Жаңалықтар

Бала – түсінікті, шаға – кім?

Сөздік қорымызда сөз арасында қосарланып жазылатын «бала-шаға», «темір-терсек», «қыз-қырқын» және тағы басқа қосарлама қос сөздер бар. Бүгін бала-шаға сөзіндегі шағаға тоқталып көрейік…

Жалпы «қазақтың тілі бай, сөздік қоры мол» деп жатамыз. Бұл – шындық. Дегенмен, кейде қаншама ғасырлардан бері қолданылып келе жатқан сөздердің негізгі мағынасын білмей жатамыз. Ғылыми тұрғыдан дәлелдей алмасақ та, естіген, көкейге түйген деректермен бөліскенді жөн санадық.

Сонымен, шаға – сөзін, бала – сөзінің мағыналас жалғасы деп ұғамыз, алыс емес әйтеуір. Түркімен, Әзербайжан сияқты бауырлас елдер шаға – сөзін, бала – сөзінің орнына да қолдана беретін көрінеді. Ал, бізде міндетті түрде бала-шаға болып қолданылады. «Көне түркі тілінде шаға – сөзі, бала деген мағынаны білдірсе, тіліміздегі шақалақ – сөзі де, шаға сөзінен – шыққан»,   дейді дерек көздері. 

Түркістан қаласы аумағында «Шаға» деген ауыл бар екен. Сол ауылға қатысты ел аузында мынадай аңыз бар.

Бір кездері сол маңда бір хан билік құрыпты. Оның бірнеше әйелі болыпты. Өзі сондай сұңғыла, дәстүрге берік болса керек, бәйбішеден туған балаларын сарайда ұстап, бағып-қағып ер жеткізіпті. Ал, тоқалдарынан  өрбіген ұрпақтарын Шаға ауылында асырапты. Барлығын өзі қадағалап отырған. Өйткені ел басқаруға нағыз лайықты мұрагер тоқалдан да тууы мүмкін ғой… Оның үстіне ұрпақтарын тасбауырлықтан, өзара араздықтан сақтағысы келген болса керек. Содан бастап әлгі ханның бәйбішеден туған сарайда тұратын балалары – бала, ал, тоқалдарынан  өрбіген Шаға ауылында жасайтын ұрпақтары – шаға деп аталып кетіпті. Бұл әрине «әркім өз тегін, өз орнын білсін» деген, патшаның көрегендігі болар. Содан бастап бала – сөзіне, шаға – сөзі қосарлана, бала-шаға болып қолданысқа еніп кеткен екен. Өйткені, бөлек жерде өссе де, түбі бір ғой, яғни, әкесі бір. Ал, халық осыдан бастап, бала – кім, шаға – кім біліп отыратын болыпты. Бұл әрине біздің ақтарып тауып, көкірекке түйгеніміз ғана. Алдияр оқырманның айтар пікірі болса, тыңдауға әзірміз…

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button