді мекеніне барды. Белгілі болғандай биыл елді мекенде «Одарёшка», «Бота» және «Солнышко» балабақшалары пайдалануға беріледі. Алғашқы екі нысан мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде салынса, біреуі мемлекет қолдауымен жүзеге асады. Жаңа нысандар мыңнан астам бала қабылдайды деп жоспарланған. Жұмыстар қарқынды орындалса, Пришахтинскіде балабақшаға орналастыру кезегі азаймақ.

Бұл нысандардың қайта жанданып жатқаны қуантады. Әкімдікте өтетін әр жиналыста кезінде балабақша болған монша кешендерінің, бизнес орталықтардың нысаналы мақсаттарын өзгерту туралы құжаттарға қол қоямын. Осылайша қызмет көрсету сапасын жақсартып, балабақша кезегін қысқартамыз, – деп атап өтті қала басшысы.

Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда Қарағандыда барлығы 41 мемлекеттік және 32 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. 25 балабақша – 3493 орынға мемлекеттік тапсырыс қабылдайды.

Алдағы уақытта қала басшылығы балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесін толықтай шешіп, бірнеше мектепке дейінгі мекемелер ашпақ. Сондай-ақ, 1 маусымнан бастап мемлекеттік тапсырыс сомасын ұлғайтудың арқасында мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардағы төлемақы құнын теңестіру мүмкіндігі туды. Мемлекет бір бала үшін 26000 теңге төлесе, ата-аналар айырмашылығын, яғни, 11000 теңге ғана төлейтін болды. Сөйтіп, Қарағандыда мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың бағасы бірдей болады. Бұл – мемлекеттік тапсырыс сомасын ұлғайту арқылы жүзеге асып отыр.

Аяулым СОВЕТ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button