Бас тақырып

Балабақша: аманатқа қиянат қайдан?

Баласын балабақшаға аманаттап тапсырғанымен, аманатқа қиянат жасай ма деген күдік әр ата-ана көкейінде тұр. Бұл соңғы кезде балабақшадағы келеңсіз жайттардың жиілеп кетуінен болып отыр.

Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, қорғансыз баланы жәбірлеген тәрбиешілердің іс-әрекетіне қапа боласың. Бауыр етіңді балабақшаның қарауына берудің өзі қорқынышқа айналып барады. Мәселен, күні кеше Қарағандыдағы жекеменшік балабақшада қараусыз қалған бүлдіршіннің табаны күйіп қалыпты…

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында барлық білім беру мекемелерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілетінін айтқан болатын. Оның ішінде балабақшалар да бар. Ата-ана үшін баласы жүрген жерге бейнебақылау орнату көңілге медет болғанымен, қауіп сейілмей тұр.

Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтау стандарттары және оларға қойылатын талаптарды бекіту туралы бұйрық 2019 жылы қабылданған.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, әлі күнге дейін қауіпсіздік талаптарын орындамаған мектепке дейінгі білім беру мекемелері бар. Құжатта дабыл қағу батырмасы, турникет, бейнебақылау камераларын орнату жайында толық жазылған екен.

Облыстың білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде мектепке дейінгі 411 ұйымда (318-і мемлекеттік, 93-і жекеменшік) 44 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Былтыр балаларды балабақшамен қамту 79,5%-ға жеткен. Ал, биылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды балабақшаға орналастыруды 82,6%-ға арттыру жоспарланған.

Өңірде мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырысты алу талаптарын күшейтетін жаңа қағидалар енгізілген.

«Мемлекеттік тапсырыс алған жекеменшік балабақшалар конкурсқа түскенде бейнебақылау камераларының орнатылғаны туралы ақпарат болуы тиіс. Жалпы мемлекеттік және мемлекеттік тапсырыс алған жекеменшік балабақшаларға 100% бейнебақылау камерасы орнатылған», – деп хабарлады облыстың білім басқармасы.

Жоғарыда Қарағандыдағы «Kiddy land» жекеменшік балабақшасында баланың табаны күйіп қалғаны туралы айтып өттік. Бұл ақпан айында болған оқиға.

Тәрбиешілер баланы жуындырмақ болып, оны қараусыз қалдырған. Ыстық судың кранын ашып жібергеннен, баланың қос табаны күйіп қалған. Салдарынан 2-3-ші дәрежелі термиялық күйік шалып, денесінің 4%-ы зақымданыпты. Қазір бұл жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Ал, білім басқармасы бұл мектепке дейінгі мекеменің ведомство балансында еместігін айтқан болатын.

Жуық арада облыстың білім басқармасы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында осы жайтқа байланысты ата-аналарға мектепке дейінгі ұйымдарды таңдағанда мұқият болуды ескертті.

– Бүгінгі таңда облыста өз қызметін рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырып жүрген, яғни, «көлеңкелі балабақшалар» атанған жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істейді. Ата-аналар оларды әлеуметтік желілердегі жарнама арқылы табады және заңды мәртебесіне қызығушылық танытпай, балаларын сол жерге орналастырады. Әрине, бұл – көбінесе мәжбүрлі шара. Өйткені мұндай жерлерде қызметтердің құны төмен. Алайда, жақында Қарағанды қаласының жекеменшік балабақшасында баланың күйіп қалуы – осындай таңдаудың салдарынан болып отыр. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ата-аналарды мектепке дейінгі ұйымды таңдаған кезде өте мұқият болуға шақырамыз! Балаларыңызды сеніп тапсырған мекемені білулеріңіз керек және мәселелер туындаған жағдайда сұраныс заң жүзінде болатынына сенімді болуларыңыз қажет, – делінген жазбада.

Мұндай оқиғаларды тізе берсе, табыла береді. Бұл енді жекеменшік балабақша дерсіз. Ал, күні кеше Балқаш қаласындағы мемлекеттік «Ертөстік» балабақшасында болған оқиға камераға түсіп қалып, видеосы тез тарап кетті. Оны көрген адамның төбе шашы тік тұрып, тәрбиеші атаулыдан жерітеді. Видеодан белгілі, балабақшада балаларды жәбірлеген тәрбиеші бейнебақылауды да елемегені көрініп тұр. Ал, кейбір тұстарда тәрбиеші баланы бейнебақылау жоқ жерге (әжетханаға) апарып, одан баланың жылап шыққанын көруге болады. Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Аталған іс – Балқаш қаласының полиция бөлімі басшылығының бақылауында. Ал, облыстың білім басқармасы «Ертөстік» балабақшасының қызметіне тексеру жүргізілетінін, қызметтік тергеу нәтижелері бойынша кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнама шеңберінде жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.

– Баламды балабақшаға берсем бе деп отырмын. Жасы 3-ке енді толады. Бірақ, әлеуметтік желіден балабақшадағы небір сұмдықтарды көргеннен, жүрек шайлығып қалады екен. Бейнебақылау орнатылғанына қарамастан, тәрбиешілер балаға ойына келгенін істейді. Жас ана болған соң, қорқынышымыз басым, – дейді қала тұрғыны Айнұр Жақсыгелді.

Иә, қауіп деген аяқ астында. Балабақшада баланы қараусыз қалдырғаны я қауіптің қолдан жасалғаны – ата-ана үшін ең сорақы нәрсе. Қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, тәрбиешілердің біліктілігі мен жауапкершілігіне де назар аударған жөн.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button